Әлеумет

Бірыңғай жиынтық төлем жүйесінің қандай артықшылығы бар?

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Бірыңғай жиынтық төлем жүйесі енгізілмек. Оның қандай пайдасы бар? Не үшін енгізілгелі отыр? Бұл туралы Ақтөбе қаласының «Жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры Гүлшат Қаңтарбаева былай дейді:

— Бірыңғай жиынтық төлем режимі азаматтарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ кәсібін жүргізуге мүмкіндік береді. Бірыңғай жиынтық төлем табыс табу үшін формалды емес кәсіп жүргізіп отырған жеке тұлғаларға, жалдамалы жұмыс күшін пайдаланбай, дара айналысатын, қызмет көрсететін басқа жеке тұлғаларға, қосалқы шаруашылығын жүргізіп отырғандарға арналған.

Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерге мынадай мүмкіндіктер беріліп отыр: біріншіден, олар міндетті медициналық сақтандыру аясында барлық медициналық қызмет түрлеріне қол жеткізе алады. Медициналық ұйымды таңдау құқы болады. Екіншіден, зейнетақы жүйесінде еңбек өтілін жинап, базалық және жинақталған компоненттер есебінен зейнетақы алатын болады. Бұл орайда Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілердің базалық зейнетақы көлемі еңбек өтіліне қарай есептеледі. Үшіншіден, еңбекке жарамсыз болып қалған кезде, асыраушысынан айырылған жағдайда, жүктілік кезінде және бала туу, бала асырап алу кезінде немесе 1 жасқа дейін бала күтімінде отырғандарға Әлеуметтік сақтандыру қорынан сақтандыру төлемдерін алуға мүмкіндік бар. Тағы бір артықшылығы — өзінің кіріс көзін көрсете алудың арқасында азаматтардың несие рәсімдеу мүмкіндігі артады, — дейді Гүлшат Қаңтарбаева.

Бірыңғай жиынтық төлемін төлеу-төлемеу азаматтардың өз еркінде. Оны төлемегені үшін ешкім ешкімнің алдында жауап бермейді.

Бірыңғай жинақтаушы төлемінің мөлшері қала тұрғындары үшін — 1 АЕК

(2525 теңге), ауыл тұрғындары үшін – 0,5 АЕК көлемінде.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button