Ауыл

Жеті тауықтан үлкен кәсіпорын жасауға бола ма?

Базарбай Ақниязов тіс дәрігері болып бірнеше жыл қызмет атқарған. Жылдар өте келе сүйікті мамандығын бизнеске ауыстырды. Дегенмен ол қазіргі кәсібі арқылы да адамдардың денсаулығын жақсартуға үлес қосатынына сенімді. Дәрігер қазіргі уақытта үй құстарын, көбіне, тауық өсірумен айналысады. Ол өз шаруашылығын дамытуда жаңа әдістерді, автоматты жүйелерді қолданады. Тауықтарының біразын Кавказ елінен әкелген. Ол жақтың құстары өзіміздікінен гөрі етті, жиі әрі 3,5 жылға дейін жұмыртқалайды екен. Базарбай құстарына ерекше күтім жасауға тырысады, сапалы, қоспасыз жем береді. Оның айтуынша, таза өнім алу үшін, сәйкесінше, құстарға табиғи тағамдар беру керек. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын кәсіпкердің өнімдерін сатып алу үшін жергілікті мұнай компанияларының бірі келісімшартқа отырыпты.

— Әрбір істің берекелі болуы үшін аянбай еңбек ету керек, сонымен қатар жасап отырған жұмысыңды жан-жақты зерттеп, білген дұрыс. Кәсібімді бастаған уақытта жеті-ақ тауығым болған. Шүкір, қазір құстардың саны 800-ге жетті. Енді шаруашылығымды кеңітіп, құс еті өнімдерінің зауыты құрылысын бастамақпын. Ол үшін кәсіпкерліктің қыр-сырын оқып алуды жөн көрдім, — дейді ол.

Бүгінгі күні Базарбай Ақниязов Сазды ауылынан зауыт құрылысына қажетті

25 сотық жер алып қойды. Алдағы уақытта «Даму» қоры арқылы ауыл шаруашылығын қолдауға арналған несие шарттарының бірі бойынша қаражат алуға тапсырыс бермек.

Жақында ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлерді қолдау орталығы өткізетін «Бизнес кеңесші» курсына қатысып, білім алды. Бизнес сабақта кәсіп жүргізу психологиясынан бастап, маркетингтік қызмет, салық, есеп, құқықтық сауаттылық пен ақпараттық технологияларды пайдалануды үйренді. Базарбай «Бизнес кеңесші» курсынан алған ілімін Өңірлік кәсіпкерлер палатасының  «Бизнес-өсу», «Жобалық оқыту» сынды кәсіпкерлік курстарында жалғастыра алады.

М.Табын.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button