Басты жаңалықтарМәдениет

Кремльдегі әсерлі ән кеші

Мәскеу қаласында жерлесіміз Димаш Құдайбергеннің концерті өтті

Редакциямызға келген әншінің анасы Светлана Айтбаева 22-23 наурызда Ресей Федерациясының бас қаласында ұйымдастырылған концерттің жай-жапсары мен алдағы жоба-жоспарлар туралы айтып берді. Ал Димашпен бірге Мәскеуде өнер көрсеткен ұстазы Марат Әйтімов жаңа дуэт жөнінде ой бөлісті.

Дәстүрге айналған дидарласу

Ресми дереккөздерге сүйенсек, әншінің Мәскеудегі концертіне әлемнің 56 елінен 500-ге тарта жанкүйері жиналған. Димаштың шашбауын көтеріп, қолдау көрсетуге келгендердің қатарында еліміздің бірқатар облыстарынан арнайы барған тыңдармандары да бар. Дәстүр бойынша олар концерттің алдында кездесу ұйымдастыру арқылы өзара пікір алысып, танысады. Бұл жолы аталған кешке жерлесіміздің ата-әжесі, анасы, достары да қатысқан.

— Димаштың қай концерті болсын, соның алдында міндетті түрде фан-кездесуі өтеді. Бұл кезінде Астана, Лондон қалаларында да көрініс тапқан еді. Сондықтан дәстүрге айналған кездесу Мәскеуде жалғасын тапты. Мұнда бұған дейін әлеуметтік желілер арқылы өзара хабар алысып жүрген тыңдарман қауым танысып, бірге ән айтып, түрлі ойындар өткізеді. Мақсат — Димаштың әнін сүйіп тыңдайтын жігіттер мен қыздар арасында достық қарым-қатынасты орнату, олардың қызықтырған сауалдарына жауап беру.

Бұл жолы шараға 400-500 адам жиналды. Сосын ата-әжесі, бауырлары, достары, бәріміз бардық. Кездесу өте жақсы өтті. Жер-жерден келген тыңдармандардың ықыласына риза болдық, — дейді Светлана Айтбаева.

Кездесуге қатысқандардың бірі — германиялық Ольга Терекоф. Жұбайымен Мәскеудегі концертке арнайы келген ол бұған дейін Лондондағы осындай басқосуға да қатысыпты.

— Әлемнің түкпір-түкпірінен концертке келген фанаттар боп кездестік. Алты сағатқа созылған кешке ата-әжесі, анасы, достары келді. Бірге ән шырқап, байқаулар өткізіп, тамаша кездесу өткіздік.

Димаштың шығармашылығымен бір жыл бұрын таныстым. Содан бері үзбей бақылап келемін. Қазақстанда әлі болған жоқпын, биыл Астанада өтетін концертіне барып қалуым мүмкін, — дейді Ольга ақпарат құралдарына берген сұхбатында.

«Қос концерт те аншлагпен өтті» 

Екі күнге созылған концерт Ресей астанасындағы мемлекеттік Кремль сарайында өтті. 6 мың көрерменге шақталған үлкен залда белгілі тұлғалар да төбе көрсеткен. Бұл туралы Димаштың анасы:

—  Әу баста концертті тек 22 наурызда өткізуді жоспарлаған едік. Бірақ сол күнгі концерттің билетінің бәрі өтіп кеткен соң, халықтың сұрауы бойынша тағы бір концерт беруге бекіндік. Шүкір, екі концерт те аншлагпен өтті. Көрермендердің қатарында Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Ресей премьер-министрінің жары Светлана Медведева, ресейлік белгілі әншілер Борис Моисеев, Олег Газманов, Анита Цой, басқа да мәдениет майталмандары болды.  Ақтөбеден бөлек, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстарынан келген жұртшылыққа алғысымды білдірсем деймін.

Концерттің бір бөлімі тұтастай ұлттық музыкаға арналды, Димаш үстіне этностильдегі костюмін киіп, халық әндерін орындады. Күй тартты. Сондай-ақ, ресейлік танымал композитор Игорь Крутоймен бірлесе өнер көрсеткен бөлім болды, — дейді.

Шығармашылық кеште ұзын саны 20-дан астам қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз, испан, итальян тілдеріндегі әндер шырқалды. Жаңа туындылар да көптеп шырқалыпты. Әсіресе, француз әншісі Лара Фабианның сөзіне жазылған композитор Игорь Крутойдың сазына жазылған «Мадемуазель Хайд» әнін жиналғандар ерекше жылы қабылдаған. Екі жарым сағатқа созылған концертте Димаш өзінің ұстазы — Марат Әйтімовпен дуэт орындағанын да айта кету керек. Ал композицияларды бимен көркемдеген — «Тодес», «Астана балет» ұжымдары.

Сөз арасында Светлана Айтбаева сахналық киімдерін дайындаған қазақстандық дизайнерлерге ризашылығы шексіз екенін атап өтті:

— Димаш қашанда отандық өнімді қолдайды. Соның бір көрінісі ретінде концертке киіп шыққан костюмдерінің барлығының қазақ сәнгерлерінің қолынан шыққанын айтуға болады. Ақтөбелік дизайнер Дана Нәби, сондай-ақ шеберлер Сұлтанхан мен Шоқанның еңбегін айрықша атап өтпесем болмайды.

Жоспар бойынша концерттің телевизиялық нұсқасы алдағы сәуір айында жарыққа шықпақ.  Димаштың өзі Ресейдегі алғашқы концерті туралы:

— Рақмет, Мәскеу! Екі күн қатарынан  Кремльде аншлаг болды! Сіздер үшін өнер көрсеткенім үшін бақыттымын. Осы жобамен жұмыс істеген барлық адамдарға шын жүректен алғысымды білдіремін, — деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында.

Димашпен дуэт: «Speak softly, love»

Әлгінде айтқанымыздай, концерттің басты ерекшеліктерінің бірі — Димаш ұстазға деген құрметтің әдемі үлгісін көрсетті. Мәскеудің төрінде өзінің Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінде тәлім алған ұстазы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімовпен қос дауыста итальян тіліндегі әнді шырқады. Димаш кішкентай кезінен-ақ осы сахнада ағайымен бірге өнер көрсетуді армандаған екен…

— Биылғы қаңтар айында Димаш маған сәлем бере келгенде, «екеуміз Кремльде өтетін концертімде дуэт орындасақ…» деп ұсынысын ортаға салды. Артынша итальян тіліндегі осы әннің өзіне ерекше ұнайтынын жеткізді. Бұл композиция «Крёстный отец» фильмінен алынған, сөзін Ларри Кьюзик, ал әнін композитор Нино Рота шығарған. «Speak softly, love» деп аталады. Басқа тілдегі ән болса да, орындау соншалықты қиын болған жоқ. Көрермендер де жақсы қабылдады.  

Әрине, шәкіртіммен Кремльде ән айтқаныма қуаныштымын. Осындай ізет көрсеткеніне де разымын. Алдағы уақытта басқа да әндерді бірігіп орындаймыз деп ойлаймын, — дейді Марат Әйтімов.

P.S. Светлана Айтбаеваның айтуынша, Димаш Мәскеудегі концертінен соң бірден Бейжің қаласына ұшып кеткен. Қытай астанасында бірнеше концерті, телевизиялық түсірілімдері бар екен.

Тағы бір жаңалық — бұл күндері жерлес әншіміздің алғашқы альбомы жазылып жатыр. Үлкен еңбекті һәм ізденісті қажет ететін жұмыстың нәтижесі жоспар бойынша жыл соңына дейін жарыққа шығады деп жоспарланған. «Әр ән студияда ерекше ыждағаттылықпен жазылу үстінде. Өйткені барлық талаптарға сай келуі керек. Бұйыртса, биыл шығуы тиіс. Қанша ән болады, қай елден шығады, ол жағы әзірге құпия болып қалсын», — дейді әншінің анасы. Сондай-ақ, 29 маусымда Елордада Димаштың «Арнау» атты концертінің өтетіні белгілі, қазіргі таңда соның дайындық жұмыстары қызу пысықталып жатқан көрінеді. Одан бұрын жерлесіміз 7 маусым күні Мәскеуде ұйымдастырылатын дәстүрлі «Муз-ТВ» музыкалық бәйгесіне қатыспақ.

НЕ ДЕЙСІЗ?

Игорь КРУТОЙ,

Ресей мен Украинаның халық артисі:

— Димаштың Кремль сарайында өнер көрсетуі шын мәнінде үлкен оқиға. Алда көп концерт, бағдарлама бар. Бірақ бұл концерт оның өмірінде, көрермендердің өмірінде бірінші болып қалады.

Өте талантты әнші Димашқа ән жазу мен үшін үлкен құрмет. Оның жаңа бағдарламаларын, жаңа әндерін бүкіл әлем күтетініне сенімдімін.

Талғат ТЕМЕНОВ,

Қазақстанның халық артисі:

— Жыл басы — Жаңа жылда Мәскеу төрінде Димаштың үлкен концерті өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен Димашты іздеп, бірнеше мемлекеттерден жанкүйерлері келді. Кремль сахнасында қазақтың әні шырқалып, Димаштың фанаттары шексіз қуанышқа бөленді. Игорь Крутой қазақтың Димашына тамсанды. Иманғали Нұрғалиұлы бастаған ел азаматтары аталмыш кештің қонағы болдық. Жастар жылы аясында тағы да еліміздің атынан суырылып шығып, әлемге Қазақ елін танытып қана қоймай, өнеріне тамсандырып, таңғалдырған Димаш үшін қатты қуандым.
Жасай бер, қазақтың баласы!

Айнұр ТҰРСЫНБАЕВА,

айтыскер ақын:

— Келдік, көрдік, сүйсіндік! Далада әрі-бері жүгірген орыстардың «Димаштың концертіне билет бар ма?!» деп қапылып жүргенін, Қызыл алаңды қоршаған әскер Димаштың концерті үшін қызмет қылғанын, Кремльдің «аузы-мұрнынан» шыққан xалық қазақтың әніне қосылып тұрғанын, қытай, ағылшын, түріктердің «Дайдидауды» тыңдап, жылағанын, 6 мың xалықтың біздің домбыраның үніне тік тұрып қол соққанын көрдік… Игорь Крутой, Анита Цой бастаған дүлдүлдердің Димашқа құрмет көрсеткенін де көрдік. Иманғали ағамыз бастаған ел азаматтарының Димаш үшін марқайып тұрғанын көрдік. Концерт біткен соң да 1 сағат бойы тарқамай тұрып алған xалықты көрдік. Әлемге аты кеткен бармақтай баламыз үшін көзімізге жас келді. Тәубе дедік ішімізден.. Тіл-көзіміз тасқа. Қазақтың бағына біткен қаршадай балаға Аллам өзің қорған бола көр деп дұға қылдық.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button