Жаңалықтар

Тағы бір орталық ашылды

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ («Бәйтерек» АҚ еншілес ұйымы) Ақтөбе облыстық филиалы кеңес беру орталықтары желісін кеңейтіп отыр. Кеше 101-атқыштар бригадасы бойындағы «Наурыз» сауда үйінде тағы бір кеңес беру орталығы ашылды.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» облыстық филиалы бұл шараны Елбасы Н.Назарбаев жариялаған Жастар жылы  және Ақтөбе қаласының 150 жылдығы аясында ұйымдастырып отыр. Орталықтың ашылуына  «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы, жастар саясаты мәселелері басқармасы, Жастар ресурстық орталығы өкілдері шақырылды. Шара барысында тұрғындар депозит ашу, баспаналы болудың жолдарымен қатар мамандардан кәсіпкерлік мәселелері, жастар саясаты саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да сұрақтарына жауап алды.

Мұндай кеңес беру орталықтарының тұрғындар үшін тиімділігі сол — келушілер кезектен тыс депозит ашып, баспаналы болудың жолдары туралы ақпараттарды жылдам ала алады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Жеделбек Мұрзағалиевтің айтуынша, мұндай орталықтарды барлық аудандардан ашу жоспарланып отыр.

—  Бұған дейін қалада осындай сегіз кеңес беру орталығы ашылған болатын. Олар Сәңкібай батыр көшесіндегі Халықтық кеңседе, «Нұрдәулет», «Матадор», «Мега Шығыс» сауда үйлерінде, Қарғалы елді мекеніндегі Энерготиімділік орталығында, Теміржол вокзалы маңындағы Теміржол көшесі, 77-үйде, Балалар әлемі және Акация аялдамалары маңындағы Есет батыр көшесі,154-үй, Ш.Уәлиханов көшесі,14-үйде орналасқан. Сондай-ақ, тұрғындардың сұрауы бойынша Хромтау қаласында да бір кеңес беру орталығы ашылған-ды. Бірінші жартыжылдықта мұндай орталықтар басқа аудандарда да ашылады, — дейді ол.

Шара барысында аталған банктің тұрғындарға баспана алу үшін жеңілдікпен несие беру, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мәселелері де айтылды. «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы және толық емес отбасыларға, табысы төмен, бірақ мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға баспана қолжетімділігін арттыру қажеттігін айтқан болатын.  Бұл санаттағы азаматтарға Елбасы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жүйесі арқылы 2-3 пайызбен тұрғын үй қарызын бере алатын механизм ойлап табуды тапсырды.

—  Президент осы мақсатта «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» жыл сайын

50 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінетінін айтты. Қазір Елбасының тапсырмасы бойынша жеңілдетілген пайызбен несие берудің механизмдері қарастырылып жатыр. Ақтөбеде мамыр-маусым айларынан бастап көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға қолжетімді баспана алуға мүмкіндік беріледі. Азаматтар бастапқы 10 пайыз жарнасын салып, 25 жылға дейінгі мерзімге 2 пайыз жылдық үстемемен пәтер ала алады. Ақтөбеде кемінде мыңға жуық отбасы осы механизм бойынша пәтер алады деген жоспарымыз бар, — дейді Ж.Мұрзағалиев.
Жастар басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуовтың айтуынша, облыстық әкімдіктің, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» қолдауымен облыста жастарға жеңілдетілген несие бойынша баспана беру жұмыстары одан әрі жалғасатын болады. Сондай-ақ жетім өскен жастарға да қолдау көрсету мәселесі қарастырылып отыр.

Шара барысында жаңадан ашылған орталыққа кеңес алуға келгендер қарасы көп болды. Банк филиалы басшысының айтуынша, орталықтарда банк филиалы кеңсесіне қарағанда кезек аз. Келушілер жұмысын аз уақыттың ішінде бітіре алады.  Екіншіден, кеңес беру орталықтарының Орталық базардың, теміржол вокзалының маңында орналасуы да аудан, ауыл тұрғындары үшін өте тиімді. Себебі көпшілік аудандарға қатынайтын такси көліктері дәл осы базар мен вокзал маңынан жүреді, яғни аудандардағы тұрғындар қала орталығында орналасқан банк ғимаратына келмей-ақ, осы жерлердегі кеңес беру орталықтарына барып, білгілері келетін сұрақтарына жауап ала алады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button