Мереке

Мемлекеттік қызметтегі аналар мерейі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Расул Медетов мемлекеттік қызметте жүрген көпбалалы аналарды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

Департамент пен облыстық салалық кәсіподақ комитеті ұйымдастырған мерекелік шараға  мемлекеттік қызметте жүрген 32 көпбалалы қыз-келіншек пен мемлекеттік қызмет ардагерлері шақырылды.

Нәзік жандыларға гүл шоқтары мен құттықтау хатын табыс еткен Расул Медетов —  аймақтың дамуына қосқан зор үлестері үшін алғыс білдірді.

— Біз еліміздің, облысымыздың қарыштап дамуында, көркейіп гүлденуінде нәзік жанды аруларымыздың еселі еңбегі мен қажырлы қайратының қарымды үлесі жатқандығымен мақтанамыз. Бүгінгі мерекеде әрқайсысыңыздың отбасыларыңызға зор денсаулық, мол бақыт, шаңырақ шаттығы мен сәбидің пәк күлкісін тілейміз, — деді өз сөзінде департамент басшысы.

Салтанатты шара А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі оқушыларының өнерімен жалғасты.

Өз кезегінде кеш қонақтары сөз алып, департамент пен салалық кәсіподақ комитетіне ризашылығын білдірді.

— Бүгінгі салтанатты шараға көпбалалы ана ретінде шақырылдым. Төрт балам бар. Мемлекеттік қызметте жүргеніме 9 жылдан астам уақыт болды. Ізгіліктің, жақсылықтың, жаңарудың салтанат құрған шағында құрметке ие болып жатқанымызға ерекше қуаныштымыз. Өзім секілді жауапкершілігі мол қызметте жүріп, өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп отырған әріптестерімді мерекелерімен құттықтаймын, — дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкері Эльмира Тасанова.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button