Жаңалықтар

Ақтөбелік кәсіпкер көпбалалы отбасыға құны 14 миллион теңгенің пәтерін тарту етті

Ақтөбедегі жеті балалы отбасыға «Нектар» өндірістік кооперативінің директоры Шамиль Каспранов Батыс-2 шағын ауданында жалпы көлемі 96 шаршы метрлік пәтерді сыйға тартты.

Бақытжан Атбергеновтің «Нектар» компаниясында тас қалаушы болып еңбек етіп жүргеніне биыл алтыншы жыл. Бұған дейін ол отбасымен Ақтөбе қаласының Қонаев көшесіндегі  жатақханалардың бірінде 12 шаршы метр жерді паналап келді.

Компаниямызда өз ісінің шеберлері, кәсіби мамандар көп. Соның бірі — Бақытжан Атбергенов. Ісіне өте мұқият, қай істі де оған сеніп тапсыруға болады. Бақытжанның отбасы үшін баспана ең басты мәселе болды. Оның үстіне жеті баласы бар отбасы жатақхананың аядай жерінде күнелтіп жатыр екен. Ұжымдастарыммен ақылдаса келе, оның отбасына қолдау көрсетуді өз жауапкершілігіме алдым. Биыл Наурызда Бақытжанға Батыс-2 шағын ауданынан жалпы көлемі 96 шаршы метрлік пәтердің кілтін салтанатты жағдайда табыстадым. Бақытжанның бұл қуанышын ұжымдастары болып атап өттік, — дейді «Нектар» компаниясының басшысы Ш.Каспранов.

Шынымен де, бұл Атбергеновтер отбасы үшін күтпеген сый еді.

Ш.Каспрановтың айтуынша, пәтердің жалпы құны — 14 миллион теңге.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының съезінде елімізде әлеуметтік топтағы отбасыларға барынша  жағдай жасау, қолдау көрсету бастамасын көтерген еді. Бұл бастаманы жүзеге асыруда өзге де кәсіпкерлердің шет қалмайтынына сенімдімін әрі оларды мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге шақырамын. Былтыр компания тарапынан қарамағымыздағы 6 жұмысшыға өзіндік құнымен пәтер алуға жағдай жасадық. Бұл іс алдағы уақытта да өз жалғасын табады, — деді сөз арасында кооператив басшысы.

Қазір Атбергеновтер отбасы жаңа аудандағы жаңа пәтерге қоныстанып жатыр. Үй иесі Бақытжан елімізде көпбалалы отбасыларға жасалып жатқан қамқорлыққа ризашылығын білдіріп, кооператив басшысына шынайы алғысын айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button