Басты жаңалықтарЭкономика

Бесінші буынды ультраклиматтық жүйемен жабдықталған жылыжай іске қосылды

Ақтөбеде  жоғары технологиямен — бесінші буынды ультраклиматтық жүйемен жабдықталған «Green Capital Kazakhstan» ЖШС жылыжайы ресми түрде ашылды. Қазақстан мен Венгрияның бірлескен инвестициялар қорының Нидерландыдан қаржы тарту арқылы жүзеге асырған кешен — өңірдегі осы бағыттағы бірегей жоба.  

Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дирк Ян Коп, Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андраш Барани, кешен басшылары, жұмысшылары қатысты.

Жиналғандарды маңызды жобаның жүзеге асырылуымен құттықтаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттік қолдау көлемі артқандығы нәтижесінде тың жобалар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылып отырғанын айтты:

— Аталған кешен тұңғыш Президенттің тапсырмасына сәйкес, халық табысының өсуіне және ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруға ықпал етеді деп сенемін. 2021 жылға дейін жылыжай кешенінің жоспарланған алаңы 21,7 гектарға жетіп, жылына 14 мың тонна өнім шығаратын болады. Бұл жоба облыстың көкөніс өнімдеріне деген сұранысын едәуір қанағаттандыруға және басқа елдерге де экспорттауға мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың айтуынша, Нидерландыдан бүгінге дейін 50 млрд  доллардан астам тікелей инвестиция тартылған. Бұл жоба — соның бір айқын дәлелі. Нидерланды Корольдігі компаниялары еліміздегі ең ірі инвесторлар болып отыр. Қазір Қазақстанда

1000-нан астам голландиялық компания қызмет етеді. Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дирк Ян Коп мырзаның да сөзі осыған саяды:

— Бұған дейін Нидерланды Қазақстан экономикасына мұнай және газ саласы бойынша инвестиция салып келді. Ал бұл жоба — ауыл шаруашылығы саласы бойынша жүзеге асырылып отырған алғашқы жоба. Қазақстанда, соның ішінде Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Сондықтан, осындай ірі кешенді Ақтөбеде ашудың үлкен мәні бар. Бұл бірегей жоба жоғары технологиялы ультраклиматтық жүйемен жабдықталған. Бесінші буынды технология! Голландияның өзінде бесінші буынды технологиямен жабдықталған бір ғана жылыжай кешені бар, — дейді ол.

Жаңа жылыжай — венгриялық «Эксимбанк» пен қазақстандық «ҚазАгроХолдинг» компанияларының бірлескен қоры арқылы жүзеге асырылып отырған ауыл шаруашылығы бағытындағы алғашқы жоба. Жоба құны — 20,4 миллиард теңге. Оны жүзеге асыру 2018-2021 жылдарға арналған. «Green Capital Kazakhstan» ЖШС бас директоры Алевен Диедерик Теодориктің берген ақпаратына сүйенсек,  жоба толық қуатына шыққан кезде жылына 14 мың тонна өнім береді.

— Қазіргі уақытта 5 гектар жерге жылыжай құрылысы тұрғызылды. Жылына шамамен 3 мың тонна өнім алуды жоспарлап отырмыз. Биыл 5 гектар аумақты алып жатқан тағы бір жылыжайдың құрылысы аяқталады. Жылыжай соңғы технология бойынша салынған. Қазақстанның, Голландияның мамандары тұрақты қадағалап отырады. Агрономиялық бағыт бойынша голландиялық агрономдар соңғы технология бойынша толықтай қолдау көрсетіп отыр.  Негізгі өнім — томат. Ол жергілікті нарықққа және экспортқа шығарылады. 22 қараша күні жерге томаттың алғашқы дәнін септік. Міне, бүгін алғашқы өнімнен ауыз тиіп отырмыз. Томатты еккеннен кейін үш жарым айдың ішінде түйнегі шығады. Содан кейін тоғыз ай бойы өнім береді. Болашақта баклажан секілді басқа да өнімдер өсіруді ойластырып жатырмыз. Бір ерекшілігі — өскінді зиянкестерден қорғау үшін ешқандай химиялық препараттар қолданылмайды, толықтай биологиялық табиғи заттар пайдаланылады, — дейді ол.

Дайын өнімнің келісі қазір шамамен 700 теңгеге сатылмақ. Бұл мақсатта серіктестік басшылығы облыстағы ірі сауда орындарымен келісімшарт жасасуды жоспарлап отыр. Бағбандар жергілікті тұтынушылар үшін бағаны тұрақты ұстауға уәде беріп отыр. Өнімнің 80 пайызы экспортқа шығарылады.

Айта кету керек, жылыжай кешені толық қуатына шыққан кезде 260-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. «Бізге жер бөліп, қолдау көрсеткен жергілікті әкімдікке ризашылығымызды білдіреміз. Өз тарапымыздан Ақтөбені Еуразияның жылыжай орталығы ретінде дамыту үшін барымызды саламыз», — деді Алевен Диедерик Теодорик.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button