Жаңалықтар

Жастарды жігерлендірді

Ақтөбе қаласындағы №68 орта мектепте «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының I кезеңінің жеңімпазы Шахан Жолдасбаевтың қатысуымен «Қуатты елдің мықты азаматтары» атты кездесу өтті.

Шараның басында облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақытгүл Снабаева Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының 2 жылдығы аясында Ақтөбе облысынан «100 жаңа есім» жеңімпаздарын, адал еңбектерінің арқасында халыққа қызмет еткен азаматтарды кеңінен таныстырды. Сондай-ақ жастарға үлгі ретінде ізгілікті істерін насихаттауда бірқатар шаралар жүргізіліп келе жатқандығын жеткізді.

— 2017 жылы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына облыстан 300-ден астам үміткер қатысты. Нәтижесінде, біздің өңірден осы жобаға 5 адам енді. Солардың бірі, бүгінгі шарамыздың қонағы  — Шахан Жолдасбаев. Ол өзінің өмірге деген құштарлығының арқасында көп жетістіктерге қол жеткізді. Өз ісін «Пандус-ОК» стартаптан бастаған кәсіпкер, спортшы. Өмір жолында кездескен қиындықтарға қарамастан мойымай, алға ұмтылуы, мақсат қоя білуі кім-кімге де үлгі, — деді Б.Снабаева.

Өз кезегінде Шахан Жолдасбаев оқушыларға өмірлік ұстанымдарымен, тәжірибесімен, алдағы уақытта жолға қойған мақсаттарымен бөлісті. Оларды ынталандырып, қоғамдық өмірге белсене араласуға талпыныс жасауға шақырды. Студенттер қойған сұрақтарға да толыққанды жауап берді.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button