Жаңалықтар

«Достық» орденінің иегері жеті баланың ата-анасына жаңа үй алып берді

Елімізде азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру мақсатында нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Мұндай шаралардан кәсіпкерлер де шет қалып жатқан жоқ. Ақтөбеде көпбалалы отбасыларды, мұқтаж жандарға демеушілер тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Жақында «Бабек-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Рахиб Азизов жеті балалы отбасына жаңа пәтердің кілтін табыстады.

Көпбалалы ана Алтынгүл Кәрібаева жетіншісін дүниеге әкелерде толғақ қысып, перзентханада жатқан күні оның отбасы үлкен қуанышқа кенелді. Ақтөбелік кәсіпкер Рахиб Азизов Кәрібаевтар отбасына жаңа пәтердің кілтін табыстады.

Бұған дейін пәтер жалдап тұрдық. Жолдасым жұмыс жасайды, өзім 2017 жылдан бері бала күтімімен үйде отырмын. Ақтөбе қаласындағы №61 орта мектепте қызмет жасаймын.  Мамандығым — мұғалім. Екі жоғары білімім бар. Төрт балам — мектеп жасында, біреуі балабақшаға барады. Кенжеміз бір айлық. Жетінші балам дүниеге келетін күні жаңа пәтерлі болдық. Бұл менің отбасым үшін ең үлкен қуаныш болды. Пәтер кілтін менің орныма келінім барып алды, — деді Алтынгүл.

«Алтын алқа» иегері елімізде көпбалалы аналарға көрсетіліп жатқан қамқорлыққа дән риза. Оның үстіне, күтпеген жерден жаңа пәтерге қол жеткізгені үшін, отбасына осындай қуаныш сыйлаған «Бабек-Құрылыс» ЖШС директоры Рахиб Азизовке шексіз алғысын білдіріп отыр.

Қазір Кәрібаевтар отбасы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы жаңа үйлердің біріне қоныстанды. Компания басшысы Кәрібаевтар отбасына жалпы ауданы 47,5 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерді сыйға тартыпты.

Жақында Үкімет басшысы Асқар Мәмин Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларын іске асыру аясында бес жылдың ішінде жыл сайын 6 мыңға жуық көпбалалы отбасы баспанамен қамтылатынын, биыл 1 мамырдан бастап пәтер бөлу жұмыстары басталатынын айтқан болатын. Р.Азизов Елбасы бастамасына қолдау көрсету үшін «Қолғанат Ақтөбе» қоғамдық қорына хабарласып, көпбалалы отбасын пәтермен қамтамасыз етуді ұйғарыпты. Ол мұндай шарадан өзге де кәсіпкерлердің шет қалмайтынына сенім білдірді.

Облыста түрлі шараларға қолдау көрсетіп жүрген «Бабек-Құрылыс» ЖШС басшысы Р.Азизов өткен жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Президент Жарлығымен ІІ дәрежелі «Достық» орденімен наградталған болатын.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button