Жаңалықтар

Нақты қамқорлық көрінісі

Nur Otan партиясының облыстық филиалы активінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының жақында болып өткен  XVIII съезде айтқан тапсырмаларын түсіндіру және оны жүзеге асыру шаралары талқыланды.

Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Марат Тағымов, Мұхтар Жұмағазиев, Nur Otan партиясының мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының басшылары, съезд делегаттары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекеме басшылары, еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың, Ассамблея, кәсіподақ өкілдері, ақпараттық топ мүшелері қатысты.

— Nur Otan партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғам мен мемлекет дамуының жаңа векторын белгіледі. Партия қабылдаған «Әл-ауқаттық қоғам: он жылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасы еліміздің азаматтарының әлеуметтік тұрмысын жақсартуға бағытталған. Олардың қатарында көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту, балалар жәрдемақысын көтеру, баспанамен қамту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері бар. Президенттің әрбір бастамасы, әрбір шарасы нақты сандармен, қаражатпен бекітілген. Бағдарламаның басты бағдары — қарапайым адам, оның денсаулығы мен әл-ауқаты. Президент бөлінген қаржының барлығы да әр отбасыға және нақты бір адамға жетуін өзі қадағалайтынын атап өтті. Сондықтан, алға қойылған тапсырмаларды тиімді жүзеге асыру үшін бізден бірігіп жұмыс істеу талап етіледі,  — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Мемлекеттік органдардың басшылары, депутаттар, сонымен қатар кәсіпкер-меценаттар отырыс қатысушыларына Президенттің тұрмыс деңгейін арттыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын орындауда қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды, мүгедектерді әлеуметтік қолдаудың нақты қадамдарына тоқталды.

Атап айтқанда, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласында айлығы аз 53 мыңнан аса жұмысшының еңбекақысы 30%-ға дейін көтерілмек. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 25 мыңнан асатын болады. 3,6 мыңнан аса ата-ана, қамқоршы мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған тұлғалардың жәрдемақысы 30%-ға дейін артады.

Өңірде толық емес көпбалалы отбасылар үйде отырып жұмыс істей алуы үшін олардың жағдайын жасау жұмыстарын жүргізу, ал ауылдағы көпбалалы отбасыларға бөлек квоталар, гранттар мен  шағын несиелер бөлу мүмкіндігін қарастыру, «Бақытты отбасы» партиялық жобасын ескере отыра мұқтаж отбасыларға көмек көрсетудің өңірлік бағдарламасын қайта қарау жоспарлануда.

Белгілі кәсіпкер, «Наурыз-СИМ» ЖШС директоры Ибрагим Сәрсембаев өзінің съезге қатысқандағы әсерлерімен бөлісті. Ол Үкіметке тапсырылған «Ауыл — ел бесігі» әлеуметтік жобасын қолдайтындығын білдірді.

— Бұл бастаманы мен жаныма жақын қабылдадым, сондықтан да Ырғызда балалар спорт кешенін салуды жоспарлап та қойдым. Оған 20,5 миллион теңге бөлемін. Жер кепкен бойда құрылыс жұмыстарына кіріспекшімін, — деді ол.

«Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» облыстық филиалының директоры Жеделбек Мырзағалиев көпбалалылар мен аз қамтылғандар үшін тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3%-бен баспана заемын ұсынудың жеңілдетілген механизмі әзірленгені туралы айтты. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында негізінен көпбалалы отбасыларға арнап шамамен 1,5 мың пәтер салынады.

— «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша құны 10 миллион теңге тұратын үш бөлмелі пәтерді алушы алғашқы сегіз жылда айына 52,3 мың теңге, одан кейінгі он бір жылда 36 мың теңгеден төлейді. Салыстыру үшін айтатын болсақ, мұндай пәтерді ай сайынғы жалға беру Ақтөбеде 60-70 мың теңгеге жетеді,— деді ол.

Облыстық мәслихаттағы Nur Otan фракциясының мүшесі Сергей Вишняк Мемлекет тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік бағыттағы шаралардың халықтың әл-ауқатын арттырудағы нақты қадам екеніне тоқталды.

Ал Ақтөбе қаласындағы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының мүшесі Мұхамедәли Ділдин өзі отбасында он екінші бала болып өскенін айтты. Ал өзі — төрт баланың әкесі. Осы жайларды айта келіп, ол көпбалалы отбасында әр баланың дербес мемлекеттік жәрдемақы алуы тиіс екенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, жиында халыққа сапалы денсаулық сақтау қызметін ұсыну, жол инфрақұрылымын дамыту, өңірлік көлік инфрақұрылымы нысандарын, соның ішінде әуежай, авто және теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары күшейтілетіндігі айтылды.

Партия мүшелері «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығының жанынан әйелдер өздерінің мәселелерімен және ұсыныстарымен бөлісе алулары үшін коворкинг орталығын құру бастамасын алға тартты.

«Көпбалалы аналармен, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарымен болған кездесулер көптеген әлеуметтік проблемалардың барын, оларды шешудің жаңа жолдарын іздеу қажеттігін көрсетті. Біз бұл ұсынысты толықтай қолдаймыз. Коворкинг орталықта іскер орта өкілдері отбасыларға тек кеңес беріп қана қоймайды, сонымен қатар нақты көмек те бере алады», — деген облыс әкімі ақтөбеліктерді Елбасы тапсырмаларын орындау үшін күш біріктіруге шақырды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button