Мереке

Берекенің бастауы

Көктемнің шуағымен келетін аналар мерекесі қарсаңында Ақтөбе қалалық әкімдігі әдемі кеш өткізді.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған «Әлемді аялаған ана!» атты  мерекелік шараға соғыс және еңбек ардагерлері, көпбалалы аналар, Ақтөбе қаласының құрметті азаматтары, қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген аналар, қыз-келіншектер шақырылды.

Қалалық Мәдениет үйіне кірген аналарды үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен биге шақырған әскери жігіттер, жылы лебіздер мен әдемі гүл шоқтары мерекелік көңіл күйді одан әрі аспандатты.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Ұшқын Мыңбаев 8 наурыз мерекесімен құттықтап, әр шаңырақтың ұйытқысы болып отырған аналарға лебізін білдірді:

—  Әйел — қай уақытта да отбасындағы ауызбіршілік пен берекенің, ізгіліктің көзі. Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Қоғамның әр саласында қызмет етіп жүрген әйел адамдар қаламыздың дамуына барынша үлес қосып келеді. Аналарымызға, апаларымыз бен қарындастарымызға денсаулық тілеймін, өмірдің әр белесінде жетістіктерге жете беріңіздер! — деді Ұ.Мыңбаев.

Мереке қаланың үздік шығармашылық ұжымдарының керемет концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button