Басты жаңалықтарСпорт

Жас чемпиондарды құттықтады

Шайбалы хоккейден өткен маусымдағы жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында «Ақтөбе» хоккей командасы чемпион атанды. Осыған орай 5-7 сәуір аралығында Ақтөбеде облыс әкімінің Кубогы үшін жарыс ұйымдастырылды.

Ақтөбедегі Мұз сарайында өткен жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімі Оңдасын Оразалин жергілікті жас хоккейшілерді ел чемпионы атануларымен құттықтады.

— Спортпен айналысу — денсаулық кепілі. Елімізде, соның ішінде біздің өңірде де жастардың спортпен айналысуына жағдай жасау үшін көптеген істер қолға алынды. Соның арқасында бүгінде біздің жас хоккейшілеріміз ел чемпионы атанып отыр. Олар өздері алғаш қатысқан маусымда 36 ойын өткізіп, соның бәрін де жеңіспен аяқтады. Меніңше, бұл үлкен жетістіктердің басы ғана, хоккейшілеріміздің алда биік асуларды бағындыра беретініне сенемін. Біз, спорттың қай түрінен де, жас спортшыларға әрдайым қолдау көрсетеміз, — деді облыс басшысы.

Құттықтау сөзден кейін Оңдасын Оразалин «Ақтөбе» командасының капитаны Никита Белашовқа Қазақстан чемпионатының Жастар лигасының Кубогын табыстады.

Ел біріншілігінің үздігі атанған командаға, сондай-ақ, үш миллион теңгенің сертификаты мен автобус кілті табыс етілді.

Жас спортшыларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған облыс әкімінің Кубогын тамашалауға еліміздің даңқты спортшылары да келіпті. Олардың арасында Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов, Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев, бокстан әлем чемпионы (2013 жыл) Мерей Ақшалов, әлем чемпионаттарының алтын және күміс жүлделеріне ие болған Азамат Мұқанов, кәсіпқой бокс әлемінің жас жұлдызы Садриддин Ахмедов, т.б. болды.

Ашылу салтанатында Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов та сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттіліктер тіледі.

Облыс әкімінің Кубогы үшін өткен жарыста үш команда бақ сынады: «Ақтөбе», «Арлан» (Көкшетау) және «Горняк» (Рудный). «Ақтөбе» командасы екі ойында да ірі есеппен жеңіске жетті. Ақтөбелік хоккейшілер «Арлан» ойыншыларын 9:1 есебімен, ал рудныйлықтарды 6:3 есебімен ұтты.

Қазақстан хоккей федерациясы өткен маусымда тұңғыш рет жастар арасында ел чемпионатын ұйымдастырды. Маусым 2018 жылдың қыркүйегінде басталып, биылғы наурыздың соңында аяқталды. Жоғарыдай айтылғандай, чемпионатта «Ақтөбе» хоккей командасы барлық 36 ойынның бәрінде де жеңіске жеткен  болатын. Бұл көрсеткіш Гиннестің рекордтар кітабына лайық саналып, соған байланысты тиісті өтініш жіберіліп отыр. Енді ақтөбеліктер оның жауабын асыға күтеді.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button