Мереке

Майор Қазжанова

Әсем Қазжанова  — Ақтөбе қалалық полиция басқармасының Алматы ауданы №3 қалалық полиция бөлімінің аға анықтаушысы, полиция майоры.

Ол Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің филология факультетін бітіріп, 2003 жылы еңбек жолын ішкі істер органдары саласында күзет басқармасында бастаған. Жұмыс жасап жүріп ішкі істер министрлігі академиясында оқыды. Бүгінде ол жан-жақты тәжірибе жинақтап, ысылған маман.

— Бұл салаға өз жүрек қалауыммен келдім. Жұмысым өте қызық. Әрине, қиындығы да бар. Маған жұмыс барысында көбіне нашақорлыққа салынған, қалта ұрлығымен айналысатын немесе ішімдікке салынып, түрлі бұзақылықтарға баратын, алаяқтық жасайтын адамдармен жұмыс жасауға тура келеді. Олармен сөйлесіп, не үшін сондай жағдайға түскенін анықтауға тырысамыз, — дейді майор ханым.

Әсемнің айтуынша, соңғы кездері ғаламтордағы алаяқтық белең алып тұр. Адамдар «несие алып беремін» немесе құжаттардың жалған түрлерін жасап және белгілі бір қызмет түрлеріне «сертификат алып беремін» дегенге алданып, ақыр соңында қомақты қаражаттарын беріп, алаяқтарға жем болып жатқанын айтады. — Мен өз тәжірибемде ұзаққа созылған, үш жыл бойына ашылмай, кейінге шегіріліп келген бір қылмыстық істі аштым. Ол біреудің автокөлігін әдейі айдап кетуге қатысты оқиға болатын. Оқиға былай өрбіген. Бір әйелдің көлігін кәмелетке толған баласы жаңажылдық кеш қарсаңында сұрап алып, сауық кешке барады. Қасындағы досы көлікті қыздырамын деп, кілтін сұрап алады да, қасындағы құрбыларын үйлеріне апармақшы болып, көлікті жүргізіп кетеді. Жол бойында  көлік апатына түсіп, бірнеше рет соқтығысып, қасындағы қыздарымен қоса көлікті  тастап, оқиға орнынан қашып кетеді. Бұл жағдайға дейін де туыстарының көлігін жүргізіп, осындай істі болған ол қылмысын жасырып, куәгерлерін де қорқытады. Ақырында көлікті жүргізген ол екенін дәлелдеу қиынға соғып, іс үш жылдан бері кейінге қалдырылып келген. Арада уақыт өте ол істі қайта қарау маған жүктелді. Мен екі куәгер қызды іздеп таптым. Олардың біреуімен тіл табысып, жақын сөйлесу барысында істің нақты мән-жайын білуге мүмкіндік туды. Ал екінші қыз қатты қорқып қалған болу керек, алғашында шындықты айта қоймады. Кейін ол да қалай болғанын ашып айтып берді. Осылайша,  іс сотқа жіберіліп, өз кінәсін жасырып қалмақ болған жігіт 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Түбі әділдік жеңді. Маған осындай қылмысты ашқаным үшін полиция басшылығы тарапынан сыйақы берілді, — дейді Әсем.

Әсем Қазжанова — көпбалалы ана. Бүгінде жолдасы Марат Қайырбайұлы екеуі Айғаным, Әйгерім, Назерке, Ақалтын есімді төрт  бала өсіріп, тату да берекелі отбасы ретінде көпке үлгі болып отыр. Жолдасы Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп- гимназияда алғашқы әскери даярлық пәнінің ұстазы. Балаларына қамқор, зайыбы Әсемге әр кез қолдау танытып отырады.

— Жұмыста жетістікке жету үшін ең алдымен отбасында татулық болуы тиіс.  Ерлі-зайыптылар өзара бір-біріне қолдау танытқанда ғана отбасы іргесі берік болады. Ал мықты отбасылар күшті мемлекеттің негізін қалайды, — дейді майор.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button