Әлеумет

Coworking space — «Кедергісіз келешектің» жемісі

 Ақтөбе облысына сапары кезінде Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Оңдасын Оразалин және қала әкімі Ілияс Испанов ерекше талаптарды қажет ететін жандарға арналған «Coworking space» орталығына барды. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ашылған бұл орталық мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетуге бағытталған.

Орталық жұмысын үйлестіруші, «Алаш» мүгедектер қоғамының төрағасы Әлібек Елеусізовтің айтуынша, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылықпен айналысып, өз мүмкіндіктерін дамытуға және түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қажетті барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ орталықта мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бос уақыттарын тиімді өткізулеріне арналған кітапхана мен шағын кино залы жұмыс істейді. Келушілердің шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы ойнап, музыкалық аспаптармен көңіл көтерулеріне де мүмкіндік бар.

— Мүмкіндігі шектеулі жандардың басын қосатын орталық ашу біздің ойымызда бұрыннан жүрген еді. Кейін Құралай Базарбайқызына осы ұсынысымызды айтып барғанымызда ол кісі бізге жол көрсетті. Арманымыз ақиқатқа айналып, қалалық әкімдік, Nur Otan партиясының облыстық филиалы бір кісідей атсалысып, коворкинг орталығын жүзеге асырдық. Алдағы уақытта бұл жерде істен шыққан компьютерлерді жинайтын шағын цех ашқымыз келеді, — деді Әлібек Елеусізов.  

Мұндай орталықтардың кез келген қоғам үшін маңызы зор екенін айтқан Мәулен Әшімбаев елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «кедергісіз орта» қалыптастыру Елбасы, Партия Төрағасының тікелей тапсырмасы екенін жеткізді. Сондай-ақ ол Nur Otan-ның осы бағыттағы жұмыстарына тоқталып, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында партия мүмкіндігі шектеулі жандардың инклюзивті білім алуы мен жұмысқа орналасуына ықпал ету және олардың қоғамдық іс-шараларға белсене қатысуына жол ашу жұмыстарына басымдық беріп отырғанын атап өтті.

Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ашылған коворкинг орталығына кеңсе техникасының сертификатын табыс етті. Өз кезегінде Партия Төрағасының бірінші орынбасарына ризашылықтарын білдірген орталық мүшелері естелік ретінде қолдан жасалған «Алма ағашы» бейнесіндегі кәдесыйды сыйға тартты.

Сондай-ақ дәл осы күні Мәулен Әшімбаев облыс орталығындағы автоклавты газбетон блоктарын дайындайтын «ТД Фотон» зауытына арнайы барып, кәсіпорында жүргізіліп жатқан жөндеу және жаңғырту жұмыстарының жай-күйіне назар аударды. Жуырда салтанатты түрде іске қосылатын зауыт толықтай неміс технологиясымен автоматтандырылған.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button