Жаңалықтар

Балабақшалар сенімгерлік басқаруға  берілмейді

Анық-қанық

Ақтөбеде  балабақшаларды сенімгерлік басқаруға беру уақытша  тоқтатылған болатын. Алайда конкурс өтіп, келісімшарты жасалынған үш балабақшаның ұжымы алаңдап отыр. Олар мекеменің жекеге өтуіне қарсы.  Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов осы мәселе бойынша балабақшаларды аралады.

Қала ортасындағы №16 «Аққайың» балабақшасының ұжымы  сенімгерлікпен басқаруға қарсы.

— Себебі кәсіпкер бірінші кезекте өзінің жағдайын ойлайды. Ал мемлекеттік балабақшаларда бала мен ата-ананың жағдайы бірінші  орында тұрады. Тағы бір мәселе,  балабақшадағы кейбір қызметкерлер тұрғын үй кезегінде тұр. Егер сенімгерлікпен басқаруға берілсе, олар кезектен алынып қалады. Қысқарту жүйесі жүруі мүмкін. Тәрбиешілер  де, ата-аналар да қобалжулы, — деді балабақша меңгерушісі Марал Ермағанбетова.

Меңгерушінің сөзін облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева қостады. Оның айтуынша, қаладағы №16, №21 және Ясный ауылындағы №28 балабақшаны сенімгерлік басқаруға беру үшін конкурс өтіп, келісімшарт жасалынған. Егер аталған балабақшалар жекенің қарамағына өтсе, тұрғын үй кезегінде тұрғандар кезектен бірден алынып қалады және емдік, басқа да жеңілдік  жәрдемақылар төленбеуі мүмкін. Себебі заң бойынша кәсіпкер бұндай жәрдемақыларды төлеуге міндетті емес.

Жалпы жұмыс жасап тұрған мектепке дейінгі мекемелер сенімгерлік басқаруға берілмеуі керек. Бірақ соған қарамастан қаладағы 9 балабақша кәсіпкерлердің қолына өтіп, үшеуінің құжаты жасалған.  Басқарма басшысы ілгеріде жекенің қолына өткен балабақшалардың 11 пайызы ғана  «Балапан» бағдарламасы арқылы қайтарылғанын, қалғандары мейрамхана, фитнес клубқа айналып кеткенін айтты.

Ұжымның арыз-өтініштерін мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов облыс әкімінің тапсырмасы бойынша мәселе жан-жақты тексерілетінін, балабақшаның жекеге өтпейтінін, осы шаруаға қатысты тиісті адамдар жауапкершілікке тартылатынын айтты.

Ал №21 «Кәусар бұлақ» балабақшасының ұжымы облыс әкімінің орынбасарына бар мұң-мұқтаждарын жеткізді. Балабақша меңгерушісі Света Қосыбаеваның айтуынша, осы мәселе көтерілгеннен ұжым қарсылық білдірген. Тіпті Қаржы министрлігіне дейін хат жазған. Министрліктен «сенімгерлік басқаруға беру тоқтатылсын» деген жауап та келіпті. Алайда қалалық әкімдік бұған құлақ аспаған. Меңгерушіні шақырып, мемлекетте қаржы жоқ екенін, сондықтан жекеге беруге мәжбүр екеніндіктерін  айтып, көндірген. Кейін облыстық білім басқармасынан да сенімгерлікке беру уақытша тоқтатылғаны жөнінде хат келген. Бірақ қызметкерлердің қуанышы ұзаққа созылмапты. Наурыз айында қалалық әкімдік конкурс өткізіп, келісімшарт жасаған. Мекеменің кәсіпкердің қолына берілетінін естіген қызметкерлер тіпті ұйықтаудан қалған, еңбекке құлшыныстары төмендеген.

Мен —  ұжымдағы жас тәрбиешінің бірімін. Болашағымды мемлекеттік мекеме арқылы елестетемін. Баспана кезегіне тұрып, үй алғым келеді. Егер мекеме жекеге өтсе, осындағы мен секілді жастар және  үйсіз жүрген қызметкерлер кезектен алынып қалады. Емдік жәрдемақы да төленбеуі мүмкін. Осы мәселені естігеннен кейін барлығымыздың көңіл күйіміз жоқ. Уайымдап жүрміз, — деді Аяжан Әбдірахманова.

Ал Шолпан Қуанова тіпті жұмысынан айырылып қаламын ба деп қорқады. Зейнетке шығуына аз қалған маман осы жерден кетсе, жұмыс табатынына сенімсіз. Ал жоғары  санаттағы тәжірибелі мамандар мекеме жекеге өткенде барлық жетістіктері есепке алынбайтынын, еңбекақылары дұрыс төленбейтінін айтты. Енді бірі жекеменшікке берілген балабақшалардың жағдайы мәз еместігін алға тартты. Ата-аналар балаларын алып, мемлекеттік балабақшаға әкеліп жатса, енді бірінде тәрбиешілер түгелімен ауысқан.

Облыс әкімінің орынбасарына барлық мәселені айтқан қызметкерлер мемлекеттік мекемеде бақылау болатынын, ал жеке балабақшаны  кез келген уақытта тексеру қиын екенін, бұндай жағдайда бірінші балалар зардап шегетінін айтып, мәселені шешіп беруін сұрады.

Марат Тоқжанов қызметкерлерді сабырға шақырып, балабақшаның сенімгерлік басқаруға берілмейтінін айтты.

— Біздің мақсатымыз — ұжыммен кездесіп, сіздердің ойларыңызды біліп, жан-жақты шешім қабылдау.  Облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы тікелей  тапсырма беріп, мәселені зерттеуді жүктеді. Мәселе қалай болса да тоқтатылады. Бүгінгі күні ешқандай балабақша сенімгерлікке берілмейді. Сенімгерлікке берілгеннен кейін балабақшаның жағдайы жақсарады дегенге менің өзім сенбеймін. Неге бірде бір облыста балабақшалар сенімгерлікке берілмейді, ал  біз неге топтап береміз? Егер қалада қаржы жоқ болса, олар табуға міндетті. Балалардан қаржы үнемдеуге рұқсат жоқ, — деді облыс әкімінің орынбасары. Сондай-ақ қызметкерлерді ешқандай алаңсыз жұмыс істеуге шақырды.

Облыс әкімі орынбасарының сөзінен кейін тәрбиешілер  қуанып, алғыстарын жаудырды.

Жалпы республика бойынша тек қана Нұр-Сұлтан қаласында — бір, Ақтауда бір балабақша  сенімгерлікке берілген. Ең көбі біздің облыста ғана болып тұр. Марат Тоқжанов бұған дейінгі жекеге берілген балабақшалардың да жағдайы назардан тыс қалмайтынын айтты.

Облыс әкімінің орынбасары Ясный ауылындағы №28 балабақшаға да барып, ұжыммен кездесті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button