Жаңалықтар

Көмекке мұқтаж жандардың әлеуметтік картасы жасалады

6 наурызда өткен әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелері жөніндегі кеңесте Елбасы Үкіметке көмекке аса мұқтаж және көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмекті 1 сәуірден бере бастауды тапсырған еді. Осыған орай біздің облыста атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 29 237-ге жетіп, оның 19 099-ы  балалар болады деп болжанып отыр.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Жиында көтерілген мәселе — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың аз қамтылған бөліктерін қолдауға бағытталған тапсырмаларының біздің облыста орындалу жайы болды. Жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Иманалин және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев сөз сөйлеп, журналистер сауалдарына жауап берді.

Қайрат Отаровтың айтуынша, 2018 жылы облыста 20 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алған. Nur Otan партиясының ХVІІІ съезіндегі Елбасы тапсырмасына сай, атаулы әлеуметтік көмекпен мұқтаж топтарды неғұрлым көбірек қамту мақсатында, оны беру тәртібіне өзгерістер енгізілгені белгілі.

— Біріншіден, бұрын атаулы көмек тағайындау үшін есепке алынатын төменгі күнкөріс деңгейі ретіндегі өлшем 14 849 теңге болса, енді 20 789 теңге болып белгіленді. Сонымен қатар, отбасындағы жиынтық табысты есептегенде, Алтын және Күміс алқалы аналарға, көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақылар, студенттердің шәкіртақысы есептелмейтін болды. Атаулы әлеуметтік көмек төлеу үшін 2019 жылы облысымызда мұқтаж отбасыларға 3,5 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалады деп жоспарланған, — деді Қайрат Отаров.

Оның айтуынша, қазіргі күні облыста аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың әлеуметтік картасын жасау мақсатындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, еңбекпен қамтуға, өз ісін бастау үшін шағын несиелер беруге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында да аталған топтарға енетін азаматтарға бірінші кезекте көңіл бөлу көзделген.

Жуырда облысымызда азаматтарды түрлі әлеуметтік мәселелер бойынша қабылдау үшін Ашық есік күндері өткізілгені белгілі. Осы шара аясында мамандарға кеңес сұрап, шағымданып келген адамдар саны 5193 болған. Ең көп көтерілген, яғни келгендердің 38 пайызының көкейіндегі мәселе — баспана болыпты.

Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Иманалиннің айтуынша, енді табысы аз, баласы көп отбасыларға жылдық 2 пайыз өсіммен пәтер алуға мүмкіндік жасалады.

Ақтөбеде осы бағыттағы құрылыстар «Нұр Ақтөбе» ауданында жүргізіледі деп жоспарланған.

— Алғашқы жарна үшін жинаған қаржысы жоқ азаматтарға тұрғын үй сертификаттарын беру көзделген. Бұл үшін облыстық бюджеттен 200 миллион теңге қаржы бөлінді, — деді Нұрлан Иманалин.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жиында «Ауруларды басқару» және «Әмбебап үдемелі патронаж» бағдарламаларының тиімділігі, алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыру, сондай-ақ ауылдық елді мекендердегі емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында жасалып жатқан шаралар туралы баяндады.

Оның айтуынша, бүгінгі күні облыста диспансерлік есепте тұрған азаматтар арасында қан қысымы жоғары, жүрек-қан тамырлары дерттеріне және қант диабетіне шалдыққан жандар көп. Ауруларды басқару бағдарламасы аясында, негізінен, осы науқастарды асқындырудың алдын алу шаралары күшейтілетін болады.

Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында «Сенбі — денсаулық үшін» акциясы қолға алынған. Әр сенбіде қаладағы емханалардың бірінде Ашық есік күні өтіп, тұрғындарға учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша білікті мамандардан кеңес алып, өз денсаулықтарын тексеруден өткізуге мүмкіндік ұсынылады.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button