БілімБасты жаңалықтар

Республикалық олимпиада онлайн-режимінде ұйымдастырылды

Наурыздың 15-і күні Өнер орталығында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Камила Башарова, облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева қатысты. Сондай-ақ, білім додасына еліміздің әр өңірінен келген 19 команда, жалпы 830 оқушы жиналды. Олардың 82-сі — халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері.

Салтанатты жиынды облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов ашып, оқушыларға, олимпиадада төрелік ететін қазылардың жұмысына облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ол осындай маңызды шараның Ақтөбе жерінде өтуіне сенім білдіргені үшін Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиноваға алғыс білдірді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қай мемлекеттің болсын, даму деңгейін, рухани мазмұнын, интеллектуалдық қуатын білім беру жүйесінің сапасы айқындайтынын айтқан болатын. Оқуларыңды табысты аяқтаған соң, интеллектуалды элитаға қадам басатындарыңызға сенімім зор. Бұл бағыттағы үлкен сынақтардың бірі —республикалық олимпиада. Олимпиада білімнің биік шыңдарын бағындыруға, жарқын табыстарға қол жеткізуге дайын талантты, мақсатшыл балаларды біріктіреді, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан кейін «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры К.Башарова сөз алды. Ол өз сөзінде ел басынан өткерген түрлі экономикалық қиындықтарға қарамастан елімізде тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері білім беру жүйесінің іргетасы берік қаланғанын, бұл игі іс  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі екенін айтты.

1998 жылы ел аумағында дарынды балаларды тауып, олардың қабілеттерін дамыту мақсатында «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы ашылды. Білім саласында инновациялық бастамалар жүзеге асырылды. Соның арқасында халықаралық білім жарыстарында еліміздің көк туын биік көтерер жастарымыздың саны жыл санап артуда.

Республикалық пәндік олимпиада облыста осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғашқы республикалық олимпиада 1998 жылы Ақтөбе қаласында өткен болатын. Сол жылы қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда 7 медаль иеленді. Бұдан кейін, республикалық білім додасы Ақтөбеде 2012 жылы ұйымдастырылды. Бұл жолғы білім бәйгесінде бақ сынайтын 830 оқушының 82-сі — халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Олардың арасында Гарвард университетінің грант иегері, физикадан халықаралық олимпиаданың, Азия олимпиадасының, физика пәні бойынша халықаралық Жәутіков олимпиадасының бірнеше дүркін жеңімпазы, математик, жас ғалым Қажымұрат Ақназар да бар. Ол — Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы.

К.Башарова өз сөзінде оқушылардың пәндік білімін тереңдетіп, халықаралық олимпиадаларда 20 жылдан астам уақыт жеңімпаздарды тәрбиелеп жүрген ұстаздарға ризашылығын білдірді.

Еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген Ержан Байсалов, Алмас Күнғожин, Асқар Дәулетов, Құрманғали Бекішев, Байрам Кенже, Муаммер Гүл, Олег Пак, Давид Ганелиннің еңбегі барша жастарға үлгі, — деді «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 21 жыл ішінде алғаш рет Қазақстанда олимпиада ашықтығын қамтамасыз ету үшін білім бәйгесі онлайн-режимде көрсетілмек. Бейнетрансляцияға сілтемелер ҚР БҒМ және «Дарын» РҒПО-ның әлеуметтік желілердегі аккаунттарында ұсынылады. Іс жүзінде кез келген адам ғылым негіздері бойынша олимпиаданың кезеңдеріне виртуалды қатыса алады және оқушылардың жауаптарын тексеру кезінде қазылар алқасы мүшелерінің жұмысының объективтілігіне көз жеткізе алады.

Олимпиада қорытындысы наурыздың 20-сы күні шығарылады. Сол күні жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталатын болады. Айта кету керек,  І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне өздері таңдаған мамандықтарына сәйкес еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуға конкурс өткізу барысында білім гранттарын иеленуге басым құқық беріледі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button