Экономика

Кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа бағыттары 

Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, оның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналуда.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры басқарма  төрағасы Абай  Сарқұловпен және «KazakhExport» ЭСК» АҚ басшысы Руслан Ысқақовпен кездесіп, онда шағын және орта бизнесті қолдау, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысы, кәсіпкерлікті қолдау жоспарлары мәселелері талқыланды.

Абай Сарқұловтың айтуынша, Ақтөбе облысында «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы  жүзеге асқаннан бастап құны 102,7 миллиард теңге болатын 885 жобаға қолдау  көрсетілген. Оның әлеуметтік-экономикалық тиімділігі өте жоғары. Оның ішінде өткен жылы 7,5 миллиард теңге болатын 95 жобаны субсидиялау келісіміне қол қойылған. Ол сондай-ақ, кездесу барысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жоспарлары туралы әңгімеледі.

«2019 жылы  Ақтөбе  облысында аталған  бағдарламаны жүзеге  асыру  үшін 1,1 миллиард  теңге  бөлінетін  болады. Одан  өзге,  құны 63  миллион теңге болатын кепілдік шарттарына  қол  қою жоспарланып отыр», — деді  «Даму»  кәсіпкерлікті қолдау қоры басқарма төрағасы. Сондай-ақ ол аймақта бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асырудың оң нәтижелері бар екенін атап көрсетіп, осы ауқымдағы көрсеткіштер бойынша Ақтөбе облысының республикада көш бастаушылар қатарында екенін жеткізді.

Кездесуде сондай-ақ, экспортқа бағытталған кәсіпорындарға қолдау  көрсету мәселесі  де  сөз  болды.

Бүгінгі күні облыс аумағында 50-ден астам  экспорт бағытындағы кәсіпорын  жұмыс  жасайды. Ресми  деректерге  сәйкес, 2018 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өңірде жалпы құны 2,7 миллаирд долларды құрайтын өнім  экспортталған.

— «KazakhExport»  АҚ  облыстағы  экспорт бағытындағы  кәсіпорындарға қолдау көрсетуге арналған шараларды тұрақты түрде өткізіп тұрады.  Оның ішінде «KazakhExport» ЭСК» АҚ-ның және басқа да ұлттық компаниялардың қатысуымен халықаралық стандарттардың ережелері, мемлекеттік  бағдарламаларды қолдау және оны дамыту тақырыбында семинарлар, тренингтер,  дөңгелек  үстелдер  өткізеді»,- деп атап  өтті облыс әкімімен кездесуде  Руслан Ысқақов.

«KazakhExport» ЭСК» АҚ басқарма төрағасы Өзбекстан Республикасының және Ресей Федерациясының (Қазан) қазақстандық экспорттаушы өкілдігінің кеңселері шекаралық сауда-саттықты дамытуға және Ақтөбе облысының кәсіпкерлеріне тиімді экспорттық келісімшарт жасасуға көмектеседі деп атап өтті.

Ақтөбе облысында «KazakhExport» ЭСК» АҚ сақтандыру қолдауымен бірқатар жобалар жүзеге асырылды, оның ішінде «Актеп» ет комбинаты — Ресей Федерациясына ет өнімдерін экспорттау; «Ақтөберентген» ЖШС — Өзбекстан Республикасына рентген жабдығын экспорттау; «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС – Әзірбайжанға сорғылы  штанг  және муфталар жеткізу шаралары қамтылды.

Одан өзге кездесу барысында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры және ЕRG есебінен Хромтаудағы жобаларды қаржыландыру үшін мақсатты өңірлік бағдарламаны жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдардан көмек көрсету туралы өтініш жасалды.

Жиын қорытындысында облыс әкімі барлық бастамаларға қолдау  көрсетілетінін айтып өтті.

«Кәсіпкерлікті  дамыту, жұмыспен қамту және  экспортты  дамыту  біздің  басты бағдарларымыз қатарында. Біз «Қарапайым заттар экономикасын» қаржыландыруға көңіл бөле отырып, ақпараттардың еңбек адамдарына толық жетуіне назар аударуымыз керек», — деп атап көрсетті Оңдасын Оразалин.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button