Басты жаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Ырғыз ауданы бюджетінің кіріс көзін молайтуы қажет

Бейсенбі күні жұмыс сапарымен Ырғыз ауданына барып, құрылысы жүргізіліп жатқан бірнеше әлеуметтік нысанды аралаған облыс әкімі бірінші кезекте сапаға мән берілуі керектігін ескертті. Сондай-ақ, халықпен кездесіп, жеке қабылдау өткізді.  

Оңдасын Оразалин алдымен аудан орталығындағы әкімдік ғимаратының құрылысына барды. Үш қабатты нысанның құрылыс жұмысына жауапты — «Стройкомплект-2030» ЖШС. Оған 50-ден астам құрылысшы тартылған. Ал жобаның құны — 238 миллион теңге. Жоспар бойынша ғимарат шілде айында пайдалануға берілгелі отыр.

Одан соң мемлекеттік тапсырыс негізінде салынып жатқан балабақшаны көрді. Мектепке дейінгі ұйым 150 балаға шақталған. Әне-міне ашылғалы отырған нысанды «Дастан» ЖШС салып жатыр.

Атқарушы билік өкілдері ауылда тұңғыш рет тұрғызылып жатқан спорттық-сауықтыру кешеніне де соқты. Мердігер ұйым — «Фагот и К» ЖШС директоры Вадим Масстың айтуынша, құрылысты аяқтау үшін облыстық бюджеттен қосымша 134 миллион теңгеден астам қаражат керек.

— Ең бастысы — құрылыс жұмыстары дер кезінде және барлық талапқа сай аяқталуы керек. Өйткені аталған нысандар алдымен елге қажет. Балабақшаға аудандағы балалар барса, спорт кешеніне бос уақытында жасөспірімдер көптеп ағылады. Сондықтан сапаға мықтап көңіл бөліңіздер. Ал қаражат жағынан ешқандай қиындық болмайды, тек белгіленген уақытта құрылысты бітіріңіздер. 1 қыркүйекке қарай ғимаратты халықтың игілігіне тапсыруымыз керек, — деді Оңдасын Сейілұлы құрылыс компаниясының басшысына.

Ырғыз ауылындағы «Арай» Мәдениет үйіне жиналған тұрғындармен кездесуінде облыс әкімі кез келген мәселенің тыңдалатынын, ауданға келудегі негізгі мақсат та сол екенін атап өтті:

— Бүгінге дейін 8 ауданды аралап, кезек өздеріңізге келді. Мұндай форматтағы кездесу Ырғыз ауданында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Тарихы терең Ырғыз ауданына келудегі мақсатымыз — халықпен жүздесіп, оларды толғандырған мәселелерді білу.

Елдегі саяси ахуал тұрақты. Елбасының жақында өткен Nur Otan партиясының кезекті съезінде көптеген тапсырмалар бергенін білесіздер. Соның ішінде халықтың әл-ауқатын арттыруға маңыз берілді. Осыған орай облыста бірқатар жұмыстар жоспарланып отыр. Бүгінгідей кездесулерде де айтылған мәселелерді сараптай келе, алдағы жұмыстарды  бағдарлайтынымыз бар. Сондықтан біз осында мәселелеріңізді тыңдауға келгенімізді тағы да айтқым келеді, — деген соң, артынша аудан әкімі Мәди Елеусізовтің баяндамасы тыңдалды.

15 мың халқы бар өлкеде барлық сала бойынша жұмыстар өз кезегімен атқарылып жатыр. Тек құрылыс көлемі, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда,  төмен екен. Сондай-ақ, көшелерді асфальттау, ауызсу жүйесін қайта жарақтандыру жағынан мәселелер бар. Жағымды жаңалықтардың қатарында биыл Жаныс би ауылында газ құбыры іске қосылатынын атап өту керек.

— Ырғыздың бюджеті 3,7 миллиард теңге болса, оның 558 миллион теңгесі ауданның кіріс көздері арқылы келген. Яғни қалған қаражат республикалық бюджеттен келді деген сөз. Осыны ескерсек, әлі де бюджеттің кіріс бөлігін молайту керек. Табыс көзін көбейту үшін кәсіпкерлікті қолдап, бұл жағынан жұмысты күшейтуді тапсырамын. Сіздердің аудандарыңызда 646 шағын және орта бизнес субъектісі барын, оларды қолдау жағынан алдыңғы қатарда екеніңізді білемін. Бірақ мүмкіндіктеріңізді мейлінше кеңінен пайдалану парыз, бар жағдай жасалған. Сол арқылы аудан бюджетінің кірісі де ұлғаяды.

Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар бар. Соларды тиімді пайдалану керек. Мысалы, былтыр «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында бірде-бір жоба мемлекеттік қолдауға ие болмапты. Бұл жұмысты одан сайын қарқынды қылу керек. Бұндай талап басқа аудандарға да қойылып отыр, — дей келе, Ырғыздың туризмін дамытып, жол бойындағы қызмет көрсету орындарын көбейту керектігін ескертті Оңдасын Оразалин.

БІЗДІҢ ДЕРЕК

Аудан орталығы — Ырғыз ауылында қазіргі таңда 6,8 мың адам тұрады

Сұрақ-жауапқа кезек келгенде зейнеткер Терек Қарғабаев аудан орталығының өзінде ультрадыбыстық зерттеу құрылғысының, жалпы медициналық тексерілуге қатысты құрал-жабдықтардың қат екенін айтты. Оңдасын Оразалин мәселенің көтерілуі орынды екенін, бұған қатысты құзырлы органдарға тапсырма беретінін жеткізді. Ал Нұрқасым ақсақал мен Қуанышбай Кенжебаевтар өзен-көлдің ортасында отырған ырғыздықтарда ауызсудың жетіспеушілігі барын, сосын су қорын жинау үшін платина салу жайы қолға алынуын сұрады. Облыс әкімі түйткілді шешуге тырысатынын, аудан әкімі арқылы көп ұзамай жауап берілетінін білдірді. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов те ауызсуға қатысты жобаны күз мезгілінде республикалық бюджетке нақтылауға ұсынатынын қосты. Аудандық өнер мектебінің мұғалімі Ләззат Айтқұлова өзі жұмыс істейтін мекемеге ғимараттың керектігін, қазір отырған нысанның өте ескі, сахнасы жоқ екенін айтты. Мәди Елеусізов бұған қатысты жаңа мектеп пен әкімдіктің ғимараты тапсырылғанда, күзге дейін бұл мәселенің шешілетінін атап өтті. Рақымжан Өтеміс ауданда ағаштың егілмейтінін, тиісінше ол жұмысты жүргізу үшін орман шаруашылығы мекемесін ашу керектігін ұсынып, обаға қарсы станциясының да керектігін айтты. Облыс әкімі сала мамандарына бұл сұрақтарды зерттеуді тапсырды.

Жиыннан соң облыс әкімі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қабылдауға негізінен ырғыздық кәсіпкерлер келіп, шаруа қожалық, жол бойындағы кемпингке жарықты өткізуде қолдауға мұқтаж екенін айтты. Ал Ырғыздағы музейдің директоры Әлібек Таубатыров Жаманшың кратерін мемлекеттік қорға өткізуді сұраса, ауыл тұрғыны Нұргүл Жұбаназар мемлекеттік бағдарламамен салынған үйі сын көтермейтінін, қардың суы кіретінін айтып шағымданды.  Кейуана Кәмила Бисенбаева мүгедек баласына баспана керектігін айтып, кезектің жылжымайтыны жөнінде мұң шақты. 6 ырғыздық азаматтың арыз-тілегін тыңдаған Оңдасын Сейілұлы  барлығының хаттамаға жазылғанын, мүмкіндігінше көмектің көрсетілетінін баян етті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button