Басты жаңалықтарМереке

Көңілі даласындай кең Қазақ халқына алғыс айтылды

Ақтөбеліктер Алғыс айту күнін тойлады. 1 наурыз күні облыстың барлық аудандарында кең ауқымды қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, 3 мыңнан астам ақтөбелікке жалпы сомасы 27,2 миллион теңге әлеуметтік көмек көрсетілді.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысқан басты ресми салтанатты шара «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіш-стелласының алаңында өтті. Ақтөбеліктерді мерекемен құттықтаған өңір басшысы Алғыс айту күні біздің ортақ тарихымызға деген құрмет, сондай-ақ көпұлтты еліміз үшін маңызы зор мереке екендігін айтты.

— Мемлекет басшысы елімізде тұратын көптеген этностардың сұрауы бойынша Алғыс айту  күнін белгіледі. Тарихтан белгілі, ата-бабаларымыз тағдыр тәлкегімен біздің жерге қоныс аударған өзге ұлт өкілдерін жатсынбай, құшақ жая қарсы алған. Бүгін солардың ұрпақтары қазақ халқына алғыс айтып жатыр. Сол кезеңдегі халықтар арасындағы сыйластық, бүгінгі таңда үлкен достыққа айналды.  Тәуелсіз еліміз үшін ауызбіршілік пен келісімнің маңызы зор. Біздің басты байлығымыз — бірлігіміз. Жас ұрпақ аталарымыз, әкелеріміз негізін салған өзара сыйластықты әрі қарай жалғастыруы керек. Бұл күні бізге тәрбие, білім берген ата-анамызға, қиын сәтте қолтығымыздан демеген достарымызға алғыс айтып жатсақ, қандай жарасымды. 

Бүгінгі мереке аясында  өңірде қайырымдылық көмек көрсету бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Былтыр біздің меценаттарымыз әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға  6 миллиард теңгенің, осы ақпан айында ғана 50 миллион теңгенің көмегін көрсетті. Осы ретте игі істерді жүзеге асыруға белсене қатысқан өңір кәсіпкерлері мен кәсіпорын басшыларына үлкен алғыс білдіремін. Біз осындай жобаларды бірлесе жүзеге асыра отырып, ауызбіршілігі мықты екендігінімізді көрсетеміз, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Сондайақ ол өз сөзінде Елбасы алға қойып отырған басты басымдықтарды еске  салды:

— «Нұр Отан» партиясының жуырда өткен съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында бірқатар нақты тапсырмалар берді. Елбасы алға міндет қылып қойған барлық бастамалар мен тапсырмалар, еліміздің әрі қарай дамуына жол ашады. Сондықтан біздер бұл бағыттағы шаруаларды кешенді түрде орындау үшін бар күш-жігерімізді бірлесе салуымыз қажет, — деп атап көрсетті облыс әкімі.  

 Бұдан соң сөз алған «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе филиалының төрағасы Константин Цхай Алғыс айту мерекесінің корей халқы үшін маңыздылығына тоқталып, тарихты ұмытпау керектігін айтты:

— 1937 жылы 400 мыңға жуық кәріс Қиыр Шығыстан күштеп көшірілгенде оның шамамен 120 мыңы Қазақстанға келді. Ақтөбе облысының Қарабұтақ және Новоресей аудандарына  1 156 адам орналастырылды. Климаттық жағдай күрт ауысып, дәстүрлі шаруашылықтан айырылған кәрістер үшін мұнда да қуғын-сүргін жалғасып жатты. 120 адам сотталып, оның 90-ға жуығына жоғары жаза кесілді. Сол кезде қазақ халқы болмағанда біз құрып кетер едік. Отызыншы жылдардағы аштықтан әлі ес жиып үлгермеген қазақ бізді төріне шығарып, аузымызға барын салды.  Атақты диқан,  Социалистік Еңбек Ері Ким Ман Сам өз естеліктерінде былай деп жазды: «Қазақтың жаны мен дастарқаны өзінің даласындай кең». Міне, сол кеңдік бізді аман алып қалды. Біз, кәрістер, мұны ешқашан ұмытпаймыз!

«Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Анастасья Подольянова  қызыл шарбақ алынып, әрбір адам өзінің тарихи Отанына оралуға мүмкіндік туған сәтте бірде-бір ақтөбелік болгардың қоныс аудармағанын, себебі олар үшін әлемде  Ақтөбе облысы Алға ауданындағы Болгарка ауылынан артық жер жоқ екендігін айтты.

 

«Алғыс айту — парызым!» атты мерекелік шара барысында облыстағы барлық 18 этномәдени бірлестік өкілдері өз өнерлерін ортаға салды. Олардың әрқайсысы  түрлі тілде өз Отаны — Қазақстанға Алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ алаңда ұлттық тағамдар жәрмеңке-көрмесі мен азық-түлік жәрмеңкесі өтті.

Дәл осы күні халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына қолдау көрсету аясында этномәдени бірлестік өкілдері мен түрлі саладағы кәсіпкерлер 50 мұқтаж отбасыға азық-түліктер мен керек-жарақтарын апарды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button