Жаңалықтар

Цифрландыру қарқынын жеделдетуге не кедергі?

Облысымызда цифрландыру қарқынын жеделдетуге не кедергі болып отыр? «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ-ның басқарма басшысы Ерлан Дүрмағанбетов бастаған бір топ мамандар осы мәселені зерттеп, тиісті ұсыныстарын айту үшін Ақтөбеге келді.

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ-ның басқарма басшысы Ерлан Дүрмағанбетовпен кездесіп, өңірде цифрландыруды дамыту мәселелерін талқылады. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, қала әкімі Ілияс Испанов, облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары қатысты.

Жиында өңірде бірыңғай инфокоммуникациялық ортаны қалыптастыру, Smart City ақылды қалалар тұжырымдамасына сәйкес, Smart City технологияларын енгізу мәселелері, осы орайдағы міндеттер талқыланды.

«Зерде» ұлттық холдингі —  қазіргі заманғы инфокоммуникациялық технологияларды дамыту мақсатында құрылған мемлекеттік компания. 2017 жылы қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негізі осы холдинг базасында әзірленген болатын.

«Зерде» ұлттық холдингінің мамандары қазір Ақтөбеде цифрлық форматта қызметтер ұсынатын мемлекеттік құрылымдардың атқарған жұмыстарын талдаудан өткізіп жатыр. Талдау қорытындысы бойынша электронды нұсқада мемлекеттік қызмет көрсетуді одан әрі жандандыру мақсатындағы нақты қадамдар айқындаланатын болады. Қазір холдинг өкілдері облысымыздағы 25 басқармада жұмыс істеп жатыр. Бұл басқармалар тарапынан халыққа 193 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіліп отыр.

— Халық цифрлық технологияларды қолданудың артықшылықтарын сезінуі тиіс. Біз үшін бұл мәселеде ең маңыздысы — осы. Кез келген салада ақпараттық технологияларды енгізу мен дамытуға айрықша көңіл бөлінетін болады, — деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Ерлан Дүрмағанбетов жиында қалаларды, қауіпсіздік, тұрғын үй-коммуникация, көлік, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын цифрландыру бойынша жобаларды біріктіруге, Smart City жобасы бойынша, сондай-ақ, «109» бірыңғай байланыс орталығы мен «112» шұғыл әрекет ету орталығының жұмыстарын жақсарта түсуге қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді, осы орайда басқа өңірлер тәжірибесін тілге тиек етті.

— Бізге де жақсы жобалар қажет. Дегенмен, цифрлық қызмет көрсетуді тұрғындардың толыққанды пайдалануы үшін қалада да, ауылда да, ең алдымен интернет керек. Өкінішке қарай, интернет бізде барлық жерде бірдей жоқ. Егер облыс аумағында тұрақты байланыс желісі болмаса, алдағы уақытта қолға алынатын жобалар халыққа қолжетімді бола алмайды. Сондықтан ең бірінші міндет — өңірді үздіксіз берілетін, жоғары деңгейлі жылдамдықтағы интернетпен қамту. Әзірге облыстың көптеген елді мекендерінде ондай интернет жоқ. Кезінде мектептердің интернетпен қамтылғаны, мұғалімдер мен оқушылардың оны пайдалана алатыны жөнінде есеп берілгенмен, іс жүзінде оның бәрі шындыққа сәйкес келмейді, — деді Оңдасын Оразалин.

Сонымен, бірінші кезектегі міндет — мектептерді, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандарды жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамту болып отыр.

Барлық қалалық қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған Smart City тұжырымдамасын елімізде бес қалада жүзеге асыру көзделген: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды және біздің Ақтөбе. Қала әкімі Ілияс Испанов жиында осы бағытта іске асырылып жатқан жобалар жөнінде айтты.

Кездесу барысында тараптар әріптестікті нығайта түсуге келісті.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button