Жаңалықтар

Аспанымыз әрдайым ашық болсын

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ

Ирина ЦЫБА, облыс әкімінің Мәртөк ауданы бойынша қоғамдық көмекшісі

Мен еліміз Президентінің өз өкілеттігін тапсырғаны туралы хабар құлағыма жеткен кезде Нұрсұлтан Әбішұлының өз әжесінің пайғамбарлық түсі туралы естелігі ойыма оралды. Ол өз немересінің аспанға ұмтылған арғымақ үстінде мініп жүргенін жиі көретін болған. Біздің Елбасымызды мен ылғи да сондай күйде сезінетінмін.

Мен Елбасының үндеуін көзіме жас алып отырып тыңдадым, тіпті бұған сенгім де келмеді. Өйткені 30 жыл дегеніңіз — Отанымыздың қалыптасуы мен дамуы жылдарында өткен менің негізгі еңбек қызметім кезеңі. Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы барлық Жолдауы мен үшін өмірлік бағдар іспетті болды.

Ол Жолдауларды ресейлік көршілеріміздің де білгенін қаладым, сондықтан да Орынбор облысының аудандық газеттеріне неғұрлым маңызды жоспарлар мен өзгерістер туралы мақалалар жазып тұрдым. Мұның өзі көршілес мемлекет тұрғындарының кәдімгідей қызығушылығын тудырды.

Нұрсұлтан Әбішұлы Мәртөкте болып, сүт өнімдерін өңдейтін цехтың ашылу салтанатына қатысқандағы алғашқы кездесуді бүге-шігесіне дейін жадымда сақтап қалыппын. Елбасы бізбен ашық-жарқын сөйлесіп, алдағы міндеттер туралы айтты, әр адамда жұмыс, игіліктер мен береке болуы үшін барлығын істеуге ұмтылысын білдірді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақтөбе облысы бойынша мүшесі бола жүріп, мен Президентті тағы да көру және тыңдау, оның сөзі мен тілектерін ауданның әрбір тұрғынына жеткізу үшін кезекті сессияны асыға күттім.

Осыдан екі жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев кезекті жұмыс сапарымен біздің облысқа келгенде онымен әңгімелесу бақытына ие болдым. Сол кезде мен өз алдымда әрбір қазақстандық үшін, еліміздің болашағы үшін шынайы жаны ауыратын адам тұрғанын сезіндім. Бұл кездесу менің ғана емес, сондай-ақ менің балаларым мен немерелерімнің де жадында мәңгілік сақталатын болады.

Менің кіші немерем Илюша Мәскеуде тұрады. Ол қазір бірінші сыныпта оқиды, ал балабақшада жүргенде ата-анасымен Қызыл алаңдағы әскери шеру жаттығуын көруге барады. Ал әуеге жалаулары бар ұшақтар көтерілген кезде ол «Қараңдар, мен әжемнің Президентінің жалауын көрдім!» деп қатты айқайлапты.

Ия, бұл менің елім, бұл Қазақстанды бүкіл әлемге танымал және құрметті еткен  менің Президентім Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!

Ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтап, барлық дерлік елдер арасындағы достық қатынастарды нығайтқан да нақ осы Нұрсұлтан Әбішұлы.

Қазақстанға сырттан келген қонақтар бір де елде осындай ашық, жұлдызды аспан жоқ екенін айтады. Ылғи да осылай, ең бастысы бейбіт аспан бола берсін.

САБАҚТАСТЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН САЛМАҚТЫ ШЕШІМ

Бауыржан ЖҮНІСОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік

университетінің профессоры.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысының өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімін дұрыс әрі уақтылы қабылданған қадам деп есептеймін. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретінде Н.Назарбаев халықтың өмір сүру деңгейінің құлдырауына жол бермеуді және елде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық қайта құруды жалғастыратын жаңа биліктің келуін қамтамасыз етуді өзінің басты міндеті деп санайды.

Айта кету керек, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары ішінде еліміздің тыныс-тіршілігі көптеген салалары бойынша түбегейлі жақсарды. Әлемдік қоғамдастық Қазақстанды нарықтық экономикасы бар ел ретінде таныды.  «Қазақстан-2050» атты ең заманауи көпжылдық экономикалық даму стратегиясын жасақтай отырып, біздің мемлекет халықаралық еңбек бөлінісінде елеулі рөл атқарып, әлемдік және жергілікті энергетикалық, минералды-шикізаттық, кен-металлургиялық, азық-түлік нарықтарында перспективті позицияларға ие бола бастады. Әрине, бұл жерде Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі зор. Ендігі жерде, бізге ілгері қадам баса отырып, қазақстандық қоғамның ұлттық идеясы болып табылатын экономикалық тұрғыдан күшті 30 елдің қатарына ену міндеті тұр.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Н.Назарбаев Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысы мәртебесіне ие. Оның өкілеттігі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауысты.

Әрине, жаңа билікпен Н.Назарбаевтың сыртқы және ішкі саясатының сабақтастығы сақталатын болады. Мұнымен қатар, ол мемлекеттің Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі және Nur Otan партиясының төрағасы ретінде қызметін жалғастырады. ҚР Президенті өкілеттілігінің ауысуына және басшылардың жаңа буынының билікке келуіне орай қазақстандықтардың өмірі одан әрі жақсарады деп сенім білдіреміз.

ҒАСЫРЛАРҒА ТЕҢ КЕЛЕТІН ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛДЫ

Роман РАХИЕВ,

денсаулық сақтау саласының ардагері.

Кешегі кеңестік кезеңде қатардағы республикалардың бірі, негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын Қазақстан — бүгінгі күні өзінің Тәуелсіздік алған ширек ғасырдан сәл ғана асатын мерзімде әлемге бейбіт, бейтарап, тиянақты саясатымен ғана емес, халқының әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға, білім мен мәдениетке, денсаулық сақтау саласына ерекше мән беріп, қолдау көрсетіп келе жатқан бірден-бір мемлекет.

Осы жылдары халқымыздың тұрмыс жағдайы жақсара түсті, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі артты, сапасы жақсарды. Ал отандық медицинаның даму жолында айтуға тұрарлық жұмыстар жеткілікті. Халықтың денсаулығын қорғау бағытында денсаулық сақтау саласын дамыту мен реформалаудың бағдарламалары қабылданды.

Тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезінде-ақ  денсаулық сақтау саласында жүйелі жүргізген жұмыстар мен  тиімді қабылданған бағдарламалар өз жемісін бере бастады. Бүгінгі күні тұрғындардың орташа өмір сүру мерзімі өсті, денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштері жақсарды, халықтың табиғи өсуі артты. Бұрын шетелдерде жасалатын күрделі оталар  қазіргі уақытта облыс орталығында іске асырылатын деңгейге жетті. Осының бәрі Нұрсұлтан Әбішұлының қамқорлығымен мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар еді.

Тәуелсіздік жылдары ғасырларға тең келетін орасан жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні Қазақстанды дүниежүзі таниды. Осының бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал, терең ойлы саясатының арқасы деп түсінуіміз керек.  Осы жылдары атқарылған жұмыстардың  уақыт, жылдар өткен сайын маңыздылығы арта түсетіні сөзсіз.

ҚАНДАЙ ҚҰРМЕТКЕ ДЕ ЛАЙЫҚ

Ғалымжан БАЙДЕРБЕС,

«Қос Шынар» Әлия, Мәншүк қоғамдық қорының төрағасы.

Біздің халқымыздың бақытына қарай Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында елдің тізгіні  Нұрсұлтан Назарбаевтай ұлы тұлғаға бұйырды. Күрмеуі қиын шақта жас мемлекетті шеберлікпен басқарып,  қираған кеңестік  заманның үйіндісінің үстінен нұрлы дәуірге жеткізді. Елдің сенімін ақтады.  Мемлекет басында  болған отыз жылда қазақ елі шарықтап өркендеп, күллі әлемге танылды. Жұмыр жердің барша халқы бүгінде Қазақстан мен Назарбаев есімін ажырамас   біртұтас  ұғым ретінде біледі.

Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың отыз жыл ішіндегі жасампаздық істерінің куәсіміз. Президент болғанға дейін де мен ұлы тұлғамен жүздескен едім. Қазақстан Республикасының Министрлер кеңесінің төрағалығына тағайындалғаннан кейін 1984 жылы Ақтөбеге жұмыс сапарымен келді. Қобда ауданында болып, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың сол тұста жасақталған музейін көрді. Сонда ұшқыр ойлы жас басшының сөзіне ұйып, тәнті болғанбыз.

Телеарнадан Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттігін тоқтататыны туралы шешімін естігенде қатты толқыдым, қимастық сезімде болдым. Тек мен емес, еліміздің әрбір саналы азаматы сондай сезімді бастан кешкеніне күманым жоқ. Өйткені Ұлтымыздың Көшбасшысы — аса қадірлі, қандай құрметке де лайық ұлы тұлға.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button