Басты жаңалықтарЭкономика

Биыл 13 ауылға газ тартылады

Ақтөбе әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрғысынан елімізде көш басында тұрған облыстардың бірі. Бүгінде өңірдің даму қарқынын төмендетпеу мақсатында нақты міндеттер айқындалып, облыс әлеуетін арттыру бағытында шаралар қолға алынып жатыр. 

САПАЛЫ АУЫЗСУ: 2,2 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ, 11 ЖОБА

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваның айтуынша, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын төмендетпеу үшін Ақтөбенің әлеуетін арттыруда алға қойған нақты мақсаттар мен міндеттер айқын. Оның айтуынша, бүгінгі күні облыста автожолдардың 53 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда тұр. Оның ішінде облыстық маңызы бар жолдар – 62 пайыз, аудандық маңыздағы жолдардың  жағдайы — 50 пайыз.

Бұл бағытта алдымызға нақты міндеттер жүктелді, яғни 2025 жылға дейін  облыстағы көлік жолдарының 95 пайызын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізуіміз қажет. Қазіргі заманғы жергілікті жолдар желісін кеңейтуге республика бойынша қосымша 350 миллиард теңге бөлінетін болады. Сонымен қатар, өңірлік көлік инфрақұрылымының барлық объектілерін жаңғырту қажет. Оның ішіне әуежай, авто және теміржол вокзалдары да кіреді, — дейді басқарма басшысы.

Облыс экономикасын арттыру бағытында атқарылатын шаралардың бірі — сумен жабдықтауды және су бұруды дамыту жұмыстары. Мәлім болғандай, бүгінгі күні облыста халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету көрсеткіші —

94,5 пайыз, су бұрумен қамту деңгейі — 45,2 пайыз. «Біздің алдымызда даму әлеуеті жоғары және орташа перспективалы елді мекендерді сумен және су бұрумен қамтамасыз етуді барынша арттыру міндеті тұр. Осы бағытта биылғы жылы 2,2 миллиард  теңгеге кем дегенде 11 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл ретте республикалық бюджеттен сумен жабдықтауды және су бұруды қамтамасыз етуге қосымша 140 миллиард теңге қарастырылмақ», — деді Г.Сүйінтаева.

Биыл Ақтөбе қаласының Өрлеу, Байғанин ауданының Оймауыт, Ойылдағы Ақжар, Хромтау ауданының Қопа, Тасөткел ауылдарының халқы сапалы ауызсумен қамтылатын болады.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда облыс халқының 88,5 пайызы көгілдір отынды тұтынады. Биыл жалпы саны 7 мыңнан астам халқы бар 13 ауылдық елдімекен газдандырылмақ. Көптен күткен бұл қуанышқа биыл  Әйтеке би ауданының Ақкөл, Жамбыл, Жарөткел елді мекендерінің, Алғадағы Көлтабан, Ақай ауылдары мен Байғанин ауданының Жарлы, Жаңатаң, Бұлақтыкөл, Кемерши, Ырғыздағы Жаныс би сияқты өзге де ауылдардың тұрғындары кенелмек.

ПЕРСПЕКТИВАЛЫ АУЫЛДАРҒА ІРІКТЕУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Моно және шағын қалаларды дамыту — облыс экономикасын арттыруда нақты атқарылатын міндеттердің бірі. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде осы мақсаттарға жыл сайын республика қазынасынан 10 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылады.

«Құтты мекен» партиялық жобасы шеңберінде бюджет қаражатын тиімді жұмсау мақсатында болашақта әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы дамыған, экономикалық өсу «нүктелеріне» айналатын перспективалы ауылдарға іріктеу жүргізетін боламыз. «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасы аясында осы мақсатқа республикада 2019-2021 жылдары 90 миллиард теңге қарастырылатын болады. Бұл бағытта біздің облысқа ағымдағы жылы 1,2 миллиард теңге бөлінбек, — дейді басқарма басшысы.

29 МЫҢНАН АСТАМ АҚТӨБЕЛІК ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘРДЕМАҚЫ АЛАДЫ

Елімізде әлеуметтік топтағы отбасыларға, оның ішінде көпбалалы аналар мен мұқтаж жанұяларға көмек көрсету шаралары нақты тапсырма ретінде жүктелгені де белгілі. Бұл ретте Елбасы қоғамның өзекті сауалдарына жедел жауап беруді тапсырған болатын. Ол үшін «осы жерде және қазір» қағидасы бойынша өзекті мәселелерді шешу үшін халықпен кері байланыстың қуатты жүйесін қалыптастыру қажет. Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың басты басымдық беретін жұмысы — азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсарту.  Г.Сүйінтаеваның айтуынша, ол үшін үш бағыт бойынша әлеуметтік саясатты іске асыру ұсынылыпты. Олар — халықтың табысы аз топтарын қолдау және кірістерді арттыру, табысы төмен азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешу және білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту, үшіншісі — өңірлерді кешенді дамыту.

Бұрын атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін есепке алынатын төменгі күнкөріс деңгейі ретіндегі өлшем 14 849 теңге болса, енді 20 789 теңге болып белгіленді. Сонымен қатар, отбасындағы жиынтық табысты есептегенде, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне, көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақылар, студенттердің шәкіртақысы есептелмейтін болды. Былтыр Ақтөбе облысы бойынша 20 083 адамға арнайы әлеуметтік жәрдемақы төленген болатын. Енді арнайы тапсырмаға байланысты көмек алушылардың саны көбейеді. Биыл Ақтөбеде мұндай көмекті 29 мыңнан астам адам алатын болады. Атаулы әлеуметтік көмек төлеу үшін биыл 3,6 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалады деп жоспарланып отыр, — дейді ол.

Қазіргі күні облыста аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың әлеуметтік картасын жасау мақсатындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, еңбекпен қамтуға, өз ісін бастау үшін шағын несиелер беруге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында да аталған топтарға енетін азаматтарға бірінші кезекте көңіл бөлу көзделген. Әрбір отбасы, оның әлеуметтік мәртебесі, өмір сүру жағдайы, сондай-ақ қажеттіліктері талданатын болады. Ауылда тұратын көпбалалы отбасыларға отбасылық бизнес құру үшін 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант та беріледі. Осы жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарын шағын несиелеуге 3,9 миллиард теңге, ал қала тұрғындары үшін

1,1 миллиард теңге бағытталмақ. Сонымен бірге, көпбалалылар мен аз қамтылғандар үшін тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы жылдық үстемеақысы 2-3 пайызбен баспана заемын ұсынудың жеңілдетілген механизмі әзірленуде.

Сол сияқты Елбасы Үкіметтің, жергілікті атқарушы органның алдына алғашқы медициналық көмек, мамандардың тапшылығын шешу және біліктілігін арттыру, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, жоғары технологиялық медициналық қызметті арттыру, жаңа технологияларды енгізу және цифрландыруды міндеттеді. Осыған сәйкес ауылдағы медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету де жоспарланды. Өткен жылы облыста 18 медициналық нысан іске қосылса, биыл тағы 10 нысан іске асырылмақ. Гүлқасима Сүйінтаеваның айтуынша, осы бағытта биыл облысқа 20 санитарлық автокөлік, 13 реанимобиль, 3 жылжымалы медициналық кешен алу жоспарланып отыр.

Мемлекет жұмысының басты бағдары — қарапайым адам, оның денсаулығы мен әл-ауқаты. Сондықтан, алға қойылған тапсырмаларды тиімді жүзеге асыру үшін тек жүйелі әрі сапалы жұмыс істеу ғана  талап етілетіні сөзсіз.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button