Ақтөбе — 150

Киіз үй ішіндегі кеңес

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалы ұжымы Ақтөбенің 150 жылдығына орай тұрғындарға «Өз үйім» бағдарламасының артықшылықтарын түсіндірді.

Бұл шара Наурыз мерекесі күні ұйымдастырылды. Банк филиалының алаңына тігілген киіз үйдің іші қолөнер бұйымдарымен безендіріліп, ақ дастарқан жайылды.  Бұл күні мерекені тамашалауға келген жұртшылыққа наурыз көже мен ыстық бауырсақ ұсынылып қана қоймай, банк қызметкерлері «Өз үйім» бағдарламасының тиімділігі мен артықшылықтары жайында түсіндірді.

Бір қызығы, шараға облыстағы құрылыс компанияларының өкілдері шақырылған.

Мереке күні банк алаңына құрылған киіз үйге келушілер қатары көп болды. Бұл күні біз ақтөбеліктерге баспаналы болуда «Өз үйім» бағдарламасының тиімділігі жайында кеңінен мағлұмат бердік. Атап айтсақ, аталған бағдарлама бойынша тұрғындар жылдық үстемеақысы 7 пайызбен 19 жыл мерзімге несие алып, баспанаға оңай қол жеткізе алады. Ең бастысы — үй құнының 20 пайызын жинаса болғаны. Мерекеге келушілердің арасында бұл бағдарламадан мүлдем бейхабар тұрғындар да болды. Елімізде осындай бағдарламаның жүзеге асырылып жатқанына қуанып, қатысуға ниет еткендердің қарасы көп болды. Біз мұны Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырған болатынбыз, — дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе филиалының бірінші санатты маманы Мақсат Заитов.

Шарада әрбір құрылыс компаниясының өкілі қызығушылық танытқандарға салынып жатқан үйлерді сатып алудың жолдарын түсіндіріп, нақты мәліметтер берді.

 Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button