Мереке

40 жыл кран тізгіндеген

Үрсұлу Әбішева зауытқа жұмысқа кіргенінде жиырма жастан енді асқан бойжеткен болатын. Арал қаласынан арман қуып Ақтөбеге келген жас ару оқудың реті келмегесін өңірдегі ең беделді кәсіпорындардың бірі — Ақтөбе феррохром зауытына… краншы болып жұмысқа кіреді. Нәзік саусақтарымен кран басқарған нәзіктің артында бүгінге қырық жылға жуық тәжірибе бар.

— Сонау сексенінші жылдары еді ол. Ол кезде өзіңе лайықты жұмыс табу оңай емес. Феррохром зауытына жұмысқа орналасу үлкен олжа болды, себебі зауыттың жастарға беретін жатақханасы бар, жалақысы да еш кешіктірілмей уақытында беріледі. Тіпті тегін емдеу-сауықтыру орындары да жұмыс істейді. Жұмысшыларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Жас адам үшін осыдан артық не керек? — дейді Үрсұлу краншы.

Үрсұлу жұмыс істей жүріп, кәсіпорында кран машинисі курсын жақсы бітіріп шығады.  Жарты жыл бойы білімін шыңдағаннан кейін «Бірінші» деп аталатын үлкен цехтың дайын өнім әзірлейтін қоймасына жұмысқа жіберіледі. Араға аз ғана уақыт салып, сол зауытта балқытушы, кейін бригадир, ауысым шебері болып еңбек еткен жас жігіт Мұханбет Әбішевпен отау құрады.

— Зауыт жас отбасы ретінде бізге жаңа пәтердің кілтін берді. Бұл біз үшін есте қаларлық керемет оқиға болды. Сол пәтерде өсіп-өндік, көктедік. Үш бала тәрбиелеп өсірдік. Жолдасымыз екеуміз қырық жылға жуық уақыттан бері жұмысқа қатар барып-келіп жүрміз. Әрине, өндірісте жұмыс істеу әйел адам үшін оңай десем, ешкім сенбес еді. Қиын кездер де болды, алайда, жұмысымды тастап кетем деген ой мүлде болған емес. Бірте-бірте тәжірибе жинақтап, өзімді осы кәсіпсіз елестете алмайтын деңгейге жеттім, — деп күледі жоғары класты краншы.

Үрсұлу дайын өнімдер цехында жұмыс істейді. Мұнда кесек-кесегімен әкелінген салқын металл ұрып, уатылады. Одан соң оны қайтадан кранмен іліп көтеріп, жиырма жеті-отыз тонналық арнайы контейнерлерге тиеу қажет. Үрсұлудың міндеті сол — кесек-кесек металды тиеу, түсіру, уатылған дайын өнімді қайтадан контейнерлерге тиеу.

— Краншы үшін ең алдымен шыдамдылық қажет. Бұл өте жауаптылықты,  төзімділікті талап етеді. Біздің қатарымызда әйел адамдар көп, себебі ер адам шыдамаған қиындыққа әйел адам шыдайды, әйелді сол үшін қырық шырақты дейтін шығар… Краншы болып жұмысқа кірген жас жігіттердің өзі кейде шыдамай, жұмыстан кетіп қалып жатады, — дейді Ү.Әбішева.

Үрсұлудың айтуынша, кранның биіктігі үш қабатты үйдің биіктігімен бірдей. Барлық жұмыс механизммен атқарылады дегенмен, аса ұқыпты болмасаң, тұтас цехтың жұмысына қауіп төндіресің. Төменде жұмысшылар жүреді, сен биікте кранды басқарасың. Сондықтан өте мұқият болуға тиіссің. Бір цехта үш-төрт кран асқан үйлесімділікпен жұмыс істейді. Ол жерде тарсыл-гүрсіл дауыс. Адам адамның дауысын естімейді. Сондықтан краншылар тек қимылмен сөйлеседі. Ол үшін арнайы нұсқаулық та бар.

— Бүгінде зауыт біздің екінші үйіміз болып кетті. Осы зауыттың қабырғасында жүріп отау құрып, үш бөлмелі пәтер алып, балалы болып, балаларымызды өсірдік. Қазір ата-әжесінің бауырына басқан тұңғышымыз Кенжебегіміз бен келініміз Эльмира медицина саласында қызмет етеді. Айша, Омар, Әмина есімді немерелеріміз бар. Екінші ұлымыз бен қызымыз Асқар мен Айдана біздің зауытта еңбек етіп жатыр. Яғни, бір зауытта отбасымызбен еңбек етіп жатырмыз деуге болады, — дейді краншы.

Зауытқа жиырмалардағы үлбіреген бойжеткен кезінде жұмысқа кірген Үрсұлу екі-үш жылдан кейін осы жерден әже болып, зейнетке шықпақ.  Қырық жылға жуық уақыт бойы шыдамдылық, төзімділік, ұқыптылықтан ауытқымай, өз биігінде еңбек еткен краншы бойжеткен, краншы ана, краншы әже әріптестері арасында осы саланың жілігіп шағып, майын ішкен тәлімгер ретінде де белгілі. Оның соңынан қырық шырақты краншы арулар еріп келеді. «Мереке тұсында өндірістің көрінбейтін майданында еңбек етіп жүрген аруларды, аналарды құттықтағым келеді», — дейді Үрсұлу Әбішева…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button