Басты жаңалықтарДенсаулық

Көктем: әлсіздік, ашушаңдық, ұйқышылдық…

Көктемде көп адамдар осы жағдайды басынан өткереді. Себебі неде? Көңіл күйді қалай көтеру керек? Әлсіздіктен қалай арыламыз? Ауруды қалай жеңеміз? Ақтөбедегі отбасылық медицина клиникасының жалпы тәжірибедегі терапевт дәрігері, білікті маман Қарлығаш Келдібаева тұрғындарға кеңес берді.   

ҚҰЛАҚ, МҰРЫН, ТАМАҚ

Көктемде жедел респираторлы вирусты инфекциялық аурулар өршиді. Оның ішінде тұмау, фарингит, ларингит, бронхит секілді аурулар асқынады.

Көктемде ағзадағы  дәрумендер қорын толтырып отырмаса, эндокринді жүйенің  жұмысы нашарлап, созылмалы аурулардың өршу қаупі артады. Оның ішінде жоғары тыныс жолдарының ауруы асқынады. Менің тәжірибемде осындай аурумен келетіндер көп. Мәселен, құлақ пен мұрынның ортасын байланыстыратын евстахиев түтігі бар. Суық тигенде, вирус түскенде осы түтік қабынады. Құлақ ауырып, қызу көтеріледі, есту қабілеті нашарлайды. Дер кезінде емдемесе асқынып, соңы аурудың  күрделі сатысына ауысуы мүмкін.  

Көктем мен күзде жиі кездесетін сырқаттың тағы бірі — фарингит. Әсіресе, иммундық жүйесі әлсіз балалар жиі ауырады. Фарингит — жұтқыншақтың шырышты қабығы мен лимфоидты тінінің қабынуы. Алғашқы белгісі — тамақ қышиды. Кейін дене қызуы көтеріледі. Жалпы жедел респираторлы вирустық аурулар кезінде науқас өз бетінше ем қабылдамағаны жөн. Себебі қазір вирустардың құрылымы өзгерді, яғни олар төзімді, кез келген антибиотикке өлмейді. Мәселен, бұрынғы кеңес дәуіріндегі препараттармен қазіргі ауруды емдеу қиын. Себебі вирустар да айфон телефондар тәрізді жыл өткен сайын жетіліп, өзінің төзімділігін арттырып барады. Сондықтан үйде емделемін деп, ауруды  асқындырып, өзге сырқаттарды қоздырып алмаған дұрыс.

Көктемде балаларға ерекше күтім жасау керек. Баспа ауруына шалдығатындардың дені — балалар. Кейбір балдырғандарға сәл салқын тисе, тамағы іріңдеп кетеді. Бұндай кезде бірден дәрігерге бару керек. Жалпы баспа ауруына жиі шалдығатын баланы біртіндеп салқын ішкізіп, шынықтыру керек. Қысты күні аязда ауызды ашып, суық ауаны жұтуы керек. Біртіндеп салқын сусындар ішкені дұрыс. Дәріге ағзаны үйретпеген жөн,  — дейді Қарлығаш Келдібаева.

ЭНДОРФИН ГАРМОНЫ — СЕРГЕК ЖҮРУДІҢ КЕПІЛІ

Ауа райының өзгеруі адам денсаулығына әсерін тигізеді. Әсересе, бұл күн күрт жылынып немесе суыған кезде, яғни көктем мен күзде қатты байқалады. Қарлығаш Келдібаеваның айтуынша, бұндай кезде адамның бойында әлсіздік, ұйқышылдық пайда болады.

— Бір кабинетте таңертеңнен кешке дейін отырып жұмыс істейтіндер күннің көзін көрмейді. Егер көктемгі уақытта ультракүлгін сәуле болмаса, адам тез шаршайды. Мәселен, кейбір адамдар таңертең жұмысқа әрең тұрады және көңіл-күйі болмай барады. Бір автобусқа мініп, бір жерден тамақ ішеді және бұл күн сайын қайталанады. Бұндай жағдай адамның тез шаршауына, ұйқы басып, күш-қуатының әлсіреуіне, ашуланшақ болуына әкеледі. Сондықтан күнделікті қайталанатын тірлікті өзгерту керек. Себебі сергек жүрудің бір сыры — көңіл күйдің көтеріңкі болуында. Ол үшін адам біреулерді қуантып, жақсылық жасауға ұмтылуы керек. Мәселен, автобуста үлкенге орын беру, сәбилерді қуантудың өзі адам бойындағы қуаныш, бақыт гармоны — эндорфиннің бөлінуіне әсер етеді. Ал бұл — күні бойы сергек жүрудің кепілі.

Таңертең жаяу жүріп, жаттығу жасаудың да пайдасы зор. Өкініштісі — қанша жерден айтқанымызбен адамдар спортқа келгенде жалқаулық танытады, — дейді дәрігер.

Зерттеулерге сүйенсек, дене жаттығуларын жасаған кезде адамның миында сан мыңдаған үдерістер орын алады.  Ағзадан эндорфин гормоны мен пайдалы ақуыздар бөлініп, жүйке жүйелері мен миға тарайды. Сол арқылы адамның есте сақтау қабілеті жақсарып, көңіл күйі көтеріңкі болады.

— Сергек жүру үшін тыныс алу гимнастикасының пайдасы зор. Жалпы адам денсаулығының мықты болуы дұрыс тыныс алып, ағзасына оттегінің толық жетуіне байланысты. Ұйқыдан тұрған кезде  әрбір адам кемінде екі-үш минут терең тыныс алуы керек. Бұл күш-қуаттың бойда ұзақ сақталуына әсер етіп, өкпенің жұмысын жақсартады.

Сергек жүрудің тағы бір әдісі — медитация, яғни рухани жаттығу, ақыл-ойды бір жүйеге шоғырландыру. Мәселен, жұмыста бір адамдар сіздің ашуыңызға тиді, артық сөзімен көңіліңізді түсірді, сізге жала жапты дейік. Сондай сәтте оңаша жерде көзіңізді жұмып, бір сәт өміріңіздегі жақсы сәтті, өзіңіз жақсы көретін тағам немесе басқа нәрсені көз алдыңызға елестетіңіз. Сіздің көңіліңізді ешнәрсе түсіре алмайтынына сеніңіз. Психологияда осы әдіс кеңінен қолданылады, — дейді Қарлығаш Келдібаева.

Сергектікті арттырудың тағы бір әдісі — нүктелі уқалау. Дәрігердің айтуынша, бас бармақпен сұқ саусақтың ортасындағы нүктені уқаласа, адам бойында сергектің пайда болады. Бұл әдіс Қытайда ежелден қолданылады екен.

АҚ ШАЙ — ИМПЕРАТОРДЫҢ СУСЫНЫ

Адамның сергек жүріп, иммунитетінің мықты болуы ішкен асқа байланысты. Әсіресе, көктемде құнарлы тамақтанып, дәрумендер жиынтығын ішкен жөн.

Қазақ көктемді «қараөзек» шақ деп бекер айтпаған. Осы кезде адам бойындағы барлық дәрумендер қоры азаяды. Адамның ауруға қарсы тұру иммунитеті әлсірейді. Созылмалы аурулар өршиді. Енжарлық пайда болады. Сондықтан көктемде дәрумендер жиынтығын ішкен дұрыс.

Көктемде тағы бір пайдалы сусын — ақ шай. АҚШ-тың Аризона университетінің ғалымдары ақ шайдың пайдасын зерттеген. Шайдың құрамында L-теанин деген амин қышқылы бар. Бұл адамның жүйке жүйесіне өте күшті әсер етеді. Құрамында кофеин жоқ болғандықтан шөлді жақсы басады, сергек жүруге ықпал етеді. Ертеде бұл шайды императорлар  ішкен. Бойын тік ұстап, сұлу жүретін гейшалардың да сүйікті сусыны болған. Бұл шайды арнайы шай сататын дүкендерден алуға болады. Жалпы ақ шай пайдасы жағынан көк шайдан кейінгі орын алады. Ақ шайды сүт қосылған қызыл шаймен шатастыруға болмайды. Бұл — мүлде бөлек шай, — дейді Қарлығаш.

Дәрігердің айтуынша, үнемі телефон қарап, компьютердің алдында отыру да адамды әлсіретеді. Мәселен, телефонға келген хабарламаның дауысына алаңдап қараған сайын мазасыздану пайда болады, яғни адреналин бөлінеді. Бұл бір күнде жүз рет  қайталануы мүмкін. Әр қараған сайын бөлінген адреналиннің мөлшері аз болғанымен жүйкеге тигізер зияны өте көп. Сондықтан дәрігер телефонды үнемі жанында ұстап, оған үңіліп отыру, денсаулықтың қас жауы екенін, оны тек қана жұмыс бабында пайдалану керектігін ескертеді.

Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button