Мәдениет

Өнері — өнеге

27 наурыз — Дүниежүзілік театр күні

Кеше әлем Дүниежүзілік театр күнін атап өтті. Осы орайда белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығаевтан актерлік өнеріне лайықты баға алған, жалпы, театр өнерінің дамуына зор еңбек сіңіріп, бүгінгі жас буын үшін өнегелі тұлғаға айналған актер, режиссер, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының ардагер-кеңесшісі, ҚР мәдениет саласының үздігі Мағзом Бақытжановпен сұқбат жасадық:

— Мағзом аға, армысыз!

— Құдайға шүкір, тәубе, тәубе..

— «Тәубе» деген сөзді аузыңыздан тастамайсыз…

— Менің ең жақсы көретін сөзім де осы. Атам Бақытжан ауыл молдасы, бақуатты адам болған. Бақытжан атам мен Жамал әжемнен  Сәпи деген бір ұл, Гаухар деген бір қыз туған. Бірақ «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен алмағайып заманда кәмпескеге ілігіп, жер аударылып, содан елге оралмайды. «Шегіршін» деген (жұрт орысшалап «Сагаршин» атап кеткен) стансадан «қызыл вагонмен» әкетілген атамыздан содан қайтып хабар келмепті. Артында қалған ұл-қызын өкімет Ойылдағы жетімдер үйіне тәрбиелеуге алыпты. Әкем 1925 жылы туған екен, 1944 жылы жетімдер үйінен Свердловскіге «еңбек армиясына» әкеткен. Сол жақта жүріп, зауытқа  жұмысқа келген Закира деген татар қызымен көңіл қосады. 1949 жылы мен дүниеге келген соң, әкем бізді Сведловскіден баяғы ата қонысымызға әкеліп,  шешесіне — жалғыз қызы Гаухармен тұрып жатқан Жамал әжемнің қолына тапсырыпты. Шешем Закира  ауылдағы интернатта аспаз болып еңбек етті. Жаңа құрылған Алғабас колхозы, Орынбор облысының Ақбұлақ ауданына қарайды екен. Ал мен оқыған қазақ мектебі Ақтөбенің Мәртөгіне қарады, ол кезде, әрине, ортада шекара жоқ. Мен 8-класты бітірген жылы бізге Ақтөбедегі педучилищенің түлектері тәжірибеден өтуге келді, соларға еріп, ол кезде «ВЛКСМ-нің 30 жылдығы» атын иемденген педучилищеге оқуға түстім. Қазір ол оқу орны Әлия Молдағұлова атындағы гуманитарлық колледж ғой.

«… режиссер Мағзом Бақытжанов комедияның алғашқы нұсқасын қалап, толық музыкалы спектакль жасапты. Ол өзі көрген қойылымдарға жақындамай, бойын аулақ ұстап, бәрін тыңнан қарастырыпты. Сахнаны тұтас әрекет алаңына айналдырып, актерлардың еркін қимылдауына, пьесаның драмалық ауқымын кеңейтуге ұмтылыпты. Мәселен, той сахнасы әсем безендірілген. Комедияның осы нұсқасындағы губернатор (ұлық) жұбайымен, Маман бай… бәрі-бәрі сахна төріндегі құрметті орынға жайғасып, той қызығына түскен сәтте, Көтібардың (Қайрат Амантұрлин) ылаң салуы нанымды шыққан. Оның қаһарынан қорыққан Маманның да, ұлықтың да сахнадан бір сәт безіп кетуі пьесадағы әлеуметтік сарынды ескеруден туған шешім. Ал сахнадан екі басты бүркіттің құлап түсуі  режиссердің қойылымдағы әлеуметтік сарынды тереңдетіп, оған бүгінгілік үн беруі де қисынды шыққан. Ақтөбенің «Айман-Шолпаны» басқаларға ұқсамайтын өзіндік көркемдік келбетімен қымбат».

 Бағыбек Құндақбаев,

«Мұхтар Әуезов және театр», 1997 жыл.

— Бастапқыда мұғалім болуды қалаған екенсіз-ау?

— Иә, 1968 жылы педагогикалық училищені қызыл дипломмен бітіріп, бастауыш мектеп мұғалімі мамандығын алып шықтым. Қазіргі осы театр ғимараты ол кезде Мәдениет үйі болған еді, соның жанында драма үйірмесі жұмыс істеді. Оған Шалабай Санаев жетекшілік ететін, өзі Сәкеннің ролін ойнайтын, өнерлі адам… Қаладағы қазақ жастары сол кісінің айналасына жиналып, үйірмеден де бөлек, түрлі мәдени шаралар, би кештері жиі ұйымдастырылып тұратын. Мен ол шараларға белсене араласып, ән айтып, көпшілік алдына шығатынмын.

…Бір күні педучилищеге Алматыдан режиссер Қадыр Жетпісбаев келді, біздің өнерімізді көрді. Мен Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындап едім, ұнатып, астанаға оқуға баруға ақыл-кеңес берді. Алып-ұшып тұрған шағымыз:

«Бетке алып әлгі әйгілі қала жақты,

Боздатып пойыз біздің бара жатты», — деп Қадыр ақын айтқандай, тарттым Алматыға!

Әуелі консерваторияға барып едім, онда алдымен екі жыл дайындық курсына қабылдайды екен. Кәсіби әнші болып шығу үшін одан кейін тағы бақандай бес жыл оқу керек! Бұл болмас дедім де, баяғы Қадыр Жетпісбаев ағаны іздеп,  дұрысы, тағдыр айдап Мұхтар Әуезов театрының жанындағы театр студиясына келдім. Мұнда адам көп, ығы-жығы екен… Ал менің еш дайындығым жоқ.

— Содан?!.

— Содан Қадыр ағамыз Мұхтар Әуезовтің «Қодардың өлімін», Крыловтың «Түлкі мен қарға» деген мысалын жаттауға берді. Бір күнде жаттап алдым. Әйгілі Майраның ролінде ойнайтын актриса Раушан Әуезбаева емтиханға әзірледі. Сөйтіп, сынақтан жақсы өттім.

— Актер ретінде сахнаға алып шығуды армандаған роліңіз болды ма?

— Шекспирдің «Король Лирінде» басты кейіпкерді сомдауды армандап едім, ол арман орындалды. Ақтөбелік көрермендердің есінде болар, осы өзіміздің облыстық театрда режиссер Қуандық Қасымов Шекспирдің «Король Лирін» қойды. Басты роль маған табысталды.

— Сын пікірлерді қалай қабылдайсыз?

—  Бір кемшілікті түзету, нәтиже шығару үшін айтылса, ондай сын — жанашырлық. Сын естіген кезім болды. Мысалы, Жамбыл облыстық театрында еңбек етіп жүргенімде, Сәбит Мұқановтың «Қарагөзіндегі» Нарша ролін ойдағыдай шығара алмай, қиналғаным бар. Бұл туралы айтылды, жазылды… Сол пікірлерді ой елегінен өткізіп, іздендім, нәтиже шығардым.

— Режиссер ретінде сахналаған шығармаларыңыздың бірі — Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпаны». «Айман-Шолпан» театр мен көрермен арасындағы «алтын көпір» болды, біздің ұжымның «төлқұжатына» айналды. Бұл шығарма сізге несімен жақын?

— «Айман-Шолпандағы» Жарас ролін маған Мұқамбетқали Табанов деген керемет актер, «20 жыл ойнадым» деп, батасын беріп, табыстап еді, мен оны 30 жыл ойнаппын…

— Актердің шығармашылық табыстары қасындағы әріптестеріне де байланысты ғой. Бұл орайда кімнің есімін айрықша ілтипатпен атар едіңіз?

— Жамбыл облыстық театры сахнасында өнердің ыстық-суығын бірге кешкен Қарабай Сатқанбаевтың есімін ойланбастан атаймын: ол — Әбілқайыр, мен — Сауран! Дауыс қандай! Шеберлігі де бөлек еді! Сахнаны ерекше бір күйге, шуаққа бөлеп, дүркіретіп жіберетін. Онымен бірге ойнағанда, өзің де биіктеп, қалай өскеніңді білмей қалар едің…

«1994 жылы режиссер Асқар Дүйсебаев сахналаған Желтоқсан оқиғасының құрбаны Қайрат Рысқұлбековке арнап жазылған Тұрар Дүйсебаевтың «Желтоқсан жаңғырығы» пьесасы тарихшылар мен театртанушылар тарапынан қолдау тауып, әсерлі қабылданды. Қойылымда Дуваевты сомдаған М.Бақытжанов Желтоқсан оқиғасының мән-жайын шынайы ашып көрсете білді».

 Жанат Төлендиев,

«Өнер-дастан», 2016 жыл.

— Балаларыңыздың ішінде сіздің жолыңызды қуғаны бар ма?

— Құдайға шүкір, Аяулым, Махамбет, Бура, Арайлым, Ажарлым есімді ұл-қыздарым бар. Кенже қызым Ажарлым қазір —  Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының актрисасы. Мен мұны аса қаламап едім, бірақ «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, бала шағынан  өнер жолын армандап өсті.

— Биыл мерейлі 70 жасқа толасыз. Театрдың басшысы Нұрхан Кенжебаевтың: «Биылғы жылды ақылшы ағамыз, театр ардагері Мағзом Бақытжановқа арнаймыз», — деген бастамасын ұжым қолдап отыр. Осыған байланысты қандай тілегіңіз бар?

— Бұйырса, мен үшін арнайы бір спектакль қойылса және өзім де бір қойылымды сахналасам деймін. Жалпы, адамда арман-тілек көп болады ғой. Сөз орайы келгенде айтып жатырмын, көкейімде жүрген бір арман — биыл 150 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Ақтөбеге заманға лайық, еңселі бір театр ғимараты керек-ақ! Әріден айтсақ, біздің театр тарихының бастауында  Құдайберген Жұбанов, Жиенғали Тілепбергенов сынды ұлы тұлғалар тұр. Осынау қарашаңыраққа арнап бір ғимарат салу мәселесі тезірек оң шешімін тапса, енді 4 жылдан соң келетін Тахауи Ахтановтың 100 жылдық мерейтойына үлкен сый болар еді.

Әңгімелескен Орал БАЙСЕҢГІР,

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button