Басты жаңалықтарӘлеумет

Атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат қабылдау басталды

Кеше жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтініш қабылдау басталды. Ақтөбеде жеті қабылдау бөлімі жұмыс істеп жатыр.

Жұмыспен қамту орталығында, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама бөлімінде, Халықтық кеңседе, халыққа қызмет көрсету орталығында, Ақтөбе қаласының Астана мен Алматы аудандарында, бұрынғы Қурайлы және Сазды селолық округтері әкімдіктерінің базаларында мамандар ақтөбеліктерді қабылдап жатты. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Динара Достанованың айтуынша, арыз берушілердің көбі Уәлиханов көшесіндегі жұмыспен қамту бөлімінде тіркелген. Аудандық бөлімдерде абыр-сабыр байқала қойған жоқ, он-он бестен адам келіп жатты.

— Келгендердің әрбірі біздің мамандардан толық кеңес  алды, атаулы әлеуметтік көмектен үміткерлер өтініштерін жазды. Облыс тұрғындарының қаперіне саламыз: құжаттар сәуір айының аяғына дейін қабылданады, өтініш берілген айдан бастап төлем жасалады. Өтініш иесінің өзімен бірге жеке куәлігі ғана болуы керек, — дейді ол. — Түсіндіру жұмыстарына, бұл мәселені кең көлемде ақпараттық насихаттауға көңіл бөлінгеніне қарамастан, бүгін атаулы әлеуметтік көмек алып жүргендер мен автоматты түрде қайта есептеуге іліккендер  хабарласып жатыр. Өзін-өзі қамтамасыз етіп жатқандар да келді. Біз оларға басқаша әлеуметтік көмек түрін ұсына аламыз,  яғни жұмысқа тұруына қол ұшын созамыз. Бірақ кейбіреулер біздің бұл ұсынысымыздан бас тартып, табыс табудың жолын өздері іздемек.

Сәңкібай батыр даңғылындағы Халықтық кеңседе бес маман өтініштерді екі терезеде қабылдады. Келгендерге  жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлшат Қаңтарбаева кеңес берді. Оның айтуынша,  жаңа ереже бойынша, шартсыз  көмек жарты жылға, шартты  көмек бір жылға беріледі. Бұның бәрі нормативті-құқықтық актіде бекітілген.

— Кейбір әйелдер өздерін жалғызбасты ана санайды, бірақ әңгіме барысында олардың ажырасқанын анықтадық.  Мұндай әйелдерге «Отбасы және неке туралы» Кодекске сәйкес алимент алулары үшін әрекет етуі керектігін айттық. Отбасының жиынтық табысынан мүгедектік үшін берілетін жәрдемақы шегерілмейді деп түсінетіндер бар. Бұл — дұрыс емес. Бүгінде бала үшін төленетін жәрдемақы, мүгедектік үшін төленетін жәрдемақы, жоғары және орта оқу орындарындағы студенттердің стипендиялары, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы және тағы басқа да мемлекеттік жәрдемақы түрлері отбасының жиынтық табысына есептелінбейді, — деді ол.

Ал Ақтөбе қаласына қарасты Астана шағын ауданындағы қабылдауды жұмыспен қамту орталығының қызметкері мен әкімдіктің екі маманы жүргізді. Өтініш білдіргендердің бірі —  Алтынгүл Байқазақ. Оның отбасында төрт бала бар, үлкені 20 жаста, ол колледжде білім алады, екінші баласы 4-сыныпта оқиды. Ал 5 жасар егіз қыздары балабақшаға барып жүр. Олардың бірінің көру қабілетінің бұзылғандығына байланысты мүгедектігі бар.

— Жолдасым әзірге жұмыс істемейді, кішкентай балалардың тәрбиесіне көңіл бөледі. Мен 40 мың теңгеге жуық жалақы және көпбалалы ана ретінде төленетін 10500 теңге жәрдемақы аламын, — деді ол.

Өтініш берген әйелге мән-жай түсіндіріліп айтылды. Оның жолдасына егіз балалары 7 жасқа толғанға дейін атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Мамандардың есептеуі бойынша бұл отбасыға 1 сәуірден бастап жыл бойы 110 400 теңге көлемінде ай сайын жәрдемақы төленетін болады.

Сәуір айында тағайындалған атаулы әлеуметтік көмек өтініш иесіне мамыр айының басында аударылады.

Гүлсім НАЗАРБАЕВА.

Фото Аслан МҮСЕНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button