Ауыл

Шәмші ауылындағы шаттық

Бұрын Александровка деп аталып келген ауылды Шәмші атағына бұру оңайға соқпады. Басқа ұлт өкілдерін былай қойғанда, осы ауылдың «орыс» боп кеткен қазекеңдерінің арасынан Александровканы азалап жатып алғандары да болды. Бірақ осы өңірдің Қайырғали Арыстанғалиев секілді атпал азаматтары алған беттерінен қайтпады. Олар үшін ең бастысы өздері туып-өскен осы ауылға қазақи рухты қайтару болатын. Сөйтіп, 2007 жылдың шілде айында жергілікті билік органдарының арнайы шешімі шықты.

Қазір бұл ауылға бағыт ұстаған адам биік қыр басынан «Шәмші» деген ақ таспен жағылған ірі жазуды көрер еді. Көрер еді де, ерекше сезімге бөлене бастағанын байқамай, тосын жай-күйін тұла бойынан өткерер еді. Ойына «Менің Қазақстаным» оралар еді.

Біз де осындай сәтті бастан өткердік. Әлі қыс құшағынан шығып үлгермеген ауылда тіршілік көзі жеткілікті екені сырттан-ақ аңғарылады. Мұнда көптеген шаруа қожалықтары жұмыс істейді екен. Халыққа бірнеше дүкен, кафе, наубайхана, монша қызмет етеді. Медициналық амбулатория жұмыс істейді.

Былтыр ақпан айында ауылда Шәмшінің қайтқан күніне ас беріліпті. Оған ұлы композитордың іні-қарындасы Қадыр Домбаев пен Раушан Әбитова, композитор Қалдыбек Құрманәлиев қатысыпты.

Алдағы уақытта Шәмші әндері фестивалін өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, бұл ауылда мешіт үйі құрылысы жүргізіліп жатыр екен.

Шәмші ауылында біз кездесіп, әңгімелескен ардагер ұстаз Қарашаш Кенжеғалиева, ақсақалдар Әбілайыс Тұрабаев, Хамидолла Оспанұлы ел ішіндегі оң ахуалды, тынысы мол тірлікті қуана айтты. Бәрі де жыл жаңалығы – Наурыз тойын асыға күтіп отырғандарын  байқатты.

Сексеннің үстіне қадам басқан Әбілайыс қарт ұзақ жыл агроном болып еңбек еткен екен. «Жер қадірін білгенге не жетсін, – дейді ол, – Ертең жер бусанып, топырақ босай бастаған соң-ақ айналаға жан кіреді. Мына жағымызда Қарғалы өзені ағып жатады. Айнала көкпеңбек болған кезде табиғаты тамаша жер іздеудің қажеті шамалы».

Шәмші ауылының шаттығы дәл осы күндері өрістей түскені байқалады. Ауыл әкімі Ибрагим Кенжин Наурыз тойы тұсында ауыларалық волейбол жарысы ұйымдастырылып жатқанын айтты. Сонымен бір мезгілде тоғызқұмалақ сайысы басталмақ. Ауыл тұрғындарының күшімен көшелер тазартылуда. Наурыз мерекесі күні көше саудасы ұйымдастырылады.

Ең бастысы – халық күні бойы Шәмші әндерімен сусындайды. Қысқасы, Шәмші ауылының шаттығы басқа жерлердегіден биік болып көрінді бізге.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button