Ақтөбе — 95Басты жаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Қазіргі заманның құралдарын пайдалана отырып қоғамды тәрбиелеуде баспасөздің рөлі мықты

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин Баспасөз үйінде болып, «Ақтөбе Медиа» холдингі ұжымымен кездесті.

Облыс басшысына Баспасөз үйінің бірінші қабатында жасақталған қос газеттің тарихынан сыр шертетін мұражай жұмысы, ондағы көне жәдігерлер таныстырылды. Содан соң ол серіктестік құрамындағы облыстық қос газет пен «Адырна», «Үштаған» журналдарының, «АқтөбеМедиа.kz» медиа порталы мен «Aktobenews» ақпараттық сайтының редакциясын аралап көрді. «АқтөбеМедиа.kz» медиа порталында алдағы уақытта телекамера арқылы тікелей эфирде сұхбаттар жүргізілетін болады.

Ұжыммен кездесу барысында Оңдасын Оразалин бала күнінен қазіргі «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерін оқып өскенін, қос газеттің редакциясында бір кездері елімізге белгілі ақын-жазушылардың қызмет жасағанын айта келе, бүгінгі қалам иелерінің еңбегін ерекше бағалады. Сондай-ақ, өңір басшысы өз сөзінде қазіргі әлеуметтік желі, ақпарат кең таралған заманда қоғамдық пікірді қалыптастыруда, халыққа салмақты ой, салиқалы пікір айтуда, жастарға тәрбие беріп, рухани-мәдени құндылықтарымызды насихаттауда  бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде баспасөздің рөлі мықты екенін айрықша атап өтті.

Бүгінде облыстық газеттердің әлеуметтік желілерде өте белсенді екені көрінеді. Сондықтан да қазіргі заманның құралдарын пайдала отырып, қоғамдағы ортақ проблемалар мен келеңсіздіктерді шешуде ақпарат құралдарының, оның ішінде баспасөздің мүмкіншілігі зор, — деді Оңдасын Оразалин.

Кездесуде «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин облыс әкіміне Баспасөз үйіне арнайы келгені үшін алғысын білдіріп, жасалып жатқан шаруалар, алдағы жоспарлармен таныстырды. Ол былтыр «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өткенін, ал биыл «Ақтөбе» газетінің 95 жылдық мерейтойына дайындық жүріп жатқанын жеткізді.

Өңір басшысы «Ақтөбе» газеті қызметкерлерін басылымның биылғы мерейтойымен құттықтап, «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button