Мереке

Подполковник ару

Ақтөбе гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры әділет подполковнигі Гүлзат Битованың есімі әріптестері арасында құрметке ие.

1990 жылы орта мектепті аяқтағаннан кейін Гүлзат Тынышбекқызы Талдықорған қаласындағы заң техникумына оқуға түсті. Екі жылдан соң осы оқу орнын үздік дипломмен аяқтап, туған жері Жамбыл облысы Шу ауданындағы Калинин кеңшарына келіп, заңгер қызметіне кіріседі. Ол уақыттарда еңбек даулары арбитраждық соттарда шешілетін. Гүлзат Тынышбеқызы үнемі соттарға қатысып, ауылының заңды құқықтарын қорғауға атсалысты. Кейін Гүлзат Талдықорған қаласындағы заң институтында білім алды. Еңбек жолын Мемлекеттік тергеу комитетінің Гвардейск гарнизоны бойынша әскери-тергеу бөліміне тергеуші болып бастады. Қыз балаға бұл бастапқыда оңай соққан жоқ. Жүрексінген Гүлзат бір жыл әскери шенсіз жұмыс істеуге бел буған.

— Алғашқыда, әрине, қиын болды. Жас әрі тәжірибем аз маған «әскерден қашу», «бөлімді өз бетімен тастап кету» сияқты істерді беретін. «Жеңіл қылмыс» деген аты ғана. Әйтпесе, сол істерде адам тағдыры шешіледі ғой. Әлі есімде, ең алғашқы қараған қылмыстық ісім 15632-әскери бөлімнің қатардағы жауынгері «Г»-нің Қылмыстық Кодекстің ол кезде 234-інші, қазіргі 442-бабымен айыпталған ісі болды. Бұл – қашқындық. Айыпкерден жауап алып отырмын. Ол: «Әскерден қашқан себебім — әкем қайтыс болған соң анам ауырып қалыпты. Үйде кішкентай қарындасым бар. Соларға көмектесу үшін осындай қадамға бардым. Қазір үйдегі жағдай  түзелді, енді әскери қызметімді әрі қарай жалғастырсам»,  — дейді. Әрине, «Г»-нің іс-әрекетінде Қылмыстық Кодексті бұзу бар. Бір жағынан жалғыз ауру анасына көмектесу ниеті де дұрыс. Осы жағдайды заң таразысына салсан, «Г»-ні жауапқа тарту керек. Ал Ар таразысына салсаң, оның ісі дұрыс…— дейді ол.

1997 жылы 17 шілдеде Гүлзат Тынышбекқызы әділет лейтенанты әскери шенін алды. Бұл күн Гүлзаттың алғашқы жетістігі,  әрі бойындағы қорқынышты, өзіне деген сенімсіздікті жеңген күн болатын. Гүлзат 2000 жылға дейін гарнизондағы әскери полицияда анықтаушы, тергеуші болып қызмет етті. Сол жылы Гвардейск гарнизоны әскери прокурорының көмекшісі қызметіне ауысты. Мұндағы бір ерекшелік – тергеушінің мақсаты айыпкердің жасаған қылмысын тергеп, тексеріп мойнына қою болса, прокуратура қызметкері тергеу мен анықтау барысында ешқандай заң талаптарының бұзылмағанын қадағалайды.

2000 жылдың желтоқсан айында Бас әскери прокурордың бұйрығымен Гүлзат Тынышбекқызы Ақтөбе гарнизонының әскери прокуратурасына прокурордың аға көмекшісі болып тағайындалды.

— Үйреніп қалған ұжымды тастап кету оңай болған жоқ, — дейді Гүлзат Тынышбекқызы күлімсіреп. — Әйтсе де, еліміздің батыс өңіріне қазығымызды қағуға тура келді. Тегінде, бойында қуат бар жас шағыңда жер көріп, ел танығанға не жетсін. «Тон жағасыз, ел ағасыз болмайды» ғой, әскери прокуратурадағы әріптестеріме ризашылығым шексіз. Адам жүрген ортасына бейім келеді, менің жеткен жетістіктеріме, өмірімдегі оң өзгерістерге қызметтес болған адамдар көптеген септігін тигізгенін мақтанышпен айтамын, — дейді Гүлзат.

Гүлзат Тынышбеқызының өмірлік серігі Қанат та жаны жайсаң, жүрегі кең азамат. Ол үнемі Гүлзат Тынышбекқызының белес биігінен көрінуіне көмектесіп келеді.

Қайда жүрсе де қара қылды қақ жарып, әділеттің ақ туын жоғары көтере білген біздің әріптесіміз осындай жан.

 К.БАЛТАБАЕВА,  

Ақтөбе гарнизоны әскери прокуратурасының прокуроры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button