Жаңалықтар

Ауған соғысының ардагерлері сайлау науқанына белсенді қатысуға шақырады

Ауған соғысының ардагерлері еліміздің алда болатын Президент сайлауына қатысты қолдауларын білдірді. 

Интернационалист-жауынгерлердің дөңгелек үстел басындағы бұл кездесуі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ауғандық ардагерлерге арналған аудиториясында өтті.

«Жауынгерлік бауырластық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гумер Галеевтің айтуынша, кабинет толығымен «Ер-Бақыт» спорттық-патриоттық клубының қаржысына жарақтандырылған. Оның тұсаукесері таяуда ғана Ақтөбе қаласының 150 жылдығы, Жастар жылы және Кеңсе әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылуының 30 жылдығы аясында өткізіліпті.

Аталған клуб төрағасы Марат Қойлыбаев атап көрсеткендей, бұл еліміздің жоғары оқу орындарындағы ауған соғысы ардагерлерінің ерлігін насихаттайтын және жастарды патриотизм рухында тәрбиелеуге бейімдейтін жалғыз кабинет.

Интернационалист-жауынгерлердің қоғамдық ұйымдары белсенділері қатарында аудандардан да келген өкілдер болды.

— Еліміздің Президенті сайлауы 9 маусымға белгіленді, — деп сөзін арнады көпшілікке Марат Қойлыбаев, — біз бұл маңызды шараға үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Біздің әрқайсысымыз жеке тұлға ретінде өзіміздің патриотизмімізді және шешім қабылдай алатынымызды іс жүзінде дәлелдедік. Естеріңізде ме, 1988 жылдың қараша айында біз әскери борышымызды аяқтап, елге қайтар тұсымызда бізге Ауғанстаннан әскерді шығаруды қамтамасыз ету туралы өтініш жасалды. Сол кезде бәріміз де жиырма жастамыз, біздің әр минутымыз өмір мен өлім арасында тұрғанын жақсы білдік. Бірақ біз ешқандай ойланбастан бір шешімге тоқталдық, өйткені біздің артымызда қалың Кеңес елі тұрған болатын. Қазір біздің жасымыз 50-60-та, балаларымыз, немерелеріміз бар. Біздің парызымыз — сайлауға қатысып, кезекті ретте ойластырылған, дұрыс шешім қабылдау. Біз жастар арасында ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізіп, оларға қоғамдағы өзгерістердің мәнін түсіндіруге тиіспіз. Сіздер ауған соғысының ардагерлері ғана емес, сонымен бірге әулет басысыздар, көпшілігіңіздің немерелеріңіз бар. Біздің өміріміз олар үшін Отанға қызмет етудің үлгісі болуы керек.

Кездесуде тәжік-ауған қақтығысының қатысушысы Нұрғиса Құлтаев, ауған соғысы ардагері Сапарбек Көбегенов және басқалары өз пікірлерін ортаға салды. От пен оқ ортасынан өткен бұрынғы танкист, хромтаулық Әділжан Көпжанов өтіп жатқан күннің әр сәтін бағалайтынын жеткізді.

— Біз бақытты елде, ашық аспан астында өмір кешіп жатырмыз. Бұл — біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшіл сындарлы саясатының нәтижесі. Ол мемлекетіміздің мәртебесін көтеріп, сол арқылы біздің жүрегімізде Ұлт көшбасшысына деген терең құрмет сезімі қалыптасты. Оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ жылдар дипломатиялық қызметте болды, қазақстандықтардың мүддесін жақсы түсінеді, өз елін сүйеді. Сайлау күні белгіленді, оған да көп уақыт қалған жоқ. Мен ақтөбеліктерді өздерінің жоғары азаматтық ұстанымын көрсетуге, сөйтіп, 9 маусымда сайлауға келуге шақырамын, — деді ол.

Кездесуде сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың ағымдағы іс-шаралары талқыланып, интернационалист-жауынгерлерге жеңілдіктер беру туралы мәселе көтерілді.

 

Гүлсім НАЗАРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button