Басты жаңалықтар

Наурыз: ырыс пен береке бастауы

Наурыз — жыл басы. Бұл айда күн мен түн теңеліп, табиғат атаулы жаңаруды бастан кешеді. Алты ай қыста сіресіп жатып алған қардың шеті сөгіліп, осы айда күн жылуы молая бастайды.

Ең бастысы, халқымыз алдағы күндердің жақсылығы мен қуанышының бастауы Наурызда деп біледі.

Сондай ізгі ниеттермен басталған Наурыз айы елімізге жаңа жылды енгізіп, сәуірге жол бергелі отырды. Сонымен, Наурыз несімен есімізде қалмақшы…

Жаңғырту жолымен

Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мәлімдеме жасап, биліктен кететінін жариялады. Ол Тұңғыш Президент — Елбасы мәртебесіне ие екенін және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы,Nur Otan партиясының Төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі ретінде қызмет ете беретінін айтып, «Өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы менің мүддем болып қала береді. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім — басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізді жаңғырту процестерін жалғастыратын болады», — деді.

Бұған дейін Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы болып келген Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік тізгінге ие болып, ант қабылдады.

Наурыз айының соңында облысқа келген Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қатысумен өткен жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин Nur Otan партиясы облыстық ұйымының төрағасы болып сайланды.

«Басталған іс мезгілінде аяқталуы тиіс»

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин басшылыққа келген бір ай мерзім ішінде облыс аудандарын түгелдей аралап шықты. Ол жергілікті жерлердегі шешімін күткен әлеуметтік мәселелерге назар аударып, жұртшылықпен жүздесті, жеке қабылдаулар өткізді.

Аудандардағы атқарушы билік органдары басшылары назарын елде атқарылуы тиісті басымдықтағы бағыттарға аударды. Мәселен, Қобда ауданында «Ірі шаруашылықтар еңбек өнімділігін арттыруға бағыт ұстауы қажет» екендігін айтса, Қарғалыда болғанда «ауыл шаруашылығының табыстың қайнар көзі» ретінде қарастырылуы тиістігіне көңіл бөлді. Мәртөкте өткен кездесуде «Жас ұрпақты еңбексүйгіштікке тәрбиелеу — бүгінгі күннің маңызды істерінің бірі» екендігін тілге тиек етті. Мұғалжар өңірі тұрғындарымен бетпе-бет әңгімеде «масылдық психологиядан арылу» жайы алға тартылды. Ал Хромтау секілді ірі өндірісті ауданның облыста рейтингтік көрсеткіші 11-ші орынды көрсетіп тұрғаны сынға алынды.

Осындай мәселелер басқа аудандарда да көтерілді.

Облыс басшысы қай жерде де «басталған істің мезгілінде аяқталуы қажеттігін, қолға алынған құрылыстардың ұзаққа созылуы тиіс еместігін» ескертті.

«Ақтөбе Медиа» — Наурыз мерекесінде

Биыл Ақтөбе қаласының 150 жылдығына байланысты Наурыз мерекесіне де ерекше реңк берілді. 150 кәсіпкер 12 мың литр наурыз көже,  11 тонна палау және  10 тонна бауырсақ пісіріп, тегін таратты.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС облыстық «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығына орай арнайы киіз үй тікті.  Мұнда ғасырға жуық уақыт бойы облыс жылнамасы ретінде жарық көріп келе жатқан басылымның тарихына қатысты құнды деректер көпшілік назарына ұсынылды. Газет қызметкерлері әр кезеңде пайдаланған баспа машиналары, телефон-диктофондар мен фотоаппараттар, газеттің алғашқы сандары, серіктестік шығарған газет-журналдар мен кітаптар, ескі линотип машинасы жұртшылықтың қызығушылығын туғызды.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұйымдастырған «Ақтөбе» газетіне — 95 жыл» көрмесінде болып, онда облыс басшысына «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин өзі жетекшілік ететін медиахолдинг жұмысы туралы айтты.

Кремльдегі концерт

Мәскеуде жерлесіміз Димаш Құдайбергеннің екі күнге созылған концерті үлкен табыспен өтті.

Бұл концертке әлемнің 56 елінен 500-ге тарта жанкүйер жиналған.

Ресей астанасындағы мемлекеттік Кремль сарайындағы 6 мың көрерменге шақталған үлкен залда екі күнге созылған концертте Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов, ресейлік белгілі әншілер Борис Моисеев, Олег Газманов, Анита Цой, басқа да мәдениет майталмандары болған. 

Ақтөбеден бөлек, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстарынан арнайы көрермендер келген.

Шығармашылық кеште барлығы 20-дан астам қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз, испан, итальян тілдеріндегі әндер шырқалды.

29 маусымда Елордада Димаштың «Арнау» атты концерті өтпекші. Одан бұрын жас әнші Мәскеуде ұйымдастырылатын дәстүрлі «Муз-ТВ» музыкалық бәйгесіне қатыспақ.

Көктемдегі қоныстойлар

Жаңару айында облыстың көптеген тұрғындары жаңа үй иелері атанды. «Жастар» арнайы бағдарламасы аясында әлеуметтік салада қызмет ететін жігіттер мен қыздардың екінші легіне пәтер кілттері табыс етілді.

Бұл жолы әртүрлі салада еңбек ететін 50 ақтөбелік жас  қуанышқа бөленді.

Жергілікті билік пен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ бірлесіп жүзеге асырған «Жастар» бағдарламасы осындай игілікті мүмкіндіктерге жол ашты. Жас отбасылар «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы бір бөлмелі пәтердің құнын ұзақ мерзімге бөліп төлей алады.

Мұндай қоныстойлар аудандарда да жалғасуда. Мәселен, Алға қаласында салынған бес қабатты 60 пәтерлік жалдамалы тұрғын үйден пәтер алған «Күміс алқа» иегері Айман Төлеуова — осындай қуаныш иесі.

Шалқар қаласында  жергілікті бюджет есебінен берілетін жаңа пәтерлердің сертификаттары әлеуметтік жағына аз қамтылған отбасыларға тапсырылды. Олардың қатарында Гүлмира Үсенова, Үмітжан Әлменова, Қалдан Өтеулиева секілді аналар бар.

Ал Ақтөбе қаласындағы орталық «Нұр Ғасыр» мешіті мен «Зекет» қорының облыс бойынша өкілдігі бірлесіп «Ел үлесі — пәтерге» жобасын іске қосуы жақсы жаңалық болды. Олар жыл соңына дейін 12 ауданнан 12 жағдайы қиын отбасылардың тұрғын үй мәселесін оңтайлы шешпекші.

* * *

…Сонымен, сәуір айы «есік қағып» тұр.

Халық айтқандай, «Сәуір айы — тәуір ай» болсын!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button