Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Ұлттық құндылықтарға сүйіну, ұлтсыздыққа күйіну

Адам өсе келе өзінің тегі туралы те­рең ойланады, ізденеді. Ұлт та ті­рі ор­ганизм. Оның да эмбриондық, бас­тапқы дәуірі, жұмыртқадан жарып шық­қан балапандай кезеңі, тіпті кейбір ға­лым­дардың айтуынша, ұлттың тарихи өлшеммен өмір жасы (әрине, көбіне ұсақ ұлттарға байланысты), даму жолда­ры мен жады, әл-ауқаты мен сырқаты, тағдыры, күш-қайратының асып-тасуы, құлшынысы мен әлсіреуі, қайта жаңарып, асқақтайтын заманы болады.

Ал еврей халқының ұлттың болашағы ту­ралы мынадай бір өлшемі бар. Егер ұлттың 18 жасқа дейінгі жастарының 40%-ы ­ана тілінде сөйлесе, ол ұлттың 40 жыл­ өмірі бар, ана тілін меңгерген жас­тардың саны өскен не азайған сайын ұлт­тың жасы өседі не азая береді.

Адамды ұлтымен, тілімен қатар, мә­де­ниеті, салт-дәстүрі, табиғаты мен та­­рихы байланыстырады. Тіпті құпия көз­ге көрінбейтін биоэнергетикалық

бай­ланыстарының да дәнекер болатынын генетик мамандар дәлелдеген.

Ғы­лымда бұл ағымды примордиализм дейді. Біздің шетелдердегі қазақтарды қандастарымыз деуіміз орынды.

Ұлттық сананы кейде сыртқы фактор­лар да оятады. «Егер немістер соғыс жариялап, жерімізге басып кірмесе, біз орыс екенімізді сезбес едік», — дейді

кей­бір орыстар.

«Егер антисемитизм бол­маса, бізді қудаламаса, біз еврей еке­німізді сезбес едік», — дейді еврейлер. Егер Мәскеу қазақты менсінбей, бір шүрегейге Қазақстанды басқаруға бер­месе, қазақтардың бір қатарының на­мысы оянбас та еді.

ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап біздің көз алдымызда ірге­лі

таң­ғалдырарлықтай этносаяси құбылыс­тар басталды, ғасыр соңында ең соңғы империя КСРО ыдырады. Қираған империя жаңа мемлекеттерге бөлініп, дербес ішкі және сыртқы саясат ұстануға тырыс­ты, отарланған ұлттар өзін басқа көзбен тани бастады.

Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақаласының басты идея­сы – өткенді танып, әспеттей отырып, құндылықтарға сүйеніп бүгінгі за­­манның мәнісін ұғыну. Мақала алпауыт ғалымдар мен жазушылардың ең­бек­терінің рухани мәнін жүйелеген.

Ежелгі материалдық және рухани құндылықтар «түп-тамырымызды бі­луге, ұлттық тарихымызға терең үңі­ліп, оның күрмеулі түйінін шешуге» мүм­кіндік туғызады. Қазақ және бас­қа­ да түркі халықтарының рухани бол­­мысының ортақтығын көрсетеді. Ма­­қа­ла ғылыми ізденістерге, пікірта­лас­тарға, әсіресе еуропацентристік, ре­­сей­цен­трис­тік авторлар жағынан да әр­түрлі көз­қарастар туғызады. Ішкі

өмі­рімізде мақала елдің, қазақ халқының рухани бір­лігіне, тұтастығына, ұлттық тәрбиеге қызмет ететіні сөзсіз.

Бүгінгі идеологиялық ахуалдың біраз тұс­тары ойландырмай қоймайды. Ең

бас­тысы науқаншылдық, осы маңызды іске үстіртін қарау.  Жеңіл-желпі әрекеттердің терең себептері бар. Егер әлеуметтану тұр­ғысынан келсек, халық деген біртекті емес. Еліміз қазақтарын үш буынға бө­­луге болады: аға буын, орта буын, жас буын. Алдыңғы екі буын кеңес тәрбие­сінен өткендер, олардың бірқатарына екіжүзділік те тән болды. Мемлекеттік сая­сатты сөз жүзінде қолдап, қара басының жағдайын, табысын, әл-ауқа­тын ойлайтын, ішкі есеппен, ішкі өз психологиясымен жүретіндер. Жо­ға­ры­дан айтылған елдік саясатты қол­дау, мақтау, сол арқылы жақсы болып көріну. Рухани жаңғыру ұлттық рухы жоғары азаматтардың азаюына алаңдаушылықтан да туып отырғаны белгілі.

Екінші жағынан, аға ұрпақтар бойын­да кеңестік интернационализм, ұлт­сыз­­дықтың да іздері бар. Интерна­цио­нализм адамдарды бірлік­ке, бауыр­малдыққа тәрбиелейді. Бірақ бауыр­малдық, туысқандық ниет­ тек таптық не­гізде ғана болуына артық­шылық беріп, ұлт­тық құнды­лық­тарға немқұрайлы қарайды.

Марксистер түбінде ұлттардың бір-біріне сіңісіп, тұтас еңбекшілер

қауым­дастығына айналатынына сенді. Ал жетекші күш жұмысшы табы болды, пролетариат үстемдігі сан жағынан жұ­мысшылары басым орыс халқына ауысты. Астамшылдық орыс еместерді ұлттық санадан айыра бастады. Ұлтсыз­дық қалыпты жағдайға айнала бастады. Естелік жазушылардың айтуы бойынша, И.Сталин өзінің грузин ұлтын, өзінің туған жерін шексіз сүйсе де, ұлты әңгіме бола қалса беті тыжырайып қалады екен. Ал Л.Троцкийге оның еврей тегін (Бронштейн) еске салса болды, ашу шақырады екен. Бронштейндер Ресейде белгілі дворяндар В.Лениннен кейінгі екінші тұлға Л.Троцкийге сион ақсақалдарының делегациясы келіп, «террормен қызыға бермеңіз, бәсеңдеу болыңыз, ертең сенің осы істерің үшін кеңес өкіметінен емес, біздерден, еврейлерден өш алады» десе, революцияның жынды көсемі «менің ұлтым — интернационалист, ұсақ-түйекпен айналыспаймын», — деп айқай салыпты.

Бірте-бірте орыс коммунист басшы­лары­ның солақай ұлттық саясаты,

ком­мунистердің озбырлығы туралы ақ­па­­раттар Кремльге ағылып келіп жатады. Сонда тісі ауырып жатқан В.Ленин: «Ұлы орыстық шовинизмге өліс­пей беріспеймін, соғыс жариялаймын. — Ауру тісімнен құтылысымен-ақ, оны бар сау тістеріммен жеп қоямын», — депті. (Шығармалар толық жинағы, 45 том, 241-бет.)

В.Ленин шовинизмді тек орыс ұл­тының мүддесі тұрғысынан ғана сынады. Бұл ұрдажық, тұрпайы саясат орыс халқының соры болатынын, бұлай бола берсе Кеңес Одағының болашағы бұлдыр екеніне күйзелді. Ол дөрекілікті орыс коммунистерінен ғана емес, өрескел орысшыл ұлттық «интернационалистерден» де сақтандырды, тіпті орыстан гөрі орыстанғандар қауіпті деді. Бірақ сананы ұлтсыздандыру тоқ­тамады, бірнеше ұрпақ нигилизм идеологиясының ық­­­па­лында тәрбие­ленді, тілдері орыс­тан­ды, ұлттық тілдер орыс сөздері ара­лас­­қан басқа бір жаңа тілге айналды. Украиндықтар оны «суржик» десе, біз шұбарланған тіл дейміз. Тіл тазалығы үшін Украинада бүгін де күресіп жатыр. Ал біздің қазақтар кейде украиндықтарды ана тілінде сөйлегені үшін «националист» деп сынап жатады.

Генералисмус И.Сталин 1945 жылы Же­ңіс шеруіне арналған банкетте орыс

хал­қының құрметіне арнап тост көтерді. Батыс тарихшылары осы біржақты құр­мет орыстардың астамшылдығын, ұлы орыс шовинизмін кейінгі жылдары онан әрі асқындырып, басқа халықтардың мерейін төмендетіп, орыстандыру саясатын күшейтті деп орынды сынады.

Ұлыдержавалық астамшылықтың бетін қайтару әзірге мүмкін емес. Деген­мен Кеңес Одағының күйреуі шамалы болса да сабақ болған сияқты. Ресей Федерациясының гимні сөзінің авторы Сергей Михалков жаңа мәтінінде Кеңес Одағының гимнін көп өзгертпеген, тек «великая Русь» деген тіркесті алып тастаған. «Неге?» деген сауалға «Бас­қаларды ренжітіп алмайық деп ойладық», — депті.

Барлық отарланған елдерде психо­логиялық тұрғыдан күрделі ахуал қа­лыптасады. Этнопсихология ілімінде оны «екі жақты» сана делінеді. Отар­лаушы билік (тұтастай ұлт емес) тәуелді елдерде өздерін жарты құдай сезінеді, өз айтқандарын істетеді, бағынышты ұлтқа да, өздеріне де беретін бағаны ақи­­­­­қат деп қабылдайды, өз тілін, мә­де­­­ниетін, дәстүрін, кейде дінін де та­ңады. Отарланған ұлт өкілдері әртүрлі дең­гейде айтқандарын екі етпейді, ті­лін, мә­дениетін, дәстүрін, көзқарасын қол­дай да алмайды, осылай күн көреді, отарлау­шы ұлттың маскасын киеді. Ас­там­шы­лық ресми саясатқа айналады, оған тіпті кие­лі мән береді. Ол саясатқа қарсыларды сат­­қындар деп жазалайды.

Үстемдік осылай дәріптеліп, ұлттың руха­ни коды — тілін әлсіретуді мақсат ет­ті. Өзін менсінбеумен бетпе-бет ке­ліп, кемсіту азабын тартқан қазақ ұл­тын­­да да қарсылық, ұлттық патрио­тизм ту­ды, жүйкесі тозып, өз ұлт­тық құн­ды­­­­­­лықтарынан айырылып қалмау­дың қа­мын ойлады. Бұл психология Жел­тоқ­сан көтерілісшілеріне, олармен ниеттес, ті­лек­тес қазақтарға тән болды.

Сонымен бірге ұлттық конформизм қазақтардың бойына терең сіңді.

Отар­лаушылардың қысымына көнгіш, икемді, тілін, дәстүрін қабылдағыш, бірте-бірте олардың сойылын соғып, өз ұлттық мүд­­­десінен алыстаған үлкен ұлттық топ өмірге келді. Ұлттық конформизм әсі­­ресе партия, кеңес қызметкерлеріне,

қо­ғамтанушы ғалымдарға тән болды. Орталық билік қазақтар арасынан олар­дың сөзін сөйлейтін, тапсырмасын бұл­жытпай орындайтын, отаршылдықты жақтайтын интеллигенцияның бірне­ше ұрпағын тәрбиеледі. Қожа ұлт­тың бюрократиясының алдында жағым­паз­дық танытып, қазақтар өзара жарысып бірін-бірі «националист», «рушыл» деп кінәлады.

Ұлттық патриотизм мен ұлттық конформизм («тек жүрсең, тоқ жүресің») этнопсихологиялық ұстанымдар арасын­да екі ойлы солқылдақ қазақтар да аз болмады. Санаға сіңген интернациона­лизм идеологиясы да тежеді. Айдаһардай ыс­қыр­ған империя бәрібір ырқына көн­діреді деушілер болды.

Сонымен бірге Қазақстан ұлттар мидай араласып, бір-бірімен сіңісіп, ассимиляцияға ұшыраған аймақ еді. Оны ресми идеология интеграция, халықтар достығы деп бағалағанымен, әсіресе өз елінде азшылыққа ұшыраған қазақтар ұлтсызданды.

Тәуелсіздік заманында халық талай жағдайды ой елегінен өткізді, дегенмен рухани салада әлі де пәрменсізбіз. Жаңа қалалар салынды, ел жаңарды, бірақ сананың жаңаруы баяу. Жалпы қоғамдық сананың дамуында сабақтастық заңдылығы да бар. Өткенді санадан сылып тастау мүмкін емес. Ұлтсыздық отбасылық тәрбие, ақпарат ағынымен, әлеуметтік ортаның ықпалымен жалғасуда. Сондай-ақ сыртқы ықпал да бар.

Тәуелсіздік заманында халық талай жағдайды ой елегінен өткізді, дегенмен рухани салада әлі де пәрменсізбіз. Жаңа қалалар салынды, ел жаңарды, бірақ сананың жаңаруы баяу. Жалпы қоғамдық сананың дамуында сабақтастық

заңды­лығы да бар, өткенді санадан сылып тас­тау мүмкін емес. Ұлтсыздық отбасылық тәрбие, ақпарат ағынымен, әлеуметтік ортаның ықпалымен жалғасуда. Сондай-ақ сыртқы ықпал да бар. Орыс бұқаралық мәдениеті мен орыс тілі арқылы

қаз­ақ­тарды орыс идеологиясы аясынан шы­ғармау, тәуелсіздікті құнсыздандыру мақсаты бүгінде өткір күйінде тұр. Ре­сейдің бұқаралық ақпарат құралда­рында Ресей басшыларының тәуелсіздік ал­ған Қазақстан сияқты мемлекеттерді

тәуел­сіздік мерекесімен құттықтау бір ая­ғынан айырылып, енді бір аяғыма ғана аяқ киім аламын деп өзін жұбатқан адаммен бірдей деп сынайды. Себебі ол елдерді тәуелсіздікпен құттықтауы тари­хымызға көлеңке түсіреді, олардың тәуел­ді болғанын мойындаумен бірдей деп есептейді. Олар тәуелді емес еді, украин­дар, қазақтар, басқалар өздері Ресейге сұранып қосылды, Ресей оларға өркениет жетістіктерін әкелді, ағартушылық парызын орындады делінеді. Ал Африка елдерін тәуелсіздік мерекесімен құттықтау орынды, себебі еуропалықтар әуелі оларды күшпен басып алды, кейін мемлекеттігінен айырды, ұзақ уақыт байлығын тонады деп есептейді.

Ұлтсызданудың өмірдің рухани са­ла­сындағы көрінісі алуан түрлі және ұлт­сыздық еліміздің этнорухани ахуалына өзінің жағымсыз ықпалын тигізеді. Бір кездері әкімшілік экспериментті қол­дап, қазақстандық азаматтардың паспор­тына ұлтын көрсетпеу мақұлданды. Бір қарағанда паспорт деген адамның аза­маттығын ғана көрсетеді, ал ұлттығы — са­насында. Бірақ ұлттық сана терең орнық­паған, тілі, мәдениеті, ақпараттық пәр­мені әлсіз этноәлеуметтік ортада бұл эксперимент нигилистік ұстанымға же­теледі.

Қазіргі жаһандану заманында ұлт деген адамдардың өзгеріп тұратын шарт­ты қауымдастығы, адамдар отба­­­сын, ұл­тын, дінін, Отанын өзгерте береді деген конструктивтік теория кеңінен таралуда. Егер қазақ басқа тіл­де сөйлесе, сол тілдегі әдебиетті оқы­са, басқа ұлт­тың та­ғамын дайын­дап үйренсе, ол байырғы ұлтынан басқа ұлтқа ауысады. Орыс­ша сөйлеп, Л.Толстойды оқып, борщ пісірсе, орыс болмағанда кім болады дейтіндер де бар. Сондықтан паспортта ұлтты көрсету, ұлт­­­тық тек, құн­дылық маңызды емес дей­тіндер кө­­бейді. Осылай Франция, Германия, Ұлы­британия, Түркия (олар отарлаушы елдер) мемлекеттері сияқты азаматтық қоғамға жетеміз деген жал­­­ған үміт жетегінде кетіп қалдық.

Шын­дығында өмірдің барлық саласында ұлт­тық ерекшеліктерді ескеру, этностық әдепті (этика) сақтау — руханилықтың бір көрінісі. Сондықтан да халық санағында этностық статистика қатар жүреді. «Мен қазақпын, қазақ болғаныма мақ­та­намын, басқа ұлттың өкілі болсам да осылай мақтанар едім», — дейді қазақ жігіті. Еліміздегі этностық қауымдастық өкілдерінің саны аз болған сайын намысы зор, тілі, дәстүрлерін, мәдениетін сақтайды, этномәдени бірлестік құру үшін де олардың саны керек.

Ұлт мәселесі тек қазақтардың мәсе­лесі емес. Ұлт саясатына байланысты­

мә­селелерге диаспора өкілдерін көбі­рек тарту, мемлекеттік тілді жетік мең­герген, кәсіби деңгейі жоғары мамандарды басшылық қызметке де араластыру қажет. Тағы да бір нәзік мәселе бар. Бір­қатар жағдайда ресейліктер біздің ішкі ұлттық мәселемізге араласып, ұлтаралық қа­­тынастарды шиеленістіруге тырысады. Осындай тұста жауапты қазақтардан гөрі диаспора өкілдері мемлекеттік

қызмет­керлер, депутаттар бергені тиімді.

Ғасырлар бойы қалыптасқан еліміз­дегі ұлтаралық келісім тәжіри­бесі, келісім мәдениеті мен тәрбие қазақстан­дық­тардың мінезін ұстамдылыққа бейім­­деді,

дау-дамайдың алдын алуға, ке­шірімділікке икемдеді.

Ұлтсыздық немесе нигилизм кос­­­­­­­­­­мо­­­­­­политизмнен егіз. Космопо­ли­тизм­ астамшылдықпен, нигилизммен, ұлт­­­­­­­­­­­­­­­­тық кемсітушілікпен ұштасады.

Кос­мополитизм ұлтсыздану үрдісіне күш-қуат беріп, жаһандану заңды­лықтарымен нигилизмді негіздейді.

Глобализм әлемнің тұтастығын, өзара байланысын, өзара тәуелділігін, өзара икемділігін санаға сіңіреді. Шындығында бұл бүкіл әлемді бір қалыпқа салу емес, бірлесу, әртүрлі, әртекті ұлттық, ді­ни, саяси мүдделердің ықпалдасуы.

Жа­­­һан­данудың сапалық мәні осында. Бірақ, жаһандану — қоғам­ның барлық саласына ықпал ететін күрделі, екі жақты құбылыс. Оның төңірегінде бүгін екіұдай пікір қа­лып­тасып отыр. Қазақстан ин­тел­лигенциясының бір тобы, әсіресе

кәсіп­керлер, мемлекеттік қызметшілер, кейбір әдебиет, өнер қайраткерлері ұлт­тық құндылықтарды менсінбейтін космополиттік бағыт ұстанса, екіншілері патриоттық, ұлттық мүддені жоғары бағалайтындар. Соңғыларын, шүкір, бүгін басым топ деуге болар. Бұл екіге жарылу Батыста да, Шығыста да, ұлт­тық, діни қауымдастықтар алыс-беріске, байланысқа қарсы емес, тек рухани үстемділікке қарсы. Еуроодақ елдері америкалық киноларға шек қоя­ды. Әсіресе, француздар америкалық, басқа да шетел музыкасына, әртістердің ағылып келуіне, оларға ұлттық өнер

ие­лерінен артық еңбекақы төлеуге, ше­телдік қойылымдар мен киноларға шектеулер белгіледі. Француздарды басқа еуропалықтар ұлтшыл деп айыптаса да, ұлттық құндылықтарын бәрінен де жо­­ғары қояды. Басқа мәдениеттерге айқара есік ашу — ол өз мәдениетін тө­мендетіп, бас­қаны қаржыландыру, қолдау деген сөз. Ал кино мен театр ол идеология, ұлттың мінез-құлқына, ойлау мәдениетіне ықпал етеді.

Ұлтсыздықтан арылу, ұлттың биік мерейі оның болашағына сенумен байланысты. Жан-жақты бәсекелестікке түскен қазақ елінің ұпайы түгел болар ма екен деген сауал көп қазақтың көкейінде. Мемлекеттер қарым-қатынасы әрдайым әділ, өзара сыйластыққа негізделе бер­мейді, біржақты үстемдік те орын алатын жағдайлар баршылық. Қайшылықтар тіпті, ымыраға келмейтін қайшылықтар кездеседі: бір жақ ұлттық мүдделерді қолдаса, екінші жақ, қарама-қарсы, ұлттан жоғары сырт мемлекеттердің мүд­десін қорғайды. Осы тұста қай­шы­­лықтарды еңсеру, ортақ шешімге келу, келісу, келістіру, өзгені де ойлау, ұтылыста қалмау саяси шеберлікті, терең талдау­ды қажет етеді. Күтпеген, төтенше жағдайлар да айқын, күмәнсіз шешім қабылдауды талап етеді. Өзара тәуелділік, экономикалық одақтарға кіру, ұлттық мүддеге нұқсан келетін тұста олардан шығудың да жолдарын мемлекеттер ойластырады. «Мен бір рет айттым, тағы да қайталап айтам, тәуелсіздікке нұқ­­сан келтіретін болса, ондай ұйымдарда Қа­зақстан ешуақытта болмайды. Біздің ең жоғары бағалайтын байлығымыз — тәуелсіздік. Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмаймыз. Оны қасық қанымыз қалғанша қорғауымыз керек. Сондықтан бұл жөнінен ешқандай күдік болмасын» – деді Н.Назарбаев.

Ұлттық мүдделерге парықсыздықпен қарау, талғамсыздық, ұлттық

құнды­лық­тарды менсінбеу, селқостық және оны сезінбеу ұлтсыздықты бойға сіңіре береді. Бүгін жалған руханилық, ұлт­тық мүдделерді сыйлаған болу, тіпті мүсіркеу, ұлтшыл болып көріну де кездеседі. Көпұлттымыз деп басқалар­дың қасы мен қабағына қарау да ұлттың намысын түсіреді.

Конфуций он атадан соң не боларын болжау мүмкін бе деген сауалға,

дәстүр-салтқа жүгінсе, сүйінсе, ұлттық болашағын сеніммен байыптауына болады деген екен. Ал бөтеннің аруағына табыну жарамсақ елдің ісі. Басқаның ақылымен жүру оның тілін, мәдениетін қабылдауға үйретеді, ұлтқа пәле әке­леді. Дәстүрлі наным-сенім, ұлттық құн­дылықтар — ұлттың темірқазығы.

Ұлтсыздық, бір жағынан, отарланған ұлтқа тән көнгіш, жалтақ, еліктегіш

психо­логияның салдары. Екінші жағы­нан, ұлт мерейінің төмендігі. Қазақ тек рухани жағынан қалжыраған жоқ, әлеу­меттік, технологиялық, ғылыми жағынан әлеуетін әлі де жетілдіру жолында. Қазақ отарланған халқының ұлт ретінде жағ­дайын саралайтын, оның мәдениетін, тілін, демографиялық ахуалын, өмір деңгейін, жұмыспен қамтылуын, көші-қонын, тіпті қылмысқа қатыстылығын талдайтын бүгін қажеттілік бар. Басқа мемлекеттердің бірқатарында салыстырмалы этностық статистика жүргізіледі. Рухани жаңғыру —  саяси белсенділік, ұлт мақсатындағы әлеуметтік-экономикалық жаңарумен қатар жүреді.

Амангелді АЙТАЛЫ, 

философия ғылымдарының докторы, профессор. 

«Egemen Qazaqstan» 8 сәуір 2019 жыл.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button