Басты жаңалықтар

«Ауыл — ел бесігі»: жүзеге асқан істер

Nur Otan партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапары түстен кейін Қобда ауданында жалғасты. Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған топ алдымен Қобда ауылындағы орталық саябақта орналасқан Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ауыл ақсақалдарымен кездесті.

Кейін Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Ауыл — ел бесігі» және «Құтты мекен» партиялық жобалары аясында аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар барысымен танысты. Алдымен Қобда ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне барған олар ғимарат ішін аралап шығып, ауданның жас спортшыларымен кездесті. — Елімізде жастардың кемел болашағы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Кім болам десеңдер де жолдарың ашық. Ең бастысы, сабақтарыңды жақсы оқып, бос уақыттарыңды тиімді пайдалана біліңдер. Алдарыңа үлкен мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында адал еңбек етіңдер. Осындай үлкен спорт ғимараттары, мәдениет орындары, барлығы сендердің болашақтарың үшін, — деп тілегін білдірген Мәулен Әшімбаев ауданның жас спортшыларымен естелік суретке түсті. Аудан орталығындағы 2 мың шаршы метр алаңда орналасқан дене шынықтыру және сауықтыру кешені пайдалануға өткен жылдың маусым айында берілген. Мұнда бассейн, бокс және фитнес залдары, баскетбол және волейбол алаңдары, шағын футбол ойнайтын аумақ бар. Кешен киім ауыстыратын кең бөлмелермен және жуынатын кабиналармен жабдықталған. Бұдан соң Мәулен Әшімбаев пен Оңдасын Оразалин Исатай Тайманов атындағы Қобда мектеп-гимназиясында болып, мектеп ғимаратында ашылған «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен балаларға арналған «Тегін 1000 ІТ сынып» партиялық жобасы аясында ашылған ІТ сыныптың жұмысымен танысты. Өз кезегінде аудан әкімі Мейрамбек Шермағамбет Елордадан келген партия өкіліне аудан жастарының Жастар жылында кәсіпкерлік саласында мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылатын жобаларын таныстырып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Аудан бойынша көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмек туралы да ақпарат берді. — Ауданда барлығы 4284 отбасы болса, оның 155-і — көпбалалы отбасылар. Оның ішінде 64 отбасы аз қамтылған. 2019 жылдың 1 қаңтарына жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 180 отбасыға, яғни 975 адамға 38,8 миллион теңге қаражат бөлінді. Nur Otan партиясының съезінде Елбасы аз қамтылған және көпбалалы отбасылар тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібін енгізуіне орай, 2019 жылдың 1 сәуіріне жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 286 отбасыға, яғни 1330 адамға 140,5 миллион теңгеге жоспарлануда, — деді аудан әкімі Мейрамбек Шермағамбет. Бұдан өзге партия Төрағасының бірінші орынбасары мектеп-гимназияның асханасында болып, «Мектеп асханалары» партиялық жобасының маңыздылығын айтты. Сапар соңында ауданға келген қонақтарға «Айқаракөз» әжелер ансамблі әдемі әннен шашу шашып, батасын берді. Осы ретте Ақтөбе облысында «Ауыл қамқоршысы» атты игі бастаманың қолға алынғанын атап өткен жөн. Соған сәйкес жергілікті кәсіпкерлер өз туған ауылдарын қамқорлыққа алып, оның дамуына қолдау көрсетіп келеді. Нәтижесінде өткен жылы облыстағы атымтай жомарт азаматтар ауылдық жерлерде жалпы сомасы 2 млрд теңгені құрайтын 344 жобаның жүзеге асырылуына мұрындық болған. Биыл да «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таппақ.

Ақерке МӘЛІКҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button