Ақтөбе — 95

Жұлдызбай безендірген газет

Суретші

Бүгінде мерзімдік басылымдар тоты құстың қанатындай құбылып, түрлі түсті болып шығады. Кешегі кеңестік заманда газетті екі күннің бірінде бұлай шығаруға мүмкіндік жоқ еді. Газеттерге де, баспаханаларға да қазіргідей компьютерлік технология көмекке келмеген кез, бәрі қарабайыр әдіспен, қолмен атқарылады. Сондықтан газетте осындай шаруалармен айналысатын секретариат аталатын арнайы бөлім жұмыс істеді. Бұл бөлім редакция ішіндегі редакция сияқты еді. Содан да журналистер қауымы оның маңызын зорайтып, штаб десетін.

Шынында да, ішіне кірсең, өмір қайнап жатар еді. Түрлі түсті карандаштармен, сызғыш, қайшы, желім сынды толып жатқан құралдармен қаруланған қызметкерлер столдарда қаз-қатар отырып, әлдебір торкөз қағаздарды сызғылап мұрға таппайтын. Ертеңгі газет нөмірінің бет-ажарының қандай болатынын айқындап, баспаханамен жалғайтын осы адамдар болатын. Солардың ішінде әрбір газет редакциясы күнделікті басылымды суреттермен безендіріп, көркемдеп отыратын арнайы суретші ұстаушы еді. Облыстық «Коммунизм жолы» газетінің ұзақ жылдар бойғы суретшісі болған Жұлдызбай Әндіровтің есімін оқырман қауым, ең болмағанда, аға буын ұмыта қоймаған болар деп ойлаймын.

Әдетте,  газет суретшілерінің көп жұмысы көріне бермейтін. Басылымның атауынан бастап, оқырмандарға ерекшеленіп ұсынылуға тиісті тақырыптарына, әрбір суреттің ақ-қара жігін айқындап аша түсуге дейін сол суретшінің қолымен салынғанмен, есімі газет бетінде сиректеу берілетін қылқаламмен бедерлеп салған портреттік суреттерде ғана Ж.Әндіров деп оқта-текте ғана жазылатын. Дегенмен, көзі қарақты оқырман «Әдебиет беті», «Сын-сықақ бұрышы», басқа да өнер мен мәдениетке қатысты арнаулы беттердің суреттері осы адамның қолынан шығатынын білетін-ді. Өйткені ол көпшілікке бұрыннан танымал,  кәсіби дарынды суретші болатын.

1928 жылы дүниеге келген азаматтың суретшілік туа біткен қасиеті десе де болғандай. Қарапайым халық сауаттанып бола алмай жатқанда, қыр баласының суретшілікке талпынуы, ол кезде таңғажайып құбылыс еді.  Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, суретшілік өнер де дала перзенттерінің бойынан табылып тұратын ұлттық қасиеттердің бірі еді. Тіпті жазу-сызуды меңгермей жатып, суретшілік өнерді серік етуге қадам жасаған жастардың мысалы көп.

Жұлдызбайды мектеп қабырғасынан Алматының Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне алып барған да осы құдірет, осы күш болатын. Суретшілік қабілет бойында бар жас талап білікті ұстаздардың дәрістеріне тез ұйыды. Кәсіби суретшілік сара жолға түсіп, қалаған мамандығын алып шықты. Өзінің туған өңіріне оралып, Ойыл драма театрына суретші-көркемдеуші болып орналасты.

Сахна мен газетті көркемдеген жылдар

Соқпағын әріден салған бұл өнердің қарашаңырағы соғыстан кейінгі жылдарда аудан аумағында орналасқанымен, дабысы республика жұртшылығына жетіп жатқан өнерлі ұжым еді. Алматының қазақ драма театры өз сахнасында қандай классикалық шығармаларды қойса, аудандағы бұл драма театрдың ұжымының да соны көрермен қауымға ұсынуға қабілет-қарымы жетіп тұрған. Осындай өнерлі ортаға келген Жұлдызбай театр сахнасын көркемдеп, суретшілік жолда шыңдала түсті.

Сол тұста халық театры табысты қойған «Жалбыр», «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», «Шұға» қойылымдарының сахналық әсерлілігін арттыруда ол майлы бояумен көлемді кенепке салған декоративтік суреттер тірі бейнедей әсер берді. Талантты суретшінің қыл қаламынан туған бұл дүниелерді театр ұжымы тіпті беріге дейін сахнаның көркі етіп, тастамай, пайдаланып келгенін білетінбіз.

Кейін суретші Ақтөбеге қоныс аударғанда, оның  өнеріне жұртшылық енді облыстық газеттің бетінен көз салатын болды. Әсіресе, оның шеберлігіне журналистер қауымы тәнті еді. Айталық, суретшінің қаламы безендірген арнаулы беттер ерекше жарқырап шығып, оқырманды өзіне шақырып тұратын. Жай ғана жазған тақырыбының өзі ерекшеленіп көрінетін.

Облыстық газеттің суретшісі саяси сүзгісі күшті заманда жауапты жұмыс санатында еді. Суретшінің әр туындысына саяси баға берілетін. Шалыс басқан қадамында жазғырыла қоюы да қиын емес-ті.

Мысалы, көрші орыс тілінде шығатын газеттің суретшісінің бір асығыс ісі көпке дейін ұмытылмай, күлкіге айналып еді. Бір мерекеде Мәскеудің Қызыл алаңының мінберінде қаз-қатар тұрған Саяси Бюро мүшелерінің суреті ертеңгі газетке беруге дайындалады. Әдеттегідей сурет ТАСС-тан дайын келіпті. Ұдайы етегіне сүрініп, қапылып жүретін секретариаттың кезекші қызметкері қарап отырса, суреттегілердің бәрі қалпақ киген, біреуінің ғана басында қалпағы жоқ. Суретшіге көрсетсе, ол өзгелерден еш айнығысыз қалпақ салып, әлгі адамның басына кигізе қойыпты. Алайда күлкілі жағдай, ертесіне газет бетінен қараса, әлгі белгілі қайраткер қалпағын қолына ұстап тұр екен. Басында суретші кигізген және қалпақ бар. Клише аталатын бастапқы суретте жанына ұсталған қалпағы аңғарылмай қалыпты…

Осыны еске алғанда, марқұм Жұлдызбай аға: «Бұл күлкі емес, егер ол суретшінің орынында мен болғанымда, өзгеше саяси сипат алатын еді» дейтін. Өз ісіне әркез мұқият қарайтын суретші саяси газет құрамында сонша жыл қызмет істегенде, мұндай салғырттыққа жол берген емес.

Мәрт мінез иесі

Дарынды суретшіге сал сері мінез тән еді. Ойыл драма театрында тек суретші-көркемдеуші болып қоймай, белгілі сахна шеберлері Аққали, Гүлзада, Жалғасбай, Бегіман, Бәтіш, Жаулыбайлармен бірге сахналық қойылымдарға да белсене қатысады. Түрлі бейнелерді сомдаумен бірге, ән-биге бейімділігін де көрсетеді. Ал облыстық газет редакциясы құрамында жұмыс істеген шақта КСРО Журналистер  одағының мүшелегіне өтеді.

Әр жағында Жұлдызбай ағаны өзім туған жердің белгілі азаматы ретінде біліп келсем, 1986 жылы облыстық газет редакциясына қызметке ауысқанда, тіпті жақынырақ таныстым. Бұл кезде зейнеткерлікке жасы жеткен қатардағы қызметкер болғанмен, ұжым ішінде үлкен беделге ие. Бәрі аға тұтып құрметтейді. Әсіресе газет редакторы Нұрқайыр ағамен сыйластығы бөлек. Бір-бірін құрдас тұтып, араласады екен. Жарасымды әзілдері де бар.

Жаңа ортаға, қызметке енді келіп жатқан маған жас айырмашылығымыз бірталай жас болса да,  іш тартып, мәрт мінез танытты. Бір күн тұтас уақытын қиып, автобуспен Қарғалы бойындағы жеке үйіне ертіп барды. Өзеннің тура қабағындағы, шарбағында бау-бақшасы мәуелеп тұрған жеке үйдің кілтін ашып көрсетіп:

— Мынау менің әзір бос тұрған үйім. Балалар өсіп, бөлек кетті. Жеңгең екеуміз қаладағы пәтерімізде тұрамыз. Сенің сексенде шешең, алты балаң бар екен. Отбасыңды үш жүз шақырым далада қалдырып, қалай жұмыс жасайсың? Таяу уақытта қолыңа пәтер тие қоюы да қиын. Қиындық көріп қаласың, осыған кір. Қалай пәтер аласың, солай босатып берерсің, — деді.

Мен өзім таяуда ғана танысқан азамат ағаның мына жанашырлығына қатты толқыдым. Арада сонша жыл өтсе де, есіме түскенде бір түрлі көңілім босап есіме аламын. Шынын айтқанда, қысылғанда туысыңнан да табыла бермейтін қамқорлық емес пе бұл?

Әне, Жұлдызбай аға тек маған емес, өзім деген адамның бәріне де осылай омырауын ашқан, ақжүрек адам еді. Ірілік мінездің, берік сөздің иесі еді. Ағалы-інілі болып жақсы араласып, сыйласып тұрдық. Сол тұста ынтымағы күшті болған бірқатар ұжым мүшелерінің бәрімен дерлік отбасылық араласатын. Топтың ішінде атақаздай оқшауланып, дараланып тұратын. Негізі адамдарды біріктіріп жүретін осындай үлкен жүректі жандар екен-ау.

Өмірден де қайраты қайтпай, екі жігітті алып ұратындай алпамса күйінде өтті. Демікпе дейтін сырқаттан тұншығып өлді. Түннің мезілсіз уақытында жедел жәрдем кешігіп жеткен. Оған да биыл отыз жыл болған екен. Талай нөмірін өз қолымен көркемдеген облыстық газетіне 95 жылға айналса, соның оқырман қолына ажарлы жетуіне үлесін қосқан осындай абзал азаматтың ұмыт қалмасы тағы аян.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button