Спорт

«Ақтөбенің» алғашқы жеңісі

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Атырау» — 2:0

«Қайрат» ірі есеппен (0:3) ұтылды. «Астана» футболшылары екі пенальтидің біреуін орындап, екіншісін қақпаға дарыта алмады. «Тараз» футболшылары соққан екі гол есепке алынбады. 5-турдың кейбір көрсеткіштері, міне, осындай.

Өз стадионымыз дайын болмауына байланысты қарсыластарымызды тағы да сырт алаңда, Қостанайда қабылдауға мәжбүр болған «Ақтөбе», қалай болғанда да, енді шегінерге жер қалмағанын бек түсінгені анық. Әрине, «Атырау» да даңқы жер жарып тұрған ақтөбелік жанкүйерлердің бұл стадионда көп болмайтындығын білгендіктен еркіндеу әрекет жасауды көздеген шығар.

Расында да, кездесу алма-кезек шабуылдармен басталды. Дегенмен бұған дейінгі ойындарда да мығым қимылдап келген ақтөбеліктердің ісі бірден оңға басты. Ойынның үшінші минутында алаңның  орта тұсынан Жамбыл Көкеев допты қақпа маңайына әуелете тастады. Атыраулық қорғаушылардың бірі шалт қимылдады да, доп кері қайтты, бірақ қиыс кетпей, біздің Милан Радиннің алдына келіп түсті. Милан сол бойда еңірете соққы жасады да, доп атыраулық қорғаушы Ризван Аблитаровқа тиіп, бағытын күрт өзгертті де қақпаға енді де кетті. Қақпашы Владимир Логиновский санын соқты да қалды — 1:0.

Бұдан соң да жерлестеріміз тыным тапқан жоқ. Қарсыластарды үздіксіз мазалап, қауіпті жорықтар жасаумен болды. Атыраулық қорғаушылар мен қақпашы біресе Бағдат Қайыровтың, бірнеше рет Абай Айымбетовтың соққыларын дарытпауға тырысып-ақ бақты. Тайм осылайша аяқталуға жақын қалғанда ақтөбеліктерге бұрыштама доп соғудың сәті түсті. Оны орындауға келген Асланбек Кәкімов допты қақпа алдында қаптап жүрген ойыншылардың ортасына әуелете тастады. Сол сәтте Хрове Милишевич қиыннан қиыстыра жол тауып, допты көз ілеспес жылдамдықпен екінші рет қарсыластар қақпасына сүңгітті де жіберді — 2:0.

Бірінші тайм осы есеппен тұйықталды.

Екінші таймда да ойын барысына көп өзгеріс енген жоқ деуге болады. Ақтөбеліктер шабуылдаудан тынбады. Әрине, атыраулықтар да қарап қалған ештеңесі жоқ, нәтижелі қарымта шабуылдар ұйымдастыруға тырысып-ақ бақты. Бірақ жерлестеріміз мығым ұстанған тізгінінен айырыла қоймады. Ойынның 67-минутында аяғына ілінген доппен қарсыластар қақпасына бөгеліссіз зымырай бет алған Абат Айымбетов қақпашымен бетпе-бет келуге сәл қалған, әттең, айып алаңына енер тұста оны атыраулық қорғаушы Ризван Аблитаров шалып құлатты. Өрескел қимыл жасаған футболшыны төреші Сергей Гороховолацкий еш кідіріссіз дереу жасыл алаңнан қуды. Онсыз да ақтөбеліктерге азу батыра алмаған «Атырау» футболшылары азшылықта қалған соң мардымды ештеңе көрсете алмады.

Осылайша «Ақтөбе» биылғы чемпионаттағы алғашқы жеңісіне, атап айтқан жөн, сенімді жеңісіне қол жеткізді. Әңгіме жеңісте ғана емес, «Ақтөбе» командасының шеберлігі әр кездесу сайын шымырланып келе жатқанын өткен турдан соң да айтқанбыз. Бас бапкер Александр Седнев ұйымдастырған бұл жеңіс сол пікіріміздің нақты дәлелі болды. Жігіттерімізге алда да сәттіліктер тілейміз.

«Ақтөбе»-«Атырау» — 2:0

Гол авторлары: Милан Радин, 3-минут (1:0); Хрвое Милишевич, 45-минут (2:0).

Ескерту қағазын алғандар: С.Марьянович, 21-минут; Ә.Таңжарықов, 78-минут («Ақтөбе») — Ф.Кубик, 2-минут («Атырау»).

67-минутта ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін Ризван Аблитаров («Атырау») жасыл алаңнан қуылды.

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец, Бағдат Қайыров, Милан Радин, Саша Марьянович, Виталий Волков, капитан (Рустам Темірхан, 85-минут), Хрвое Милишевич, Ардақ Сәулет, Әділхан Таңжарықов, Асланбек Кәкімов, Жамбыл Көкеев (Есе Жасанов, 76-минут), Абат Айымбетов.

«Атырау»: Владимир Логиновский, Андрей Шабаев (Ринат Жұматов, 46-минут), Дәурен Мәжитов,​ Ивица Жунич, Ризван Аблитаров, Франтишек Кубик, Қуаныш Қалмұратов, Желько Филипович, Эдуард Сергиенко (капитан), Андрей Ткачук, Дарко Бьедов (Алексей Родионов, 46-минут).

14 сәуір 2019 жыл. Қостанай, «Тобыл Арена» стадионы. 200 адам. 

*   *   *

 Басқа кездесулердің нәтижесі:

«Астана» (Нұр-Сұлтан)-«Ордабасы» (Шымкент) — 2:1

«Жетісу» (Талдықорған)-«Қайрат» (Алматы) — 3:0

«Оқжетпес» (Көкшетау)-«Тобыл» (Қостанай) — 1:2

«Шахтер» (Қарағанды)-«Ертіс» (Павлодар) — 4:0

«Тараз» (Тараз)-«Қайсар» (Қызылорда) — 1:2

*   *    *

5-тур:

Бұл турда барлығы 18 гол соғылды. Үш ойын бірдей есеппен (2:1) аяқталды.

Екі ірі есеп нәтижесі тіркелді.

Бір футболшы бір ойында екі гол соқты (Иван Пешич, «Шахтер»).

32 рет ескерту қағазы көрсетіліп, екі футболшы (Р.Аблитаров, «Атырау»; А.Жулпа, «Тобыл») жасыл алаңнан қуылды.

Бес рет пенальти белгіленіп, «Жетісу» футболшылары екі пенальтиді, «Астана» футболшысы бір пенальтиді қақпаға дарыта алмады.

«Тобыл» футболшысы жеңіс голын 90-минутта соқты.

«Астана» пенальтиден соғылған голдың арқасында жеңіске жетті.

«Тараз» командасы соққан екі голды төрешілер есепке алмады.

*   *   *

Сонымен алғашқы үш орында «Астана» (16 ұпай); «Тобыл» (15 ұпай); «Қайрат» (12 ұпай) тұр. «Астананың» бір ойыны артық.

4-7 орын иелері — «Ордабасы» (10 ұпай); «Жетісу» (9 ұпай); «Қайсар» (7 ұпай); «Ертіс» (6 ұпай).

4 ұпайдан жинаған «Шахтер» мен «Атырау» 8-9 орындарды бөлісті. «Атыраудың» бір ойыны артық.

10-11 орындарға 3 ұпайы бар «Тараз» бен 1 ұпайы бар «Оқжетпес» жайғасты.

Еш ұпайы жоқ (-9) «Ақтөбе» 12-орында тұр. ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

6-тур ойындары 20 сәуір, сенбі күні өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» Павлодарда «Ертіс» командасымен кездеседі.

Басқа кездесулер:

«Қайрат» — «Астана»

«Тобыл» — «Жетісу»

«Қайсар» — «Ордабасы»

«Атырау» — «Оқжетпес»

«Тараз» — «Шахтер»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button