Жаңалықтар

Облыстық мәслихат Нұрсұлтан Назарбаевқа даңғыл атын беруді қолдады

Облыстық мәслихаттың сесиясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына көше беру туралы мәселе қаралды.

Сессияны ашқан депутат Бөріхан Беркімбаев Елбасының ерекше еңбегі халық тарапынан жоғары бағаланып жатқанын айтып, халық қалаулыларын тиісті шешім қабылдауға шақырды.

Сессияда Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов сөз алып, қала тұрғындарынан, еңбек ұжымдарынан, қоғамдық ұйымдардан, оның ішінде ардагерлер кеңесінен аталған мәселе бойынша ұсыныстар көптеп түсіп жатқанын хабарлады. Соған байланысты қалалық ономастика комиссиясында, одан кейін Ақтөбе қалалық мәслихаты сессиясында бұл жай күн тәртібіне қойылып, қолдау тапқан.

— Егер қандай да көше 30 градусқа бұрылыс жасайтын болса, онда оның екінші бөлігіне атау беруге болады делінген. Сондықтан да Әбілқайыр хан даңғылының Әлия даңғылымен қиылысатын жерінен Бөкенбай батыр көшесіне дейінгі аралықты Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп атау туралы ұсыныс депутаттар тарапынан бірауыздан мақұлданды. Осы белгіленіп отырған аймақта Тұңғыш Президент саябағы, «Астана» саябағы, мешіт, Өнер орталығы секілді көрнекті ғимараттар, мәдениет ошақтары орналасқан. Біз осы ұсыныспен облыстық мәслихатқа келіп отырмыз, — деді қала басшысы.

Сөз алған депутат Аманкелді Есіркепов облысты айтпағанда, Ақтөбе қаласындағы көптеген іргелі істер мен тың жаңалықтардың Президент есімімен байланысты екенін алға тартып, бұл қадамның ұрпаққа өнеге, жастарға жақсы бағдар болатынын айтты.

«Ақжол» партиясынан сайланған депутат Асқар Садықов ұсынылып отырған даңғыл бойындағы заман ағымына сай бой көтерген ғимараттар мен мәдени нысандардың барлығында да Елбасының болғандығын, жұртшылыққа игі тілегін білдіргенін депутаттар есіне салды.

Депутат Кенжеғали Кенжебаев осы қалада 1967 жылдан тұратынын, қаланың әрбір көшесі, даму жолдары өзіне жақсы таныс екенін айта келіп, Нұрсұлтан Назарбаев есіміне даңғыл атауы берілуін қолдайтынын жеткізді.

Осындай оң пікірлерді депутаттар Дмитрий Довматенко, Светлана Айтбаева, Жеңісгүл Мұхамбетпайызова да білдірді.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов қазақтың қамын ойлап, елдің бірлігін мақсат тұтқан Әбілқайыр хан мен Нұрсұлтан Назарбаев даңғылдарының бір-біріне жалғасып жатуын тарихи тұтастық, сындарлы сабақтастық деп бағалады.

Облыстық мәслихаттың сессиясында сөз алған облыс әкімі Оңдасын Оразалин ұлы адамдардың ойы да, сөзі де, ісі де ұлы болатынын айта келіп, отыз жылдай Мемлекет басшысы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың ел Тәуелсіздігін нығайтудағы еңбегіне тоқталды, қайраткер тұлғаға басты даңғыл атауын беру елдіктің ісі екенін айтты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button