Жаңалықтар

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жалғасады

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын жүзеге асырудың кезекті сатысы басталды. Бұл жөнінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова ақпараттық топ мүшелерімен кездесу барысында хабарлады.

Сәуір айының 8-24 жұлдызы аралығында аудандарға шығатын топ құрамында зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, депутаттар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, жас ғалымдар, танымал еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар.

— Бұл жолы  «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасымен Байғанин, Темір, Мұғалжар, Алға және Шалқар аудандары қамтылады. Топ мүшелері 37 елді мекенде болып, тұрғындармен 46 кездесу өткізеді деп көзделуде. Бұл шараларға төрт мыңға жуық тұрғындар қатысады деп отырмыз. Бұрын атқарылған жұмыстар көпшілік тарапынан оң бағалынып отыр, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Оның айтуынша, ақпараттық түсіндірме жүргізушілер вахталық поселкелерде, шалғайдағы елді мекендерде, түрлі саладағы кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарында да болып, бүгінгі күннің көптеген өзекті мәселелері бойынша жұмыстар жүргізбекші. Бұл ретте «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы кеңінен қамтылмақшы. Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобының табысын өсіру және қолдау, табысы төмен азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу және денсаулық сақтау, білім салаларын жақсарту тұрғысынан кеңестер беріледі.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы тұрғындармен жүргізілетін әңгімелердің басты тақырыбына айналады. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға көшудің тиімділігі, оған дайындық барысы, соңғы өзгерістер мен толықтырулар жөнінен де көпшілік өз сауалдарына жауап ала алады.

Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі, оны пайдалану мүмкіндіктері ашып көрсетіледі, ақпараттық топ мүшелері осы ауқымда ауыл адамдарының өз кәсібін өрістетуіне белгілі бір дәрежеде ықпал да жасайтын болады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button