Білім

Балдырған

АЛМАЗ

Біздің елімізде қымбат, бағалы асыл тастар өте көп. Солардың бірі – алмаз. Алмаз – минералды, көміртекті заттардан тұратын қатты тас. Кейде мұны «бриллиант» деп те атайды.

Көбіне алмаздар түссіз не сары, көгілдір, қызғылт түсті болып келеді. Ал жоғары жағы жалпақ, қырлы, өткір болады. Алмаз жердің тереңінде орналасады. Бұл тастан қымбат бағалы бұйымдар жасайды.

Қанатты дос

ИТЕЛГІ

Ителгі – сұңқар тұқымдас құстардың ірі өкілі. Түр-түсі өзгешелеу ителгі көбіне кең атырапты орманды жерлерді мекен етеді. Арқасы күңгірт топырақ түстес келетін бұл құстың бауыр жағы қара дақтармен көмкерілген ақ сары болып келеді.

Ителгі Қаратау мен Бұғыты, Сөгеті және Кіндіктау сияқты қыраттардың еңіс жерлерінде, Аңырақай, Байғара, Жамбыл, Хантау тауларының етегінде, Тарбағатай, Шыңғыстау, Алтынемел маңында көп кездеседі. Тау етектерін қоныс ететін ителгінің бір ерекшелігі – ол ұясынан тыс жерлерде жалғыз ұшып жүреді және даусын көп шығармайды. Көзге де көп түсе бермейді.

Негізінен, бұл жыртқыш құс тұқымы еліміздің таулы аймақтарында өте сирек кездеседі. Көбіне далалы жерлерде өзен жағалауларының тік жарларын, тасты жыраларын, биіктеу төбелерді, шөл және шөлейт өңірлерде ертеден қалған тас үйінділерді қоныс етеді және сонда ұя салады. Немесе құзғын, қарға секілді құстардың дайын ұяларын да пайдаланады. Қанаттарын жылдам қағып қозғалатын бұл құс ұстайтын жемтігін жартасқа тығылып аулайды әрі тез шапшаңдықпен қағып алады.

Ителгі кептер, қарға, ұзақ, кекілік тәрізді құстар мен саршұнақ, қаптесер, құмтышқан сияқты кеміргіштермен қоректенеді. Мал жайылымы мен егістіктердің зиянкесі болып саналатын саршұнақтармен көп қоректенетін ителгі – өте пайдалы жыртқыш құс.

Балдырған-ақпарат

БАЛА ЖӘНЕ ТӘРБИЕ

Жақында қазақ-түрік лицейінде «Бала тәрбиесі баршаға ортақ» деген тақырыпта семинар өтті.

Семинарға облыстық білім басқармасы мен балалар құқығын қорғау департаментінің қызметкерлері, оқушылар және ата-аналар қатысты. Алдымен лицей директоры Муаммер Ташчы сөз сөйледі. Одан кейін ұстаздар «Отбасы – тіршіліктің тірегі», «Жеткіншектік шақтағы ата-ананың ролі», «Жарқын болашақ – жастардың қолында» деген тақырыптарда баяндамалар оқыды.

Ата-ана мен бала арасында кездесетін келеңсіз жайларды болдырмау мақсатында «Бала және сіз» деген тақырыпта ситуациялық бейнероликтер көрсетіліп, пікірталас ұйымдастырылды.

Жанар ҚОСПАҒАМБЕТОВА.

Жас қалам

МАМАНДЫҒЫМ – МЕНІҢ БОЛАШАҒЫМ

Міне, аз уақыттан соң біз мектеп табалдырығын аттап, үлкен өмірге жолдама аламыз. Болашақта бізді үлкен асулар мен биік белестер күтіп тұр. Білімді аға-апаларымыз тәрізді біз де еліміздің дамуына зор үлесімізді  қосуымыз қажет. Ол үшін өзімізге ұнайтын жақсы мамандықты адаспай тауып, білгір маман болуымыз қажет.

Рас, қазіргі заман ағымына ілесу үшін, білімді жастар санатына қосылу үшін терең білім мен біліктілік қажет. Ал мамандық таңдағанда адаспаған дұрыс. Бүгінде мамандықтың түр-түрі бар. Оларды іріктеп, өз икеміңе қарай таңдай білген жөн. Ұлы педагог Ушинский: «Егер мамандықты таңдап алуда сіздің жолыңыз болса және осыдан бар жігеріңізге сарп ететін болсаңыз, сізден асқан бақытты жан болмайды», – деген екен. Кез келген түлек мамандық таңдарда кедергілерге тап болуы ықтимал. Сол себепті әр баланың болашағына ата-анасы, ұстазы жауапкершілікпен қарағаны дұрыс.

Біздің бақытымыз – болашағымыз. Сондықтан, достар, мамандық таңдауда қателеспейік!..

Гауһар ТОЙҒҰЛОВА,

№30 Ақтөбе орта мектебінің

11-сынып оқушысы.

Қызықты оқиға

БҰЗАУДЫ ҚҰТҚАРАМЫН ДЕП…

Ол кезде мен ауылда едім. Тал түс, күн өте ыстық. Үйдегілер Пекин қаласында болған Олимпиаданы қарап жатты. Ал мен сыртқа шығып, тауықтарды қораға кіргізіп, балапандарға жем бердім. Кенет бір бұзаудың қатты мөңірегенін естідім. Сол жақтағы жинаулы тұрған шөп басына шығып, әлгі бұзаудың қайдан мөңірегенін білмек болдым. Қарасам, бұзаудың басы көрші үйдің бақшасына қыстырылып қалыпты. Басы қатты ауырған болуы керек, әлгі бұзау мөңіреп адамдардан көмек сұрайды. Мен: «Бұзау, бұзау, қорықпа. Қазір сені құтқарамын», – деп алға қарай ұмтылып ем, жинаулы тұрған шөптің ортасына түсіп кеттім. Алғашында не болғанын өзім де түсінбей қалдым. Қалың әрі биік шөп іші қорқынышты екен. Үсті-басым бүлінді, аузы-мұрныма шөп толды. Бұзау тәрізді мен де айқайлап көмек сұрап ем, ешкім келмеді. Бойымда бар күш-жігерімді жинап, шөп ішінен шықтым.

Үйдегілер менің шөп-шалам жабысқан киімдеріме, ұйпа-тұйпа шашыма қарап қатты күлді. Мен апама болған жайды айтып едім: «Ой, ботақаным, бұзауды құтқарам деп өзің қиындық көріпсің ғой», – деді. Осы сәтте бұзауды әлі құтқармағаным есіме түсіп, лезде далаға жүгіре шықтым. Бұзау әлі сол орнында екі көзі жасаурап, көмек күтіп тұр екен. Мен көршілердің ауласына кіріп, оған көмектестім. Бостандыққа шыққан соң, бұзауым ойнақтап жүгіре жөнелді. Осы оқиға менің есімнен кетпейді…

Нұргүл АЛПЫСБАЕВА,

№32 Ақтөбе мектеп-гимназиясының

6-сынып оқушысы.

Оқушының өлеңі

НАУРЫЗ

Көктем келді құлпыртып кең даламды,

Әнге салып гүлдентіп айналамды.

Алғашқы лекпенен келген құстай

Келді наурыз құлпыртып кең даламды.

Жылғалардан су ақты сыбдырласып,

Асыр салып ойнадық, қуаласып.

Құс қайтқанда тостық біз қуанышпен,

Қалыппыз-ау, сірә, біз сағынысып.

Наурыз айы келгенде сағындырып,

Айнала гүлге толды малындырып.

Наурыз тойы бүгінгі құтты болсын,

Келе берсін әрдайым таңым күліп.

Аяжан ОТАРОВА,

№39 Ақтөбе қазақ орта мектебінің

6-сынып оқушысы.

ҚЫЗҒАЛДАҚТАР

Көктем де келді жадыраған, жайнаған,

Құстары да әндетіп бір сайраған.

Көктем деген күн шуақты мезгілде

Қызғалдаққа толып кетті айналам.

Назгүл АЗАМАТ,

№3 Қандыағаш мектеп-гимназиясының

8-сынып оқушысы.

СҮЙКІМДІ СӘБИ

Ақын болар ма екенсің…

Шалқар қаласының кішкентай тұрғыны Бағдәулет Айбекұлы Аймұрат 3 жаста. Ол – әжесі Жаңылсын мен атасы Аймұраттың еркесі. Бағдәулет әрбір тәтті сөзімен, ерке қылығымен отбасындағылардың жүрегін баулап алады.

Бағдәулеттің тұсауын республикаға танымал жас ақын Қайнар Алакөзов кесіпті. Болмасаң да ұқсап бақ деген емес пе?  Кім біледі Бағдаулет те өскесін Қайнар ағасы тәрізді от ауызды, орақ тілді ақын болар. Әрине, бұл болашақтың еншісінде… (суретте   Бағдәулет пен Қайнар).

Әкем – асқар тауым

Мұғалжарлық Аслан Қосайұлы Жүкенов 8 жаста. Ол технология сабағын жақсы көреді екен. Үнемі папасына көмектесіп, ағаштан машина, қылыш, қуыршақ сияқты ойыншықтар жасайтын көрінеді. «Мен әкемді сыйлаймын әрі мақтан тұтамын. Өйткені оның қолынан бәрі келеді. Әкем – асқар тауым. Өскенде әкеме қамқор боламын», – депті Аслан бізге жолдаған хатында.

Әзірлеген Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button