Денсаулық

Ана өлімі… кімнің кінәсі?

Үйін базарға айналдырғысы келмейтін отбасы бар ма?! Соңғы жылдары жүкті әйелдерді жиі кездестіретін болдық. Мұндайда  халқымыздың саны көбейетініне   іштей қуанасың. Мемлекетіміздің саясаты да елімізде демографиялық ахуалдың  жақсарғанын қалайды. 2015 жылы Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізуді   жоспарлап отыр.

Алайда  сол сәби сүйіп, бақытқа кенеледі деп ойлап жүрген кейбір аналардың бала үстінен о дүниелік болып жатқанын естігенде  төбе құйқаң шымырлайды. «Медицинасы дамыған, өркениетке ұмтылған заманда бұл қалай болғаны?» деп дал боласың. Ананың артында шырылдап жетім қалатын баланың тағдыры жаныңды тыншытпайды. Ал                                        нәрестелі болуға ниеттенген аналар өзінің, болашақ сәбиінің денсаулығына  мән беріп, бас қатыра ма екен?  Бұл да ойландырады. Осы мәселелер төңірегінде облыстық денсаулық сақтау  басқармасының    ана мен баланы қорғау бөлімінің бастығы,  бас гинеколог   Асхат  Балықовпен әңгімелескен едік.

—   Өткен жылдармен салыстырғанда биыл  біздің облыста ана өлімі жиілеп кетті деген дерек бар, алғашқы жартыжылдықта 6 әйел бала үстінен кетіпті. Жақында Әйтеке би ауданында көп балалы ана  жетінші баласын босанарда қайтыс болыпты, халық арасында бос  үрей туғызбау үшін осылардың себебін  түсіндіре кетсеңіз.

— Жасыратын ештеңесі жоқ, бала үстінен кетіп жатқан аналар бірен-саран болса да  бар. Бірақ оның себебін  тек қана денсаулық сақшыларының қызметінен іздеу әділетсіздік болар еді.  Ана өлімінің себептері акушерлік және акушерлік емес деп екіге бөлінеді. Акушерлік себепке преэкламсия, қан кету, түсік жасау кезіндегі асқынулар, тағы басқа да  аурулар жатады. Ал акушерлік емес себептерге экстрагенитальдік аурулар, және басқа да   сырқаттарды жатқызуға болады.

Әйтке би ауданындағы ананың қазасы  жүрек талмасынан болған, акушерлік эмболиядан қайтыс болды, қала жағдайында да оны ажалдан арашалап қала алмас едік. Өйткені дүниеге жетінші баланы әкелуге ананың денсаулығы жарамаған, соған қарамастан босануға тәуекел еткен.  Сол сияқты 3 әйел  қалқанша безі, өкпе қабынуы, т.б. аурулардың асқынуынан босана алмаған. Мұндай аурулармен бала туу ана өміріне үлкен қауіп туғызады. 3 әйел миына қан құйылып қайтыс болған. Жалпы, аналар өз өміріне үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Қазір барлық мүмкіндік бар, дәрігерге алдын ала қаралып, бала тууға мүмкіндігі бар ма, жоқ па,  білуіне болар еді. Жүктілік кезінде қандай сақтық шараларын жүргізу керек, бәрін білуі тиіс қой.

Өткенде мынадай бір оқиға болды. Ақтөбедегі айы-күні жетіп отырған келіншек  алыстағы аудан орталығынан 200 шақырым жердегі бір ауылға садақаға барған. Биылғы жаз өте ыстық болып тұр ғой,  фельдшерлік пункті де жоқ ауылда жүкті әйелдің қан қысымы  көтеріліп кеткен,  ауданнан бригада барып, әйтеуір аман қалды. Бұл не деген жауапсыздық!? Сонша жерге садақаға бармаса болмай ма?

—  Облыс бойынша бала   тууға денсаулығы жарамайтын, жүктілік  өміріне қауіп-қатер төндіретін аналарды есепке алып отыратын шығарсыздар?

—    Әрине, мүмкіндігінше, жүкті аналарды есепке алып, көзден таса етпеуге дәрігерлер қауымы жұмылдырылып отыр. Облыс бойынша бала туатын  жастағы әйелдер саны — 205 004. Бала туу өміріне қауіп төндіретін әйелдер тобына   32 963  әйел жатады.  Ал 360 әйелге мүлде босануға болмайды.Соған қарамастан  бала туу өміріне қауіп-қатер туғызатын  әйелдердің 2180-інің аяғы ауыр,  ал тууға болмайтын әйелдің 13-і жүкті, бұлардан оң нәтиже күтіп отырған жоқпыз. Бұл аналар өз бастарын қауіп-қатерге тігіп отыр.  Егер дәрігерлердің айтқан кеңестерін ескерсе, жүктілікті тоқтатып, жаманшылықтың алдын алуға болар еді. Болмаса жүктілікті болдырмауға тырысар еді. Жүктіліктің алдын алатын контрацептивтік дәрі-дәрмектер, құралдар тегін таратылады. Сол үшін бюджеттен арнайы қаржы қаралған. Мысалы, 22 207 әйел жүктіліктен сақтандыратын дәрі-дәрмектермен қамтылып отыр.

Өткен жылы республика бойынша ана өлімі 100 мың тірі туғандарға шаққанда 30,4 болды. Оның негізі экстрагенитальді аурулардан, ми, жүрек, қалқанша безі, тағы басқа да  сырқаттарынан болған.  Осының өзі-ақ кей аналардың өз өміріне немқұрайды қарайтындығын көрсетеді.

Қазір ана мен бала денсаулығына қатты мән беріліп отыр.  Аяғы ауыр  әйелдер республика бойынша міндетті түрде арнайы  тізімге  алынады. Тек қана акушер-гинеколог дәрігер емес,  учаскелік уролог та, терапевт те, хирург те, кардиолог та алдарына  келген жүкті әйелдерді бақылап, қандай созылмалы сырқаттары барын анықтап,  бірлесе жұмыс жасайды. Бала туу өміріне қауіп туғызатын жүкті әйелдер қаладағы отбасын жоспарлау орталығы мен облыстық перинатальды орталықта есепке алынады. Әрдайым дәрігер бақылауында болады. Бірақ көбіне әйелдер асықпайды, ішіндегі бала қимылдағанша есепке тұрмайды,  баланың да, өзінің де болашағына алаңдамайды. Осыдан барып түрлі жағдайлар туындайды. Сондай-ақ діни көзқарастарға байланысты жүктіліктен де сақтанбайтын, есепке де тұрмайтындар кездеседі. Бәрін құдайдың ісі деп есептейді, оларға не деуге болады?

Ал шетелде, өркениетті елдерде басқаша, бала сүйгісі келетін ерлі-зайыпты адамдар  алдымен  дәрігерге қаралып, денсаулықтарын тексертіп, сосын барып  отбасын жоспарлайды.

—    Біздің облыстағы, қаладағы әйелдер босанатын мекемелердің қазіргі жағдайы қалай, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған ба?

—       Бұл жағынан алғанда біздің облысымыз республика бойынша алдыңғы қатардан көрінуде. Қаладағы әйелдер босанатын үй, перинатальды орталық, «Жедел жәрдемдегі»  әйелдер босандыратын бөлім, бәрі де күрделі жөндеуден өткізілді, жаңа технологиялық құралдар енгізілді, осы құралдардың арқасында босану кезінде әйелдерден қан кету бұрынғыдан екі есеге азайды. Әрбір әйел үшін жеке босанатын залдар жасақталды.   Әдеттегідей әйелдер бірінің үстіне бірі  бір жерде босандырылмайды. Босану кезінде,  егер өздері қаласа, әйелдің жақындары, туған-туыстары қатыса алады. Отбасын жоспарлау орталығында «Жас ана мен әке» мектебі бар, сол жерде  болашақ ана мен әкеге сабақ болатын  түрлі фильмдер көрсетіп, ақыл-кеңестерін айтып даярлайды.

—    Әйелдер туралы әңгіме болғаннан кейін қатерлі ісік ауруларының алдын алу жолында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білсек.

—    Мемлекеттік бағдарлама бойынша жатыр мойны қатерлі ісігі мен емшек безі  рагының алдын алуға байланысты облысымызда  жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.  35 жастан  жоғары жастағы әйелдерді скрининг арқылы тексеру жолға қойылған, олар екі жыл сайын маммографиядан тегін өткізіледі. Гинекологтың тексеруінен өтеді. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында 25 000 әйел жатыр мойны рагы бойынша, 20500 әйел емшек безі қатерлі ісігі бойынша тексеруден өткізілді.  Осының арқасында  әйелдерде кездесетін қатерлі ісіктің алдын алуға үлкен мүмкіндік туып отыр.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button