Мереке

Мерекенің сыйлығы — жаңа пәтерлер

Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Шалқар қаласында бірнеше отбасы жаңа пәтердің кілтін алды.

Газшылар қалашығында тұратын аналарға аудан әкімі Бауыржан Қаниев ауданның жергілікті бюджет есебінен берілетін жаңа пәтерлердің сертификаттарын тапсырды.

Олардың осыған дейінгі тұрып келген  үйлері арнайы комиссияның шешімімен  апатты деп танылған.

Бұл сертификаттар аудан әкімінің жанынан құрылған комиссияның зерттеп-зерделеуімен аталған адамдар отбасыларының тұрғын үй жағдайындағы қиындықтары ескеріліп, тапсырылып отыр. Бұл — Президент тапсырмасы бойынша әлеуметтік жағдайы қамқорлықты қажет ететін жанұяларды және көпбалалы отбасыларын қолдаудың ауданымыздағы алғашқы бастамасы. Алдағы уақытта да осындай санаттағы адамдардың отбастарын пәтерлермен мүмкіндігінше қамтитын боламыз, — деді салтанатты шарада аудан әкімі Бауыржан Қаниев.

Гүлмира ҮСЕНОВА:

Мен осы үйде 10 жылдан бері тұрып келемін. Үйдің іргесі ертеде қаланған, тозығы жетіп тұр. Өзім үшінші топтағы мүгедекпін, екі балам бар. Ағаштан салынған апатты жағдайдағы үйімді менің өз қолыммен жөндеуге еш мүмкіндігім жоқ еді. Мереке күні жаңа баспананың сертификатын аудан басшысының қолынан алғаныма қуаныштымын. Үкімет аналар қауымына ерекше көңіл бөлуде. Бүгінгі біздің жағдайымыздың оң шешілуі, аналарға жасалып жатқан ізгі қадамдардың біздің ауданда да жоғары деңгейде орындалып жатқандығы деп білемін.

Үмітжан ӘЛМЕНОВА:

Мен зейнет жасындағы адаммын, 5 балам бар. Біздер тұратын үй әбден ескірген. Арнайы құрылған жұмысшы топтың баспанамызды апатты деп тануы орынды. Осындай олқылықтардың дер кезінде қадағаланғанына біз қуаныштымыз. Бұйыртса, алда жаңа пәтерге қоныс аудармақпыз. Біздің мұқтаждығымызды назарға алған аудан әкімі Бауыржан Қаниев бастаған азаматтарға алғысымыз шексіз.

Қалдан ӨТЕУЛИЕВА:

Менің 4 балам бар. №4 орта мектепте кіші қызметкер болып жұмыс істеймін. Үйдің асыраушысы өзім болғандықтан, барлық жағдайды ойлап отырасың. Бастысы — отбасының амандығы. Осы ретте пәтердің сертификатына ие болуымыз отбасымыз үшін көктеммен бірге келген үлкен тосын сый болды. Қашанда қоғамымызда ана тілегі аяқ асты қалмаған. Біздің үй тұрғындарының мұқтаждықтары орындалғанына өте қуаныштымыз.

Сағымбек  ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button