Білім

Жас математиктер жеңіспен оралды

Дарынды балалар мен жастар еліміздің баға жетпес ұлттық игілігі және негізгі интеллектуалды, шығармашылық әлеуеті болып табылады. Сондықтан облыстық білім басқармасы жанындағы «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығы тарапынан дарынды балаларды қолдау мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.

Соның  бір нәтижесі — облыстың құрама командалары бастауыш класс оқушылары арасындағы «Бастау» республикалық математикалық турнирінен жыл сайын олжалы оралып жүр.  Бұл турнир республика бойынша биыл үшінші рет өтті. Осы үш жыл ішіндегі ақтөбелік командалар табысы жөнінде айтсақ: 2008 жылы Әсем Айтжанова жетекшілік еткен  Ақтөбе қаласы №2 орта мектебінің құрама командасы — ІІ орынға, 2009 жылы Жанат Қуан жетекшілік еткен Мәртөк ауданының құрама командасы ІІІ орынға ие болса, ал үстіміздегі жылы Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған О.Жәутіков атындағы мамандандырылған республикалық физика-математика мектеп-интернатында өткізілген «Бастау» республикалық математикалық турнирінен екі бірдей ақтөбелік команда олжалы оралды.  Бұл жолы турнирге еліміздің барлық өңірлерінен 65 команда қатысқан. Солардың арасынан Жанар Есенаманова жетекшілік еткен Шалқар ауданы командасы — ІІ орынға, ал Баян Ақанова жетекшілік еткен Қобда ауданы командасы үшінші орынға ие болды. Жас бүлдіршіндеріміздің республика көлеміндегі осындай жетістіктері біз үшін — үлкен мақтаныш.

Гүлімай СЕЙІЛОВА,

«Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік

орталығы интеллектуалдық дамыту бөлімінің бастығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button