Білім

Мектеп директорлары шағын кабинеттерге көшіріліп жатыр

Ақтөбе қаласында «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобасы аясында білім беру мекемелерінің басшылары кең кабинеттерін ашық әрі шағын кабинеттерге ауыстырып жатыр.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисеновтің айтуынша, алдағы уақытта барлық қала мектептерінің директорлары кең кабинеттерін оқу сыныптарына беріп, өздері оқу ғимаратының бірінші қабатында орналасқан, ашық әрі шағын кабинеттерге көшірілмек.

— Өткен аптада Ақтөбе қаласындағы №20, №22, №35, №36, №38 және Қызылжар орта мектебінің директорлары оқу ғимаратының бірінші қабатындағы аумағы шағын кабинеттерге көшірілді. Ал олардың бұрынғы отырған кабинеттері оқу сыныптарына берілді. Алдағы уақытта бұл игі бастама жалғасатын болады, — дейді ол.

«Ақтөбе — адалдық алаңы» жоба аясында кабинетін ауыстырған мектеп директорларының бірі — №35 орта мектептің директоры Ержан Бақытбек. Ол департаменттің бастамасын қолдап, мектептің бірінші қабатындағы жалпы аумағы 30 шаршы метр болатын әйнектен жасалған кабинетке көшкен. Мектеп басшысының бұрынғы кабинетінің жалпы аумағы — 65 шаршы метр.

Айта кету керек, жаңа кабинетке көшкен мектеп директорлары оқу орнындағы тәртіпті қадағалап, балалардың қауіпсіздігі мен мектепте болып жатқан жайларды өз көзімен бақылап отырады. Сондай-ақ әйнектен жасалған кабинеттер ата-аналармен қарым-қатынас жасауда да ыңғайлы.

Мектептерде жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар облыстық білім басқармасының қолдауымен атқарылуда.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, басқарма департаменттің бұл бастамасын қолдайды. Сондай-ақ алдағы уақытта облыстағы барлық мектептер мен колледж басшыларының кабинеттері жасақталып, бірінші қабатқа көшіріледі.

 Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button