Жаңалықтар

Балабақша – тәрбие бесігі

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсарту, баланың ақыл-ой мен шығармашылық қабілетіне жете мән беріп, жас кезінен бала бойына жаңа дағдыларды қалыптастыру қажеттігіне назар аударады. 

Қай кезеңде болмасын балабақша мәселесі, баланы балабақшаға орналастыру жайы өзектілігін жойған емес. Ресми статистикаға сүйенсек, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін 7 жасқа дейінгі балалардың шамамен 70%-ы балабақшамен қамтылса, егемендіктің алғашқы жыл­дары нарыққа бет алған тұста, «ба­­ла­пан басымен, тұрымтай тұсы­мен» кетіп, балабақша да қараусыз қалды.
1991 жылы елімізде 8743 бала­бақша болса, оның жартысынан астамы (4868) «оңтайландыру» кезеңінде жекешелендірілген, бір бөлігі бос қалған, қираған. Тұтастай алғанда, 2000 жылға дейін республикадағы ба­ла­бақша саны 1144-ке дейін азайды.
Тәуелсіздік жылдарында етек-жеңімізді жиып, ес жия бастағанда білім саласына да көңіл бөлуді қолға алдық. Балабақша саны артып, мектепке дейінгі білім беру жүйесі жандана бастады. Бұған демографиялық ахуал да өз әсерін тигізді. Мәселен, 1990-1999 жылдары туу көрсеткіші күрт төмендесе, 2000-2013 жылдары бала туу көрсеткіші орта есеппен 13 мың адамға артты.
2007-2009 жылдары 2557 мектепке дейінгі ұйым ашылса, оның 612-сі – балабақша. Ал 2009 жылы 4972 мек­тепке дейінгі ұйым жұмысын бастап, оның ішінде 2003 балабақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Балаларды мектепке дейінгі тәр­биемен және оқытумен қамту мектепке дейінгі балалар санының 38,7%-ын құраған.
Елбасы «Қазақстан – 2050 стратегиясы»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ­Жолдауында 2020 жылға дейін балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен 100% қамтамасыз етуді міндеттеп, осыған байланысты «Балапан» бағдарламасын іске асыру мерзімін 2020 жылға дейін ұзарту және мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістерін әзірлеуді тапсырған еді.
Бұл тұрғыда елімізде көптеген шаруалар атқарылып жатыр. Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленген «Бизнестің жол картасы – 2020», Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2020 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы аясында мектепке дейінгі білім беру мекемелері өмірге келді.
Бөбекжай, балабақша, отбасылық бөбекжай, санаторлық бөбекжай, «мектеп-балабақша» кешені, мектепке дейінгі шағын орталық атты атау иеленген мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жұмысы күн өткен сайын жанданып келеді.
Алматы қаласында бүгінгі күні 800-ге жуық мектепке дейінгі білім беру орны жұмыс істейді. Оның 300-ден астамы мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы бойынша қызмет көрсетеді. Статистикаға сүйенсек, 2014 жылы – 8900, 2015 жылы – 8870, 2016 жылы – 9230, 2017 жылы – 9560 бүлдіршін балабақшаға қабылданған. Соған қарамастан, күн өткен сайын балабақшаға деген сұраныс үдей түсуде.
Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Ертеңгі ел тізгінін ұстар ұрпағымыздың дені сау, болашағы жарқын болуы үшін іргетасы да нық қалануы тиіс.
М.Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегінде: «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тас­тасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең сындырып аласың. «Баланы – бас­тан» деген сөздің мәнісі осы. Тәрбие деген – баланы бетке қақпай, бетімен жіберу емес. Яки отырса басқа, тұрса аяққа ұрып, көрбала қылып өсіру де емес. Баланы тәрбие қылу – тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз. Қалса – өзін, асса – барлық адам баласын адал жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз. Тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, тұрмыстың тұңғиық теңізін қалың қайратпен кеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білетін, қысқасы, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі болатын төрт жағы түгел кісі қылып шығару. Бала­ны мұндай адам қылу үшін тәрбие­ші бар күшін, бар білімін жұмсап, жалықпай, шаршамай үйрете білу керек» депті.
Ендеше, ұрпақ бағбанына айналып отырған балабақша тәрбие­шілеріне де көңіл бөлінсе деген тілек бар.

Бағдагүл Балаубаева
«Ана тілі»

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button