Мереке

Әлихан Бөкейханов көшесі көрісу күнін тойлады

Ақтөбе қаласының Алматы ауданына қарасты Әлихан Бөкейханов атындағы көшенің тұрғындары №13 орта мектеп ауласында Көше күнін өткізді.  Бұл мереке —  Көрісу күніне орайластырып өткізілген тұңғыш шара.

Осы күні бұрынғы Мирзоян, қазіргі Әлихан Бөкейханов атындағы көшенің тұрғындары бір кісідей жұмылып, мектеп ауласында киіз үй тігіп, дастарқан жайып, жұртшылыққа наурыз көже мен бауырсақ ұсынды. Көше күні мерекесін осы көшедегі көпті көрген, беделді  ақсақалдар ашып, бата берген соң Алматы ауданы әкімі Алмаз Әлімбаев жиналғандарды  Наурыз мерекесімен құттықтады. Содан кейін №13 мектептің оқушылары мектеп ауласында концерт қойды.

Алматы ауданының әкімі Алмаз Әлімбаев:

— Жұртшылықтың  неше жылдан бергі  Мирзоян атындағы  көшенің атын ауыстыру жөніндегі талаптары орындалып, жақында  Әлихан Бөкейханов көшесі болып өзгертілді. Алматы ауданы әкімшілігі  Көше күнін Көрісу күнімен ұштастырып, ең бірінші шараны Әлихан атамыздың көшесінен бастайық деп, бүгін  №13 мектептің ауласында өткізуді қолға алдық. Біз күткендей, халықтың ықыласы жоғары. Осы жердегі бірнеше кәсіпкерлер  де атсалысып, өздері даярлаған  қазақтың ұлттық тағамдарын  халыққа ұсынды.

219 мың тұрғыны бар  Алматы ауданындағы Көше мерекесі тұрғындарымыздың  бір-бірін жақын танып,  жақын араласуына себепші болады деп ойлаймын.  Әрі осы жерде үлкендеріміз жастарға   өнегелі, тәлім-тәрбелік мазмұндағы әңгіме айтады.  Біз осымен тоқтап қалмай, Наурыз мерекесіне арналған іс-шараларды жыл бойы жалғастырмақшымыз.

№13 мектеп директоры Асқар Куштаев:

— Көшеміздің атауы Алаш көсемі  Әлихан Бөкейханов атындағы көше болып  ресми түрде өзгертілгеніне бір ай ғана уақыт өтті.  Соңғы уақытта  Алаш көсемінің атындағы көшедегі мектептің  85 мұғалімі осы жауапкершілік жүгінің қандай ауыр екендігін сезініп отыр. Біз мектебіміздің  1220 оқушысына жақсы білім мен өнегелі тәрбие беру үшін бұрынғыдан да артық жұмыс істемекпіз. Оның үстіне, биыл күзде мектебімізге 80 жыл толады. Көше күні мерекесі  жақсы істердің бастауы болсын деген ниеттемін.

Жақын күндері Қызылжар-2, Ақжар-2 елді мекендерінде  де Көше күні өткізіледі. Осылайша Наурызға арналған мәдени-танымдық шаралар барлық көшелерде жыл соңына дейін жалғаса бермекші.

                                                           Баян СӘРСЕМБИНА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button