Басты жаңалықтарМереке

Көпбалалы аналар марапатталып, арулар сынға түсті

Кеше Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында «Қазхром ажары-2019» көшбасшылық және сұлулық байқауы өтті. Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты. 

Шарада облыс әкімі Оңдасын Оразалин компанияның қыз-келіншектерін мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

  • Бүгін көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында «Қазхром» акционерлік қоғамы өзінің салмағына, жағдайына, мүмкіншілігіне сай керемет шара өткізіп отыр. Бұл компанияның облыстың әлеуметтік-экономикалық саласындағы орны ерекше. Сонымен қатар компанияның бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жасаған игілікті істері де аз емес. Атап айтсақ, бүгінгі шараны өткізіп отырған Шығармашылық академиясы сіздердің қолдауларыңызбен, демеушілік етулеріңізбен салынған болатын. Бүгінде бұл орталықта мыңдаған бала білім алып, өнерін шыңдауда.

«Қазхром» акционерлік қоғамы — мыңдаған адамды тәрбиелеп, оларды жұмыспен қамтып келе жатқан ұжым. Сондықтан облыс әкімдігі атынан компания басшылығына алғысымызды білдіре отырып, барлық ұжымды, әсіресе, жұмыстың қиындығымен қатар отбасында бала тәрбиелеп отырған көпбалалы аналарды алдағы мерекелерімен құттықтаймыз. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз. Мерекелеріңіз құтты болсын! — деді облыс әкімі.

Құттықтау сөзінен кейін Оңдасын Оразалин Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмыс істейтін 8 көпбалалы  анаға арнайы Алғыс хат пен ақшалай сертификаттар табыс етті.

Бұдан кейін шарада компанияның Ақтөбе, Хромтау, Қарағанды, Ақсу қалаларындағы филиалдарында еңбек ететін 10 ару өзара бақ сынап, сынға түсті.

Сұлулық сайысына қатысушылар — компанияда машинист, электромонтер, жөндеуші, зертханашы болып жұмыс істейтіндер.

Байқауда қатысушылар 4 кезең бойынша өзара бақ сынасты. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Дөң тау-кен байыту комбинаты, Ақсу ферроқорытпа зауыты және Қарағанды қаласындағы «Қазмарганец» кен басқармасы атынан қатысқан арулар байқау барысында жұмысқа киетін арнайы киім үлгілерімен ортаға шығып, «Мен — көшбасшы» тақырыбында өз жұмыстарын қорғады. Сондай-ақ қатысушылар берілген сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, «FeCrStyle» күлгін және сары түсті киім үлгілерінен дефиле көрсетті.

Аталған шарада облыс әкімінің қолынан марапат алғандардың бірі — Әсем Сексенбаева. Ол Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 7 жылдан бері сорғы қондырғысының машинисі болып жұмыс істейді. Бүгінде 4 бала өсіріп, тәрбиелеп отырған Әсем өз жұмысының қиындығына қарамастан, отбасында үлгілі ана, сүйікті жар.

— Баламыздың үлкені 11 жаста болса, кішкентайымыз үш жастан асты. Жолдасым «Премиум сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде инженер болып жұмыс жасайды. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Осы кәсібімді жалғастырып, ойлаған мақсатыма жетсем деймін. Бүгін мереке қарсаңында облыс әкімінің қолынан Алғыс хат алып, бір қуанып қалдық. Еңбегіңнің еленгеніне, құрметке бөленгенге не жетсін?!  — дейді Әсем.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button