Мереке

Көпбалалы үйдің көктемі

Көпбалалы отбасы — береке-бірліктің үйлескен жері. Мұндай отбасыларда өскен бала көпшіл, мейірімді және қайырымды болып келеді. Ал көп бала өсіріп, тәрбиелеп отырған аналардың қоғамда алар орны ерекше. Сондай аналардың бірі — Салтанат Сәдуова. Ол — 8 баланы дүниеге әкеліп, бүгінде олардан немере сүйіп отырған бақытты ана.

Әйтеке би ауданы Басқұдық ауылында туған Салтанат Сәдуова өзі де көпбалалы отбасынан шыққан. Ол — жеті баланың екіншісі. Орта мектепті бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі болмай, ауылда бірнеше жыл еңбек етеді. 19 жасында Жангелді аталатын көрші ауылға келін болып түседі.

— Менің келген жерім де көпбалалы отбасы. Жолдасым Мұхаддин — 9 баланың бесіншісі. Сондықтан мен келген жеріме тез сіңіп кеттім. Отбасын құрғаннан кейін бір жылдан соң тұңғышымыз Асылхан дүниеге келді. Одан кейін араға екі-үш жыл салып Мейіржан, Асанхан, Шерхан, Нұртілек, Самрат есімді ұлдарымыз, ал 2008 жылы отбасында көптен күткен жалғыз қызымыз Алтынай өмірге келді. 2009 жылы отбасымыздың кенжесі Алтынбекті дүниеге әкелдім. Ол бүгінде 4-сыныпта оқиды. Балаларымның үлкені отбасын құрып, бүгінде әр салада еңбек етіп жүр. Қазақта: «Әр баланың өз несібесі бар» — дейді, шындығында осы балалардың барлығын жолдасымыз екеуміз бірге жүріп, өсірдік. Көп баланы бағу оңай шаруа емес. Балаларды оқыту, үйлендіру, баспана әперу — әрбір ата-ананың міндеті. Сондықтан осы міндетімізді орындау үшін бүгінге дейін тірнектеп келеміз, — дейді көпбалалы ана.

Кейіпкеріміз өз өмірінде көп қиындық көргенін айтады. Балаларының алды үй болып, отау құрып кеткенімен, бүгінде Салтанат Сәдуова мүмкіндігі шектеулі үш жанды өзі бағып отыр. Жолдасы Мұхаддин — 2-топ мүгедегі, жүрегінде ақауы бар, жұмысқа жарамсыз. Ұлы Самрат 1,5 жасында сал ауруына шалдықса, қызы Алтынайдың ақыл-есі әлі қалыптаспаған, арнайы мектепте оқиды.

  • Ауылда тұрғанымызда жағдайымыз жаман болған жоқ. Көп жыл енемнің қолында тұрдық. Қызым алты жасқа келгенде оны арнайы мектепке беру керек болды. Сондай-ақ жолдасым мен ұлым Самратты жиі-жиі облыс орталығындағы ауруханаға әкеліп көрсетуіміз қиын болды. Сол себепті осыдан бес жыл бұрын облыс орталығына қоныс аудардық. Қалаға келген соң биылғы жылға дейін әр ауданнан пәтер жалдап, көшіп жүрдік. Ақпан айында тұрғындарға қабылдау жүріп жатқанын естіп, мен де жергілікті билік өкілдеріне жағдайымды айтып бардым. Соның көмегі болар, жеке кәсіпкер Жасталап Жанбауов деген азамат демеушілік жасап, «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы үш қабатты тұрғын үйден бір бөлмелі пәтер алып берді. Бүгінде сол үйде 9 адам тұрып жатырмыз. Әрине, бір бөлме осыншама адамға тарлық етеді, алайда өз үйің болған соң «көңіл сыйса, бәрі сыяды» деп өмір сүріп жатырмыз. Біздің жағдайымызды ескеріп, қайырымдылық жасап, жомарттық танытқан кәсіпкерге ерекше алғысымызды айтамыз. Осындай азаматтарымыз көп болсын! — дейді С.Сәдуова.

Бүгінге дейін Сәдуовтер отбасының басты мәселесі — баспана болып келсе, бүгінде олардың қуанышында шек жоқ. Әсіресе үйдің кенжесі Алтынбек өз үйінің болғанына қатты қуаныпты. Кәсіпкер ағасына күн сайын ерекше ризашылығын білдіреді.

— Мен өзімді бақытты анамын деп ойлаймын. Бүгінде балаларымның үлкендері үй болып, немере сүйгізсе, кәмелет жасқа толмаған төрт балам білім алуда. Жолдасым еңбекке жарамсыз болғанымен, отбасында балаларға әкелік мейірімін төгіп, ақыл-кеңесін айтып отырады. Үйленгенімізге отыз жыл болса да, сыйластығымыз ерекше. Соның арқасында ұлдарым мен келіндерім де бізге ерекше құрметпен қарайды. Бала — адамның бауыр еті, қандай жағдай болса да бала үшін бәріне төзесің, шыдайсың! Менің зәулім үйім, көп ақшам болмаса да өзімді бай адаммын деп есептеймін. Себебі сегіз балам жан-жақтан қаумалап, «анашым» дегенде, менен бақытты жан жоқ! Ана болу — әрбір әйелдің бақыты. Ал көпбалалы отбасы болу — әр ананың қуанышы. Егер балаларың жақсы білім алып, абыройлы өмір сүрсе, ана үшін содан асқан бақыт жоқ. Ата-ана үшін ең басты қуаныш — балаларының бақыты, — дейді «Алтын алқа» иегері.

Көпбалалы ана бүгінгі күні мемлекеттен мүмкіндігі шектеулі екі баласына және жолдасына ғана жәрдемақы алатынын, өзі балаларына қарап үйде отырғандықтан жұмыс жасауға мүмкіндігі жоқ екенін айтады. Сондықтан алдағы уақытта көпбалалы отбасына мемлекет тарапынан қолдау, көмек болса деген тілегін білдірді.

Қазіргі таңда отау құрған төрт баласынан жеті немере сүйіп отырған Салтанат Сәдуова — көпбалалы ана ғана емес, ақ жаулықты әже. Немерелерінің әрқайсысын ерекше еркелетіп, балаларына тәлім-тәрбие беріп, түгел бір әулетті ұстап отырған мейірімді ана жастарды қанағатшыл, қамқоршыл болуға шақырады.

  • Кез келген адам үшін ананың орны қашанда ерекше, солай болып қалады да. Мен өз балаларыма, немерелеріме ананы, әйелді әрдайым құрметтеу керектігін айтып отырамын. Жыл сайын балаларым осы мерекеде үйге жиналып, келіндерім дастарқан жайып, өз құрметтерін білдіреді. Қолдан келгенше сый-сияпаттарын жасап, ізгі тілектерін арнайды. Бұл күн — мен сияқты аналар үшін ең ізгі мереке. Сондықтан бүгінгі аналардың мерекесінде еліміздегі, облыстағы барлық аналарды, қыз-келіншектерді мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Көктемнің алғашқы мерекесі барлық отбасына тек бақыт пен қуаныш әкелсін деп тілеймін, — дейді сегіз баланың анасы.

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button