Жаңалықтар

Әкімдер әлеуметтік желіні қалай жүргізуі керек?

Семинар

Соңғы аптада еліміз бойынша облыс, қала және аудан әкімдері мен басқарма басшылары әлеуметтік желіге тіркеліп жатыр. Мақсат — желі арқылы жұртшылықтың жанайқайын, әлеуметтік мәселесін білу, халықпен тығыз қарым-қатынас орнату.

ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының баспасөз хатшысы, медиа тренер Ақерке Берлібай екі күн бойы Ақтөбедегі жергілікті атқарушы орган өкілдеріне коммуникациялық менеджмент және әлеуметтік желіні қалай жүргізу керектігі туралы семинар-тренинг өткізді. Ақерке Берлібайдың айтуынша, жергілікті атқарушы орган қызметкерлерін оқытудың жаңа бағдарламасы бекітілген. Алғашқы пилотты жұмыс  Ақтөбеден басталыпты.  Тренингке облыс әкімдерінің орынбасарлары мен аудан әкімдері, басқарма басшылары және баспасөз хатшылары  қатысады. Олар коммуникациялық менеджмент, әлеуметтік желіні жүргізу, БАҚ-пен қарым-қатынас орнату, мемлекеттік қызметті жетілдіру, тұрғындармен байланысты арттыру бағытында сабақ алады. Семинарда Ақерке Берлібай Ақтөбе облысының статистикасын жасағанын, оның ішінде қай әкімнің желіде белсенді екенін айтты. Мәселен, аудандардың ішінде  Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағанбетов, Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов, Ойыл ауданының әкімі Дастан Сағыров инстаграм желісінде белсенді, яғни олар желіні өздері жүргізеді. Ал Шалқар мен Әйтеке би ауданы бұл бағытта кейінгі орында тұр. Ал кейбір аудан әкімдері мен басқарма басшылары парақша ашқанымен белсенділік танытпайды. Ішкі саясат бөлімдерінің парақшалары әкімдерді тегтеп, яғни белгілеп қояды. Сол арқылы жұмысын көрсетуге тырысады.

— Тренинг кезінде жергілікті билік өкілдері, басқарма басшыларына және мемлекеттік қызметкерлерге  әлеуметтік желі арқылы жұмыс жасау  тәсілін түсіндіреміз. Себебі  кейбір басшылар желіні қалай қолдану керектігін білмейді. Мәселен, инстаграм желісінің құралдарын түсінбейді. Сонымен қатар басшыларға желіні мүмкіндігінше өзі жүргізіп және парақшаны  ресми емес, қарапайым тілмен жүргізуге  кеңес береміз. Егер желідегі ақпарат сыйымдылығы тым көп болса, оны баспасөз хатшыларының жүргізуіне болады. Алайда бұндай жағдайда сұраққа жылдам жауап берілмеуі мүмкін. Себебі хатшы жазбаны басшысының рұқсатынсыз жариялай алмайды. Сондықтан осы және өзге де мәселелер туралы кеңінен айтамыз, — деді Ақерке Берлібай.

Үш күндік семинарда фейсбук, инстаграм, в контакте желілерінде жұмыс жасау тәсілдері үйретілді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button