Ауыл

Несиеден басталған несібе

Қобда ауданының Қызылжар ауылында тұратын Ғабидолла Бекбосынов — өз кәсібін дөңгелентіп отырған кәсіпкерлердің бірі. Құрылғанына небәрі бес-алты жыл болса да, бұғанасы бекіп, қанат жайып үлгерген «Ажар» шаруа қожалығы — бүгінде аудандағы басқа кәсіпкерлерге үлгі етіп көрсетуге болатын қожалық.

Қожалық меншігінде 3600 гектар жер бар. Қазір Ғабидолла Бекбосынов тоғыз жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Қожалық ауданға ауқымды инвестиция тартып, оның экономикасының ілгерілеуіне де біршама үлес қосып келеді. Қазір шаруашылыққа қарасты жайылымдарда 400 ірі қара, 200 қой-ешкі, 30 жылқы жүр.

— Шаруамды бастаған кезде «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 30 миллион теңге тиімді несие алғанмын. Несие шарттары өте қолайлы — жылдық алты пайызбен алдым, оған қоса екі жыл каникулы тағы бар. Бұл да шаруаға кәсібін дамытуға мол мүмкіндік екен.  Мал басын көбейттім, ірі қаралар негізінен қызыл далалық сиыр. Алайда асылдандыру бағдарламасы аясында жыл сайын тек асылтұқымды бұқа қосып, малды асылдандыруға да күш салып отырмын. Соның арқасында бүгінде бұзаулар көз алдымызда іріленіп жатыр, — дейді кәсіпкер.

Шаруаның ретін білетін кәсіпкер мемлекеттің жерден несібесін емген шаруаға деген көмегінің ұшан-теңіз екенін айтады. «Тиімді шарттармен несие беріледі, оған қоса алған несиеңді субсидиялайды. Оның өзі біз секілді ауылдағы кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік», — дейді ол.

Ғабидолла Бекбосынов сонау 90-жылдары Ақтөбе қаласында жүк тасымалы кәсібімен айналысқан. Кейін шаруасын ауылдық жерде жалғастыруды ұйғарған. Ауыл шаруашылығына қатысты кәсібін өзінің туған жері Қобдадан бастаған ол төрт түлік өсіруді қолға алғанын айтады. Бүгінде шаруасы дөңгеленген кәсіпкердің айтуынша, ауыл шаруашылығын дамытудың басты шарты — мал тұрағының жайлы болуы. «Мал — баққандікі» демекші, мал басы артқан сайын, оған жайлы тұраққа да сұраныс ұлғаятыны белгілі. Сол үшін тағы бір еңселі, аумағы үлкен мал базының құрылысын биыл аяқтаған.  Қазір шаруашылықта үлкен 2 мал базы бар. Оған қоса төрт түлікті суару үшін үш бірдей су скважинасын қазған.

— Мал шаруашылығына қоса егіншілікпен де айналысқан дұрыс. 100 гектардан астам алқапқа күзгі бидай, арпа егемін. Мемлекеттің қазір су сорғыштар үшін электр желісін тартып беретін бағдарламасы арқылы бау-бақша егуді қолға алмақшымын, — дейді шаруа.

«Ажар» шаруа қожалығында өндірілген ет Алға ауданындағы «Актеп» шаруашылығына өткізіледі.  Әрбір келі етке 200 теңге қосымша төлейтін арнайы жобаға ілігіпті. Бұл да мемлекеттің шаруаларға деген қамқорлығының бір көрінісі.

«Ажар» шаруа қожалығы Елбасы айтқан отбасылық бизнесті дамыту қағидатына да саяды. Ғабидолланың екі ұлы шаруаға қолғабыс етіп, техника жүргізсе, жұбайы бухгалтерия, есеп-қисап, салық, жалақы сынды мәселелермен шұғылданады екен. Ал қызы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірті.

Шаруаға мығым азамат ауыл-елге де жанашыр. Қоғамдық істерден қалғысы жоқ. Ауылдастары оның игі істердің басынан табылатынын, қолынан келген көмегін аямайтынын айтады.

 

Талғат БАҒЫБЕРГЕНҰЛЫ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button